Оңтүстiк ендi есiн жияды, егер Ө.Шөкеевтi жылға жеткiзбей тағы да әкетiп қалмаса …

Бүгінгі ел билігінде жүрген танымал тұлғалардың алдыңғы қатарынан табылған, нағыз мемлекетшіл ел перзенті Шөкеев Өмірзақ Естайұлының Түркістан облысына әкім болып келуі өңір жұртшылығын бір серпілткендей етті. Өйткені, туған өңірінің тізгінін ұстауға 2006 жылдың қыркүйек айында келіп, небәрі 11 ай ғана қызмет істеген Өмірзақ Естайұлы облыстың тарихына  қазақтың дара туған перзенті Асанбай Асқаровтан кейінгі ел еңсесін көтеретін өнегелі істерді қолымен қалаған ел арысы екенін көрсетіп үлгерді. Елжандылығы ерен азаматтардың: «Әттең, Ө.Шөкеевтің тағы 1,5-2 жыл жұмыс істеуіне мүмкіндік бергенде, «Техас» атауынан құтылып, республиканың төрт бұрышына «Оңтүстік – ұлтымыздың ұйытқысы» екенін шынайы мойындатар едік-ау», — деп күйінгендерін ел іші ұмыта қойған жоқ.

Бүгінде ел билігінің жоғары эшелонында жүрген саусақпен санауға тұратын тұлғаның біреуінің ішіндегі бірегейі Шөкеев Өмірзақ Естайұлы ешкімнің мадағына да, мақтауына да зәру емес.

Құдірет иесінің берген ерен қабілетінің арқасында 31 жасында ҚР экономика министрі, ал 34 жасында ҚР Премьер- министрінің орынбасары болғанда да «жалпақшешей» жарнамадан аулақ жүріп, небір «көпшік» қоюларға да көз қиығын салмағандығы баршаға аян.

Жастайынан жоғары лауазымды қызметтердің жауапкершілігін көтеріп, өмір мектебінен алған тәжірибесі өзінің мемлекетшілдік болмысымен ұштасып, басшылық жұмысының нәтижелілігін кадрға қатысты деп ұстанғаны болуы керек, Оңтүстікке алғашқы келгенінде оны іс жүзінде көрсетті.

Шөкеев «команда» құрудың шеберi

 Ө.Шөкеев 2006 жылы облыс басшылығы құрамын қалың көптің көңілінен шығарлықтай етіп жасақтады. Облысқа іскерлігімен танылған Тамара Дүйсенованы өзіне орынбасар етіп Астанадағы министрліктен алдырды. Республикаға танымал идеолог Дархан Мыңбайды Түлкібас ауданында әкім болып жүрген жерінен өзіне орынбасарлық қызметке әкелсе, іскерлігімен танылған оңтүстіктің перзенті А.Мамытбековты Астанадан өзіне орынбасар қызметіне шақырды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметіне  В.Дудникті Астанадан шақыртты.

Ең қызығы, өзінің құрылыспен айналысатын орынбасары қызметіне кәсіпкер азаматты алдырғаны болды. Облыс басшысы бірде шымкенттіктердің үлкен үмітпен қарап отырған өндіріс саласының «Оңтүстік» еркін экономикалық аймағындағы құрылыс кешенін көруге барады. Аймақ директоры, жас кәсіпкер А.Жетпісбаевпен болған ашық әңгіме, тартымды ой-пікірлер мен талқылауларға 2-3 сағат уақыт кеткенін өздері де білмей қалады. Араға апта салып Ө.Шөкеев «Оңтүстік» аймағына тағы келеді. Оның жарты күндік жұмысы аймақ директоры А.Жетпісбаевпен бірге осы кешенді құрылыстың басында өтеді. Енді екі күннен кейін А.Жетпісбаевты шақыртып алып, өзіне құрылыс саласы бойынша орынбасарлық қызметке келуді ұсыныс етеді. Бұрын бір жерде кездесіп, бірге шай ішіп көрмеген қазақтың нағыз отаншыл екі перзенті аз уақыттағы терең түсіністіктен кейін бір терінің пұшпағын бірге илеуге көшеді. Б.Жылқышиевтың науқаншылдық  ұранымен басталған «Нұрсәт» шағын ауданының құрылысын жүргізуде орын алған келеңсіздіктерді ретке келтіруде жасаған А.Жетпісбаевтың ерен істері Ө.Шөкеевтың сенімін ақтағандай болды. Ө.Шөкеевтің адам тани білетін, азаматтың еңбегін бағалай білетін басшы екеніне ел-жұрттың көзі жетті.

 Шындықтың  жүзi  жалаңаш  қолмен  ұсталған  кез

Ө.Шөкеев туған жерінің тынысына өркениет көшінің жаңашыл лебін әкелді. Еңсесі көтерілмеген жерлестерінің күйкі тірлігіне намыстанып, жаңаруға шақырғанында «Ой-бай, облыс әкімі бізге «галош» кигізбейтін болды» деп «қынжылдық».

Ал, Ө.Шөкеев бір жылға жеткізбей шырайлы Шымқаланы гүлге орап тастады. Қаладағы берекесіз жұмсалатын қаржының іздеушісі табылып, Шымкент заманына лайық қаланың көркіне енді. Даңғаза шулы дауыстары айналасындағы көп қабатты үйлерді ғана емес, көше бойын алып жататын ресторандар мен кафелердің үні де түнгі сағат 23-тен кейін өшетін болды. Балалардың түнгі ойынханалары жабылып, түнгі клубтардың өзі жайын тауып кетті. Байлығын көрсеткісі келетін дарақылардың қала көшелеріне ретсіз қоятын қымбат «иномаркалары» аз уақытта-ақ жуасып, ел қатарлы тұрып-жүруге көшті. Б.Жылқышиевтың кезінде «қызыл сызықтардың» үстіне бой көтерген бай-бақуаттардың еңселі ғимараттары орнынан көшіріле бастады. Әттең, Ө.Шөкеев кеткен соң, оның дені толық                           аяқталмай қалды.«Қырғы базардың» астыңғы жағына ретсіз салынып, былығып жататын «Самопал» базар да Ө.Шөкеевтің пәрменімен ың-шыңсыз аптаға жетпей орындарына дейін тазалап кетті. «Енді халықтың наразылығы күшті болады. Енді не болар екен?» деп сусылдатқан сәуегейлердің аузына Ө.Шөкеевтің уәжді сөзіне тоқтаған саудагер-кәсіпкерлер су құйып тастағандай етті. Биыл Шымкент қаласы басшысы «Қырғы базардың» сыртында заңсыз пайда болған сауда қатарларын көшіру үшін полицейлерге «қатындарды» күштеп машинаға артқызғанын көргенде жұртшылықтың: «Кешегі Ө.Шөкеев заңғар тау екен ғой. Мына «майдапашақтың» сорақы тірлігі Шымкентті тағы да жаманатты ететін болды-ау» деп күйінгені тектен-тек емес шығар.

Сол кезде Ө.Шөкеевтің бастамашылдығымен шымкенттіктердің ойы түгілі, түсіне кірмеген Опера және балет театрын салу қолға алынады. Облыстың Ж.Шанин атындағы қазақ драма театрына жаңа ғимарат салу белгіленіп, бүгінде ел игілігіне берілген зәулім ғимарат болып тұр.Ө.Шөкеев  уақыт талабымен үндесетін қаншама игі істердің бастамашысы болды. Қаланың Әл-Фараби алаңы жанынан түсетін облыс әкімдігінің жаңа ғимараты мен іскерлік орталықтың алаңына айналатын көпқабатты 5 зәулім ғимарат салуды және Қ.Мұңайтпасов стадионы аумағында қазіргі  заман талабымен үндесетін 9 қабатты бірнеше үй салуды көрегенділікпен межелесе, өзі Астанаға шұғыл қайта шақыртылып, орнына  өзін «жарты патшаға» балайтын жерлесі келді де, Шымкентті көркейтудің игі жобалары жайына қалды. Әсіресе, облыс әкімдігі ғимаратын салуды құрылысқа жайсыз жерге апарып, сол құрылыстың орнын дайындаудың өзіне миллиардқа жуық бюджет қаржысын жұмсауды солақай басшылықтың келеңсіздігі деп қалай айтпайсың? Ө.Шөкеев бүкіл еліміздің жұртшылығына іскерлігімен танылған нағыз отаншыл тұлғаның бірі болғандығынан шығар, күні кеше Үкімет отставкаға кеткенінде еліміздің қалың жұртшылығы «ел Үкіметінің тізгінін Өмірзақ Шөкеев ұстайды» деген ой-болжамдарын тоқтатпай бөліскені.

Шөкеев Түркістанды әлі-ақ түрлендіреді

Оңтүстіктің Түркістан облысы аталып, орталығын киелі Түркістан қаласына көшірудің басталғанына да оншақты айдың жүзі болып қалыпты. Облыс әкімі Ж.Түймебаевтың науқаншылдыққа бейімдігінің әсері ме, әйтеуір осыдан 7 ай бұрын облыстың 2000-нан астам қызметкері көш басын Түркістанға түзеп, Түркістан мен Кентау қаласына барып жайғаса бастады. Облыс орталығы құрылысына алаңдаған Астана да ел Үкіметі басшысының бірінші орынбасары А.Маминді Түркістанға бірнеше рет жіберумен болды. Құрылыс жұмыстары басталғанымен, оны жүргізуге тиісті құжаттарды заңдастыруда немқұрайдылықтың бары, жауапсыздықтың орын алғаны ел аузында әлсін-әлсін айтылумен жүрді. Облыстың эксәкімі Ж.Түймебаевтың жылы орнын қозғауына бұл ғана емес, шағын бір мемлекеттен кем емес «саяси ойыны» бар өңірді ұршықша иіруге шамасының жетпегендігінің де әсері болса керек, әсте.

Кезінде облысты уысымда ұстадым деген «жарты патшаның» өзі кадр резервін жасауды республикаға үлгі етіп ұсынып, облыста 3 ауысымда оқитын мектептің жоқтығын алаулатып жарнамалап, жерді түгелдетіп жатқанын ұрандатып, бір өзі облыстағы 900 ауылды көзімен көріп, оның проблемасын жіпке тізгендей етіп шетінен шешетінін құрғақ сөзбен қуып шыққанынан түңілген жұрт оның тек атаққұмарлығын танып үлгерді. Келе-келе «ақсақал-сымақтарымыздың» өзі қалың елдің алдында оның көзін бақырайтып қойып: «Сен сияқты басшы бұл облыстың тарихында болған емес» деп көлгірсуге дейін барды. Еліміздің еш жерінде «жарты патшаға» жасалғандай жарнама болған да емес шығар. Сөйтіп, заманның заңғар саясаткері, көреген Ұлт көшбасшысының сарабдал саясатын өміршең етудің іс-қимылын жасаудың еліміздегі ел игілігі үшін жасалған керемет бағдарламаларды баянды етудің міндеттерін сөз етудің орнына, облыс басшысының атына мадақ айту дәстүрге айналып, облыс тынысының шынайы көрінісінен алыстап кеттік.

Ж.Түймебаев облысқа біздің ес жиып, еңсе көтерудің қауырт қимылымен жүргенімізде емес, қарынның тоқтығына, көйлектің көктігіне мәз болып, бірімізді біріміз «сындырып» қалудың дарақы тірлігіне көшкен кезде келді. Жаратылысынан зиялы, ақжарма көңіл иесі Жансейіт Қансейтұлы жерлестерін өзінің бала кезіндегідей деп біліп, Ақша өзгерткен «ішкі есептің» болмысын аңғара да алмады. Соңғы 10-15 жылда елге де, жерге де иелік етуге басие болатын деген ақсақалдарымызды «дежур­ный жарапазаншыларға» айнал­дырып қойған болсақ, соның зарда­бын тартқан басшының бірі Ж.Түймебаев болды десек қателеспейтін шығармыз. Есігін еркін ашып кіретін «кеңесшілері» шындықты шыжғырып бетке айтуға шамасы келмейтін, жеке басы мүдделерінен басқаны білмейтін қалың көптің қамын ойлауды ұмыт қалдырған «данышпандар» болған соң, не үміт, не қайыр? Ж.Түймебаев осындай «топтың» ортасына кіріп кеттік десек, қателеспейтін шығармыз. Көптің көзі – көреген. Ел аузында: «Ж.Түймебаевтың «ақылман көкелерінің» айтуымен шығар, оң жағына облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Ө.Мелдехановты, сол жағына облыстық мәслихаттың хатшысы Қ.Балабиевті тура бір АП инспекторы, болмаса Үкімет мүшесін­дей ертіп жүретінін қалай түсінеміз?» дегендері босқа айтылып жүргені ме? Ө.Мелдеханов қарапайым  халықтың қамы үшін өзекті де, өткір мәселені көтеріп, оны шешуде нәтижелі жұмыс істесе, мұндай пікірлер айтылмас па еді? Оның есесіне «өз кадрларын» көтеруде барын салатындығына бір-ақ мысалды келтіре кету жөн сияқты. Ө.Мелдеханов Шымкент қалалық «Нұр Отан» партиясы филиалында қарамағында істеген Б.Нарбекованы қала әкімі Д.Сатыбалдының «жанын қинап» жүріп Қаратау ауданының «замакимы» етсе, Ж.Түймебаевтың кезінде облыстық отбасы және жастар басқармасының басшысы етіп қойғызуға қолын оп-оңай жеткізді дегенді ел іші неге айтады? Лауазымдық басшылық қызметті атқару барысында жасқа тән жалыны байқалып, басшыға тән биік болмысы мен терең сауаттылығы көрініс беріп тұрса, қазақ қызына қатысты сыни пікір білдірудің өз артық емес пе?

Облыстық қоғамдық кеңесті Ө.Мелдехановтың өзінің жекемен­шік «фирмасындай» көретініне жұртшылық дәйекті дәлелдерді аз айтып жүр ме? Басқасын қойған­да, лауазымдық қызметтерде жүріп қаншама келеңсіздіктердің орын алуына немқұрайдылық көрсетіп, облыстың атына кір келтіретін сорақылықтың басында жүрген бұрынғы Болат Әлиевті енді кімнің облыстық қоғамдық кеңестің құрамында көргісі келе қалыпты? Оны осы мәселені шешуде үлкен мүдделілік көрсеткен Ө.Мелдехановтан сұрау керек шығар, әсте? Ол аз болса, қоғамдық белсенділік көрсетуде үні естілмеген кәсіпкер, «Мұрат-дантистің» қожайынын қоғамдық кеңестен көруге кім құмбыл бола қалды екен? Мұны да Ө.Мелдехановтан сұрасақ, онда бұл кеңес дос-жаран, ағайынтуыстың жиналатын жері болып қалмай ма?

Облыстың екі басшысының біріне саналатын облыстық мәслихаттың хатшысы Қ.Балабиевтің де облысты өрге сүйреуде Ж.Түймебаевтың тірлігіне демеу, өзіне сүйеу болған іс-қимылына сүйсінгендерді қайдам, облыстың бас газетінде Түймебаев туралы одажырын жариялап, жұртшылықты таңқалдырғанын білеміз. Мемлекет халықтың әлеуметтік- тұрмыстық жағдайын жақсартуға барынша қолдау көрсетіп жатса, соны төкпей-шашпай ел ішіне жеткізуде халық қалаулылары–депутаттардың алар орны ерекше болса, соған көшбасшылық жасауды Қ.Балабиев уақыт талабына сай үйлестіріп отыр деп айта аламыз ба? Облысқа қосқан ең үлкен үлесі – 7 айда 72 адамға «Облыстың Құрметті азаматы» атағын таратуға атсалысқаны болса керек.

Облыс әкімінің қат-қабат тірлігінде ел ақсақалы ретінде бой көрсетуге тиісті облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Мәуленқұлов болса, «сұлу торы аттай» болып жүруден мызғыған емес. Оған ел «проблемасынан» гөрі басшылардың жанында жүру тиімділігі керек сияқты.

Кадрдың қадiрi кеткен заман да өттi-ау!

 Облыста лауазымдық басшылық қызметтің орнын бос қою айлар түгілі бірнеше  жылдараға жететін күндерді де өткіздік. Тура бір 3 млн. халқы бар өңірден ел-жұртына адал қызмет істейтін азаматтарымыз көшіп кеткендей.Теріскей мен Мырзашөлдің, таулы аймақ пен Қызылқұмның ерекшеліктерін екшеп алуға  қиналатын жағдайдағылар бірінен соң бірі облыс әкімі орынбасары «креслосына» қонақтап кетумен  жүрді.

Екі жылдай бос тұрған облыстық мәдениет басқармасының басшысы қызметіне сырттан алдырылған азамат қай пұшпаққа шығара қояды екен? Облысты былай қойғанда, аудандарының театрлары мен эстрада ансамбльдері күні кеше Мәскеуді тамсандырған өңірге келген адам не үйрете қояды? Әлде тәжірибе алып кетуге келді ме? «Қамқоршы көкесінің» арқасында «по шымкентский вариантпен» облыстық отбасы және жастар басқармасы басшысы «креслосына» қонжиған өз қызымыздың да қарық қылып жатқаны шамалы болып тұрған жоқ па? Малшылары еңбекқор, диқандары кәсіби біліктілігін жетілдірген өңірдің ауыл шаруашылығы саласының тізгінін ұстаған «балапан» бастықтың жұмысты дөңгелетіп кететініне күмәнмен  қараушылар да аз болып  тұрған жоқ.

«Тоғыз ай толғатумен» алдырылған облыстық білім басқармасы басшысының қызметі барша жұрттың үлкен-кішісінің көз алдында жүретін болса, оның жұмысын жүйеге түсіруде қарқынды іс-қимылға көшкенін көргендер бар ма, өзі? Бүгінде біздің облыста аудандық білім бөлімінің басшылары өз алдына жеке бір «компания» ашып алғандай болып жүргенін екінің бірі айта алады. Аудандық білім бөлімі басшысынан бастап, қаншама мектептің директорлары сотталып жатқанының өзінде айылымызды жияр емеспіз.

Өңір тынысында басиесіздіктің орын ала бастағанына төзгісіздік танытып, шынайы жанашырлықпен шырылдағандардың үніне облыс басшылығынан сергектік көрсетілмеген соң, жұртшылықтың  ортақ мақсатты қойып, әркім өз арбасын сүйреуге көшетінін түсінбеуі өкінішті-ақ еді.

Ал, ауданы бар, ауылы бар әкім­қаралардың корпусына қатысты ортаға салар ой да, айтылар әңгіме де жетерлік болғандықтан, сол өзекті мәселе бойынша сараптамалық материал жариялауды газетіміздің келесі санына қалдыруды жөн көрдік.

 Рухани жаңғыру – елдiң есiн жиғызу емес, тойға айналды

 Оңтүстікте рухани жаңғырудың кезек күттірмес өзекті мәселесі шеш етектен болатын. Амал не, Ж.Түймебаевтың есігін еркін ашатын, өздерін облыс идеологиясының «атасына» есептейтін, шаршаса да әкімқаралардың атына мадақ айтумен «попугайға» айналған «көкелердің» ықпалы ма, әйтеуір рухани жаңғырудың «атан түйе көтере алмас» міндеті той тойлаудың науқаншылдығына ұласып кете берді.

Адамдарда рухани азғындықтан бел ала бастағанына ешкім де шек келтірмесе керек. Оқушы қыздың партада екіқабат болуы, жезөкшеліктің ашық көрініс бере бастағаны, азаматтық неке деген сорақылықтың өмірге келуі, отбасылық ажырасулардың бел алып кеткені, нәзік жандылар жасайтын алаяқтық көбейіп, ұлтымызда болмаған әйелдің сотталуының шыңына шығып бара жатқаны, қатыгездік пен ұрлық-қарлықтың күшейіп кеткені елдің еңсесін түсіріп жіберді.

Ұлттық құндылығымызды қайта тірілтіп, Көкбөрінің бүгінгі ұрпағының намысын оятудан гөрі, той төрінде жүруді мұрат еткендер рухани жаңғырудың нақты істерін қойып, «показухаға» жол берді.

Елбасының алға қойған басты мақсатын тереңнен түсіне білген Түркістан қаласындағы облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы, елге танымал ардақты ардагер Ж.Әзіретбергенов бастаған  ақсақалдар рухани жаңғыруды шынайы баянды етуге бел шешіп кірісті. Игілікті істің оң нәтиже бере бастағанына сүйсінген халық оны қызу қолдай бастады. Ел ішіндегі беталдылыққа кеткен бейберекеттік ретке келе бастады. Іштерінде не барын қайдам, «көкелердің» ықпалы ма, әйтеуір Түркістаннан бастау алған өңірдегі рухани жаңғырудың нақты істері облыс басшылығы тарапынан қолдау таппады. Халқының шын жанашыры, қазыналы ақсақалы Ж.Әзіретбергенов облыс әкімі қабылдауына арнайы жазылса да, кіре алмады. Ал бұл кезде «дежурный данышпандар» бастаған жұртшылық қызғалдақ теруге шығуды, тауды тамашалап, қауын жинауды рухани жаңғырудың тірлігіне балап, той салтанат­тарымен әуре болып кетті.

(Жалғасы бар)

Әділ . 

Мұратбеков. 

«Қазақстан жолы» газеті №09 (735) 06.03.2019 жыл 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.