Эдгар Кейси – «ұйқыдағы пайғамбар»

XX ғасырдағы атағы Болгариялық Вангадан кем түспеген көрнекті көріпкелдердің бірі – АҚШ-тың Кентукки штатынан шыққан Эдгар Кейси. Өзінің сәуегейлік болжамдарын ұйқыға ұқсас жағдайда жатып айтатын болғандықтан, «Ұйқыдағы пайғамбар» атанып кеткен Кейсидің 26 мыңнан астам болжамы орындалған деседі…

Ешқандай медициналық білімі болмаса да, диагнозын дәл қойып, айықпас дертке шалдыққан қаншама адамды емдеп шығарған ол ерекше емшілігімен қоса жекелеген адамдардың ғана емес, тұтатстай мемлекеттердің де тағдырын болжаған көріпкелдігімен де тарихта қалды. Бүгінде оның айтқандарының көбі айна-қатесіз орындалуда…

Эдгар Кейси 1977 жылы қарапайым фермердің отбасында дүниеге келген. Бала күнінен ешкіммен араласпай, томаға-тұйық өскен оның табиғатпен ерекше байланысы бары байқалатын. Көбіне даланы жалғыз кезіп, өз-өзімен сөйлесіп жүргендей көрінетін баланы жынды атағандар да болмай қалмады…

Эдгар 4 жасқа толғанда оның бәрінен жақсы көретін атасы Томас Кейси өмірден озады. Бұл қайғылы жағдай Эдгарды жүйкесіне ауыр соққы болады. Сондықтан, ол түнде де, күндіз де жалғыз қалғанда атасын көріп, жиі сөйлесетінін айтқанда, оған бәрі жанашырлықпен қарауға тырысады…

21 жасқа толғанда, Эдгардың тамақ ауруы асқынып, даусы мүлдем шықпай қалады. Өкінішке орай, дәрігергер оған ешқандай көмек көрсете алмайды.

Сол уақыттарда Эдгардың туып-өскен Кентукки штатына адамдарды тұп-тура сахнада тұрып емдейтіндігімен танымал болған әйгілі гипнозшы келеді. Соңғы үмітін үкілеп келген Эдгарға әлгі гипнозшы бірнеше емдеу сеансын жүргізеді. Сондай сеанстарының бірінде Эдгар ұйықтап жатып кенеттен өз сырқатының себебі мен оны емдеуге көмектесетін дәрі рецептілерін айтады. Оянғанда өзінің есінде ештеңе қалмайды, бірақ ата-анасы керек болар деп оның айтқандарын жазып алған екен. Осы емді қолданып көргенде, Эдгар сырқатынан толық айығып шыға келеді!

Бұл жағдай гипнозшының өзін де қатты таңқалдырады. Өзі де сырқат болғандықтан, ол Эдгарды тағы да гипнозбен ұйықтатып, өз сырқатының себебі мен емін сұрайды. Эдгардың ұйқыдағы кеңестері оған да көмектеседі…

Осылайша жас көріпкел-емшінің атағы алысқа кетіп, одан көмек сұрап келушілер көбейеді. Бірақ, Кейси бас тартып бағады. «Мен түсімде сөйлейді екенмін деп адамдарды емдей алмаймын. Себебі, ұйықтап жатып менің не айтарымды Құдай білсін. Біреуге зияным тиіп кетуім де мүмкін ғой», — дейді ол. Бірақ, науқастардың бар жауапкершілікті өз мойнына алуы мен туыстарының кеу-кеулеуімен ол келіседі.

Алайда Кейси екі шарт қояды: біріншіден, оның емдік сеанстарына дәрігерлердің бірі қатысып отыруы керек, ал екіншіден, мүлде ақысыз жұмыс істейтін болады. Бұл адамдардың өзін пайда көздеп заңсыз емшілікпен айналысты деген айыптауынан құтылу үшін жасалған еді.

Осылайша, 1912 жылдан бастап 1945 жылы өмірден өткенге дейін ол өзін-өзі гипноздау жолымен 30 мыңнан астам болжам жасап, кеңестер береді. Кейін келе ол сырқаттың себебін анықтау үшін науқастың қатысуының қажеті жоқ екенін түсінеді. Жанында тек оның бір заты болса не атын атаса жеткілікті. Сондықтан, оған әлемнің әр түкпірінен көмек сұраған хаттар келіп жатады.

Айта кету керек, Кейсидің медициналық білімі жоқ еді және өзге тілдерді мүлде білмейтін. Ол күнделікті ақысыз емшілікке жұмсайтын екі сағатынан басқа уақытында фотографтық жұмысымен нан табатын. Соған қарамастан, ол ем тағайындау кезінде аса күрделі терминдерді пайдаланып, өте дәл және нәтижелі ем жүргізеді. Тағы бір таңқаларлығы, «ұйқы» кезінде ол кез-келген тілдегі хаттардың мазмұнын түсініп, қажетті кеңестерін береді. Мұны көрген дәрігерлер Кейсиді шын мәнінде өте білімді адам, ал білмейтін адамның қалпын танытуы жай жарнамалық қадамы деп есептейді…

(Жалғасы бар).

Дайындаған К.ТІЛЕПОВА.

 

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.