Жақсылыққа – жамандық…

* Оқырман хаты

Қала ішінде жүргенде кеуделеріне қағаз іліп алып, «көмектесіңдер, үйімде нан жоқ» немесе «ота жасатуға ақша керек» деп алақан жайып жүргендерді көп көрем. Түсінем, мүмкін, расында да біреулер қатты қиналып жүрген болар, ондай жандарға көмек қолын созған дұрыс та шығар. Бірақ, өмірімде орын алған бір оқиғадан кейін ондайларға мойын бұрып та қарамайтын болдым…

 2004 жылы күзде мен өзім сүйген, сенген жалғыз адамым — Ерболатқа тұрмысқа шықтым. Біз институттың бірінші курсында танысқан болатынбыз,

ал соңғы курста отау көтердік. Тойдан кейін бірден менің үйіме көшіп бардық. Себебі, мен үйдің жалғызы едім, ал әкем қайтыс болған. Апамды жалғыз тастап кете алмаймын ғой. Үйдің іші кең, барлық жағдай жасалған. Бірақ, Ерболат онда өзін біртүрлі жайсыз сезінетін сияқты. Жоқ, апамның бұған ешқандай қатысы жоқ. Керісінше, ол: «Бұрын жалғыз қызым бар еді, енді ұлым бар», — деп қуанып жүр. Бірақ, Ерболат, неге екенін білмеймін, мұнда тұрғысы келмеді. Апам да түсініп, «Күйеуіңнің айтқанын істе, мен өлмеспін», — деген соң, тойдан түскен ақшаға тағы біраз ақша жинап қосып, бір бөлмелі пәтер сатып алмақ болдық.

Осы аралықта Ерболаттың басқа қалада тұратын ағасы әйел, баласымен бәрі көлік апатына түсіп, қайтыс болды да, артындағы үйі менің күйеуіме қалды. Ерболат әлгі үйді сатып, өз қаламыздан жақсы бір үй сатып алмақ болды. Осы оймен біз сатылатын үйлерді қарай бастағанбыз.

Бір күні үйге келген көрші Есенкүл апа жылап отырып, қызының қатты науқас екенін айтты. Мен оның қызы Шолпанды жақсы танитынмын. Жасы, ұмытпасам, 16-да болуы керек. Сол қыз аққан ауруына шалдығыпты. Аяқтан тұрып кетуі үшін оған Израильде қымбат ота жасату керек көрінеді. Соған ақша таба алмай жатыр екен.

Мұны естігенде менің жаным шыдамай, Ерболатты үйді сатудан түскен ақшаны сол қызға берейік деп үгіттей бастадым. Біздің тұратын үйіміз бар, деніміз сау. Ал ол қыз өліп кетуі мүмкін. Алғашқыда Ерболат біраз ренжіп жүргенімен, оның да жүрегі тастан емес қой, ақшаны беруге келісті. Сондағы Есенкүл апаның қуанғанын көрсеңіз. Әрине, біреу бірден 50 мың долларды қолыңа әкеліп ұстатып тұрса, қалай қуанбассың?

Сонымен, олар бірден Израильге ұшып кетті. Сонда 5 айдай болып, қайтып келгенін басқа көршілерден есіттік. Сөйтсек, олар келген соң, көршілердің бәрін шақырып, қызының өмірге қайта келгенін «жуыпты». Бірақ, неге екенін, бізді не апамды шақырмаған. Біз, әрине, аздап ренжіп қалдық. Бірақ, апам: «Қызым, көңіліңе алма. Ең бастысы, бір адамның өмірін құтқарып қалдың. Бұл өмірде ештеңе қайтарымсыз болмайды. Саған да бір күні бір қиналғаныңда қол ұшын созатын адам табылады. Уайымдама», — деп жұбатты. Мен де айтқанына келісіп, бұл жағдайды ұмытып та кеттім.

Жарты жылдан кейін апам қайтыс болды. Қырқын беріп жатқанымызда Есенкүл апаны байқап қалдым. (Осы уақыт ішінде ол үйімізге бір бас сұққан емес). Амандасып тұрып, қызының жағдайын сұрадым. Үндемеді. Кейін көршілерден естідім, Шолпан мектеп бітірген соң оқуға түсе алмай, жеңіл жүріске салынып кетіпті…

Көп өтпей ол қыз бір бай шалды тауып алып, соған тұрмысқа шықты. Тойға әйтеуір бізді ұмытпай шақырыпты. Бірақ, той үстінде Шолпанның: «Мені өлімнен құтқарып қалған екінші әкем осы кісі», — деп нағашы ағасының бетінен сүйіп жатқанын көргенде, жүрегім шым ете қалды. Ал сонда біз ше? Біздің жәрдеміміз қайда қалды?

Уақыты келгенде мен босанып, ұл баланы дүниеге әкелдім. Бақытымызда шек жоқ еді. Ұлым екі жасқа толғанда, Ерболат шатырды жөндеп жатып құлап, омыртқасын сындырды. Дәрігерлер жарты жыл ішінде ота жасатпаса,

күйеуімнің өлетінін айтты. Бағасы да аз емес. Мен қолымдағының бәрін саттым, бірақ, ол дәрі-дәрмектен артылмады. Мен көмек сұрап барған бұрынғы таныстардың бәрі теріс айналып кетті. Бір қайырымдылық қорына барсам, «Біз сізге ақша бере алмаймыз, ал сіз басқа науқасқа көмектесе аласыз», — дейді…

Уақыт өтіп бара жатты, ал ақша жоқ. Болмаған соң, қазір бақуат тұратын Шолпанға бардым. Барғым келмеген, бірақ, күйеуім үшін, амал жоқ… Содан жағдайымды айтып, жылап тұрсам, ол менің бетіме қарап күледі. Мен шыдай алмай: «Мен сенен біржола емес, қарызға сұрап тұрмын, кейін қайтарып беремін. Біз сенің өміріңді құтқарып едік қой, енді сен де көмектес», — дедім. Ал ол: «Сен қандай көмекті айтып тұрсың? Егер нағашы ағам болмағанда, мен баяғыда өліп қалар едім. Ал сендер ақшаларың бола тұра көмектеспедіңдер», — дейді. «Біз сенің шешеңе 50 мың долларды санап тұрып бердік қой. Бұл қай сөзің?» — деймін. Сөйтсем: «Өтірік айтпа. Оны нағашы ағам алып келді. Тіпті сендер берген күнде де мен қайтаруға міндетті емеспін. Артық ақшаларың болды, бердіңдер. Сол кезде қарызға беріп жатырмын деп қолхат алып қалған жоқсыңдар ғой. Ал енді үйімнен кет», — деп есігін тарс еткізіп жауып алды.

Бір аптадан кейін Есенкүл апаны кездестірдім. «Неге көңілсізсің?» — дейді. Расында, неге секіріп күліп, ойнамаймын? Күйеуім ажал аузында жатыр, онда тұрған не бар екен? Ең бастысы, көршілерім шетелге барып, жақсы демалып келіпті. Бұдан маңызды не бар? Есенкүл апаның аузын жаппай, мақтанғанына қарап, тұмсығынан періп жібергім келді. Бірақ… бұрылып кеттім…

Осылай мен 2 жасар баламмен жесір қалдым. Ерболат 7 ай жатып, көз жұмды. Оған ақыры ешкім көмектесе алмады. Ал Есенкүл апа мен оның қызын құдай жазалар дейсіз бе? Жазаламайды. Соңғы 5 жылда олар даңғарадай үй салып алды. Осы жылдар ішінде Шолпан үш рет түсік жасатты. Ал балалы болғысы келгенде шекесі торсықтай ұл туып алды. Бір жылдан кейін тағы бір қызы дүниеге келді! Оның жағдайы жақсы, осы ауылдың ханымы. Ал мен жарымды күнде жоқтап, тапқанымды жалғыз ұлыма жамап, ілдебайлап өмір сүріп жатырмын. Осыдан кейін мені ақтайсыздар ма, даттайсыздар ма, өз еріктеріңіз…

Самал,

Тараз қаласы.

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.