Түркiстандағы рухани жаңғыру сиырқұйымшақтанса, бiзден не қайыр?

Түркістандағы «Рухани жаңғырудың» игі істері оңтүстіктің абыройы емес пе еді? Қазақтың дара тұлғалы перзенті, көреген саясаткер Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы дәл қазіргі кезеңдегі қазақтың ұлттық болмысын сақтап қалудың өзектілігін көрсеткен құнды дүние еді. Ұлттық құндылығымызды сақтап қалуды ұстануымен «Оңтүстік – ұлтымыздың ұйытқысы» деген абыройға жеткізген өңірдің нағыз елжанды перзенттері Елбасының берген бағыт-бағдарын өміршең етуді қолға ала бастады.

Ел Тәуелсіздігінен кейін қасиетті қазақ жеріне батыстың «былғанышты» демократиясының еркін енуіне мүмкіндік туып, ұлтымыздың рухани азғындыққа ұшырағанына намыстанып, «Жанайғайын» салған қазақтың адалынан туған перзенттері аз болған жоқ. Амал не, «жауырды жаба тоқудан» құтыла алмай келеміз.

Облыста «Рухани жаңғыру Түркістанның төрінен басталғандай» болғанын газетіміздің 09.06.2018 ж. №21 және 16.06.2018 ж. №22 сандарында дәл осы тақырыпта көлемді мақала жарияладық. Көрген жұрт, есіткен ел сүйсінерлік игі істер Түркістан аумағында баяндылық тауып жатқанымен, оны іліп әкетіп, үлгі-өнеге етіп тарататын жергілікті атқарушы органның «шенді-шекпенділері» болмады. Оларға көзбояушылық тірліктер тиімді болып тұр.

Неге «ақты – ақ, қараны – қара» деп айта алмаймыз?

Республикаға үлгі-өнеге етіп көрсете алатын жарқын істерге біздің жергілікті билік органы тарапынан қолдау болмады. Бірақ, түркістандық нағыз отаншыл бауырларымыз өздерінің игі бастамаларын аяқсыз қалдырмай, оны күні бүгінге дейін жүргізіп келеді. Және оны Өзбекстандағыдай өмір тынысының ұстанымы етуге бел байлағандары да хақ.

Тіпті, Түркістан қаласы облыс орталығы болғаннан кейін, бұл ізгіліктің жолындағы игі істерді одан әрі жанданды деуге болады.

Біз барымызды базарлап, ел-жұртымыздың абыройын асқақтатуға да жоқпыз. Небір сорақылықтарды тоқтатуға, шындықты шыжғырып басып күресуге де дәрменсізбіз. Түркістанның төрінен басталған рухани жаңғырудың керемет істері іске аса бастағанына бір жылдың жүзі болса да, атқарушы билік органы оны қалың көпке жеткізуде әлі саусағына-саусағын тигізіп көрмепті. Тіпті, бір тақырыптық «ролик» түсіруді де қаперіне алмаған. Сюжеттік хабар шығару ескерілмеген болса, ал оның есесін ішкі саясат, жастар басқармалары жүздеген миллион мемлекет қаржысын қоғамдық бірлестіктер, т.б. арқылы суша шашып жатқанын қаперіне алар емес. Дүниеде барыңның қадірсіз болғанынан өткен қорлық жоқ шығар.

Кезінде Елбасы қазақтың ақсақалдар институтын айрықша атап өтіп, оны жандандыруға айқын бағыт беріп еді. Елбасының сенімін ақтаған игі істер Түркістанда іс жүзінде көрініп жатқанымен, облыстағы тиісті органдар бұл салаға көз салуға кібіртіктей берді. Облыстың №1 Ақ үйіне еркін кіретін идеология саласының жеке бас қамын ойлаумен жүрген кешегі «партократтардың» «саяси ойыны» ма, әлде жарқ етіп қолға алынған жаңғырудың «географиясы» ұнамай қалды ма, әйтеуір облыста басталған игі іс бір жылдан бері бүркемеленумен келеді. Облыстағы аға буынды қолына шоғырландырған облыстық ардагерлер кеңесі мен оның аудандағы филиалдары да өздері сияқты қоғамдық бірлестік, облыстық ақсақалдар алқасымен әріптестік байланысты күшейтіп, бірлесе іс-қимыл жасауға құмбыл емес сияқты.

Көптiң көзi – көреген. Ардагерлер кеңесi не тындырып жүр?

Қазақ бір істі бастағысы келсе де, тіпті жолға шығарының өзінде ақсақалының алдынан өтеді. Басына іс түсіп қиналса да, тіпті айыпты іс жасап қойғанның өзінде ақсақалының алдына барады. Алты жарым мың жылдан астам тарихы бар қазақтың бүкіл тыныс-тіршілігі ақсақалдарсыз өтпеген. Демек, ақсақалдардың да өмір тынысы халқының ортасында өтетін болғаны. Адамзат қоғамы өзгерістерге ұшырап жатқанымен, қайсыбір ұлттың болмысы өзінің тегін сақтайды, тек жойылып кетпесе.

Біз билік пен халықтың арасы ондай да мұндай деп жатқанда, сол халықтың өзінің аға буын – ақсақалдарымен арасының қандай екенін ойланып көрдік пе? Өскелең ұрпақтың қалыптасуына, оның болашағына ең бірінші жауапты – аға буын ақсақалдар екенін сезініп, өз міндетімізді атқарудың жайын ойлағанда қабырғамыз қайыса ма?

Ел-жұртымыз үшін сын сағаты келгенде, сол жерден табылып, халқымыздың ортасында боламыз ба?

Осыдан біршама уақыт бұрын Маятас ауылында болған қазақ-күрд арасындағы дау-жанжалда облыстық ардагерлер кеңесінің бір мүшесін де көре алмадық қой. Облыс әкімі қатысатын жиындарда оның қасынан табыла кететін облыстың ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Мәуленқұлов бір сағат «алтын уақытын» бөліп, оларды сабырға шақырған бір-екі ауыз жылы сөзін айтып кетсе болмайтын ба еді? Елжанды азаматтардан кенде емеспіз. Танымал қоғам белсендісі, «Қызыл жұлдыз» орденді Ауғанстан ардагері Мұхтар Мұхамеджан бірнеше күн Маятастан шықпай, жар құлағы жастыққа тимей жүргенде аға буын ардагерлердің «інге кіріп» кеткені өкінішті-ақ болды.

Сарыағашта кісі өлімі болған қазақ-тәжік жастарының үлкен дау-дамайында қызынған көпті сабырға шақыратын облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы түгілі, кеңестің бір мүшесін көре алмады ғой қалың ел. Ұлттық намысты ұстап, жер түбі Маңғыстаудан қызуқанды жастар келгенде, мынау тұрған Шымкенттен облыстық ардагерлер кеңесінің бір мүшесінің жете алмағаны ма?

Өзімізді қойғанда, өзге облыстан келген жастар тарамай, жұртшылықты алаңдатқанда көрнекті дін қайраткері Сман қажының үш күн тізе бүкпей қалың елдің ортасында жүргенін барша жұртшылық көрді. Ел тыныштығын, халық ынтымақ-бірлігін ойлаған шын ел жанашырлары осындай кісілікті тірлікті атқара алса керек. Облыстық кеңестің мүшелері емес, қиындықта ел ортасынан табылған Құркелестік ауыл ақсақалдары сондағы ел-жұрттың ілтипатына бөленді.

Мақтаарал ауданында орын алған қазақ-тәжік жастары арасында болған кикілжіңде де облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері бой көрсетуге жарамады. Сонда бұл ел аузына қарап отырған облыстық ардагерлер кеңесінің ел ішінің тынысына қатысы жоқ бір «особо важное» іспен айналысатын болғаны ма? Әлде төраға Ж.Мәуленқұлов облыстық ардагерлер кеңесін облыс әкімдігінің бір басқармасы немесе бір бөлімі деп есептеп жүр ме?

Кешегі кеңестік кезеңде құрылып, оны қолдап жіберуге мемлекеттің жасаған қамқорлығынан үрдіс болып қалған «масыл» болу қашанға дейін жалғаса бермек, бізде? Қазір ел үшін жұмыс істеп жатқан қоғамдық бірлестіктер жетерлік. Ардагерлер кеңесі соның бірі. Солай бола тұра, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Мәуленқұловқа айына қомақты жалақы төлеу, кеңсе қызметкерлеріне мемлекет есебінен жағдай жасау қандай қажеттіліктен туындағаны түсініксіз-ақ.

Облыстың кемел ойлы төл перзенті, облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы ұлы бабаларымыздың жолын жалғастыруды мойнына алған облыстық ақсақалдар алқасы мен облыстық ардагерлер кеңесінің халыққа қалтқысыз қызмет көрсету мүмкіндіктерін саралай отырып, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» ортақ мақсат жолында тиімді жұмыс істеудің шешімін көрсете алады деген ойдамыз.

 «Жүйнектiк жүйе» қайдан шықты?

Бұл жөнінде кезінде Жүйнек ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы, Қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі Фархад Абдуллаев айтып бергені бар еді. Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының маңызы жайлы тебірене сөйлеген ақсақал: «Қазіргі таңда қаламызда, жалпы қоғамда көптеген өзгерістер болып жатыр. Әлемдік жаһандану біздің момын да жуас, ынтымақ-бірлікті ту еткен халқымызға қаупін де тигізбей отырған жоқ. Бір ауыл әкімінің бүкіл ауылды ұршықша игеруі де қиын. Содан келіп халық пен билік ортасында алшақтық пайда болуда. Халық өз бетінше арбасын сүйреп кеткен. Ауылдағы беталдылық пен бейберекетсіздікті көріп тұрып, шыдай алмай Жарылқасын Әзіретбергенов пен Әскер Абдикадиров бастаған ағаларымызбен ақылдаса келіп, баршамыз бір кісідей болып рухани жаңғырудың жолындағы нақты істерді қолға алуға кірістік»,-деп «Жүйнектік жүйенің» қыр-сырын ашып берген еді.

Жүйнек ауылдық округінде оң мыңға жуық халық бар. Жүйнек, Шекербұлақ, Шыпан ауылдары аумағын 17 учаскеге бөліп, әрқайсысына 100-110 үйден біріктірген. Онда ауыл ағалары басқаратын 5 мүшесі бар топ құрылса, оның құрамына ауылдық ақсақалдар алқасының бір мүшесі, жастар өкілі, әйелдер кеңесі өкілі, мектептің бір мұғалімі, ауыл әкімдігінің бір қызметкері кіреді және оның кеңесіне учаскелік полиция өкілі қатысады. Әр топта өз учаскесінің тұрғындарының әлеуметтік жағдайы туралы толық мәлімет жинақталады. Тіпті, үй шаруашылығы туралы, яғни мал басы, үйіргелік жер көлемі, бау-бақшаның жеміс ағаштары санына дейін мәлімет жинақталып, әр отбасының тұрмыстық жағдайы назарда ұсталады.

Ең бастысы – ақсақалдар алқасы басқаратын топ өз учаскесіндегі көтерілген мәселені өздері шешеді. Әр учаскенің қамқоршысы да, қорғаушысы да, жазалаушы органы да өздері. Учаскесінің тұрғыны жапа көрсе, жазықсыз айыпталса, топ оны қорғауға міндетті. Өзекті мәселелерді тиісті органның алдына қоюға да қақылы.

Ең бірінші, әр топ өз учаскесінде ішкі тәртіпті қатаң сақтауды басты назарға алып, ел ішінде беталдылықтың орын алмауына қарсы күреседі.

– Ортақ пәтуаға келуден кейін пада шығару, ұсақ малды бақтыру, жылқы ұстауды ретке келтіру, ағын суды тәртіппен тиімді пайдалану, түнге қарай ауылда халық жасақ­шыларының кезекшілігін тұрақты ұйымдастыру жүйелі жолға қойылған;

– Бұрын той-қуанышы түгілі, баласы мен немересінің туған күнінде бүкіл ауылға ұйқы бермей, түн жарымнан бастап таңға дейін созылатын даңғаза музыка түнгі сағат 23:00-ден кейін сап тыйылатын болған;

– Жастардың түн болса, көше кезіп жүретін бей-берекет жүрістері сап тыйылған;

– Ауылдың бір жігіті үйленсе, 20 жолдасы 30 мың теңгеден жиып, 2 күнге созылатын ырду-дырду жасау «дәстүрі» тоқтатылып, енді 600 мың теңге қалыңдық әкелуге бара жатқан жігіттің қолына берілетін болған;

– Жастардың бұрынғы «свиданкіге» 5-6 «Лимузин» жалдау «дәстүрі» де ретке келтірілгендіктен, жұрт бұрынғыша жасамайтын болған;

– Той-қуаныштар, жерлеу рәсімдерін өткізу кезінде даңғазалық пен ысырапқа жол беру де тоқтатылып, ортақ пәтуаның жүйесімен тірлік істеу бірізділікке түсірілген;

– Кісісі қаза болған қаралы үйде қазан-қазан ет асылып, палау басып жатудың өрескелдігі жұртшылыққа жеткізіліп, ол үйде 3 күнге дейін тамақ тарату тоқтатылған;

– Жаназадан кейін ру-руға, ата-атаға шапан тарату және құдалықта бірнеше үйдің киіт беруі сияқты керексіз жоралғылар да бұл өңірде тоқтатылған;

– Ең бастысы, әділетсіздіктің жолын кесуі, тентектіктің «бөркін қазандай етпеу», ұрлықтың түбіріне балға шабу үнемі ел ағаларының назарына алынған;

– Маскүнемдікке салынуға, есірткіге тәуелділікке жол бермеуді негізгі міндетіміз деп жұмыс жүргізудің нәтижесінде бұл жақтың өмір тынысы өзге аймақтардан өзгешелеу болып келетініне ешкім де шүбә келтіре алмайды.

– Жарты жылға жетер-жетпес уақыттың өзінде Түркістанның үш ауылының дүкендерінде арақ сатылмайды, ал ауылдағы қуаныш іс-шаралары спирттік ішімдіксіз өткізіледі;

– Ел іші болған соң кездесетін дау-жанжал, арыз-шағымдар, бір ауылда, бір көшеде отырып соттасу сияқты сорақылықтар енді ауыл ақсақалдары алқасын айналып өтпейтін болған;

– Солардың әділетті де, тура шешімін тапқандығы болар өткен жылы 12 ауылдық округтегі заң органдары мен билік органдарына жолданған даулы 62 мәселенің бәрі қайтарылып алынып, 61-і ауылдың өзінде шешімін тапқан;

– Ауылдағы отбасылардың тірлігіндегі бірлік пен татулық та ақсақалдардың бақылауына алынып, келіннің ажырасып кетіп қалмауы, қыздың байдан қайтып келмеуі, яғни ауыл-елге намыс боларлық сорақылық сол өңірдің ардақты ақсақалдарының арқасына аяздай бататын деңгейге жеттік десек қателеспейміз.

Түркiстандағы жаңғырудың жарқын көрiнiстерi

 Түркістандағы облыстық ақсақалдар алқасы атақ алу, қошемет көру үшін емес, елдің абыройын асқақтататын игілікті істерді баянды етуді ұстанғанда Сингапурды «Азия жолбарысына» айналдырған Ли Куан Ю аузынан тастамаған «Темірдей тәртіп пен жанқиярлық еңбекті» ел-жұртының санасына сіңіріп, бұлжымас өмір қағидаты етуге бел буған. Қалың көппен тіл табысуға да қолдарын жеткізген.

Қараңыз, Түркістанның барлық тойханасында түнгі сағат 23:00-де той тоқтатылады. Ал, Шымкентте той түнгі сағат 22:00-ден кейін басталып жатады. Бұл қалада да 2007 жылы облыс әкімі Ө.Шөкеев болып тұрған кезінде барлық жерлердегі даңғаза музыка түнгі сағат 23:00-ден кейін тоқтатылған еді. Ешқандай дау-дамай болған емес. Қазір Түркістан қаласында дәл солай. Елімен сыйласқан ел перзенттерінің еселі еңбектері осындай оң нәтижелерге жетсе керек. Қазір екінің бірі «шынымен Түркістанда той түнгі сағат 23:00-де аяқтала ма?» деп сұрайтынына таңданбассыз.

Бүгінде Түркістан қаласындағы облыстық ақсақалдар алқасы қала әкімдігімен тығыз байланыса отырып, заманауи талапқа сай көркейген қаланы жасауға кіріскен. Олар қаланы 19 шағын ауданға бөліп, сол жерлерде көше комитеттерінің жұмыс істеуін өмірге әкеліпті. Қаладағы әрбір отбасы өзінің үйінің тұсындағы көшені көгалдандырып, көше тұсының тазалығын қатаң сақтауға міндеттеліпті. Қазір қалаға кірсеңіз, кешегі Түркістанды көрмейсіз. Мұнда бір серпілістің барын айқын аңғарасыз.

Қала көшелеріне ақсақалдар алқасының бастамашылдығымен биыл 40 мың түп сәндік ағаш отырғызылған болса, ардақты ел ағалары мен қаланың елжанды азаматтары оның санын 80 мыңнан асыруды меже етіпті.

Бұл даңғаза дақпыртпен кеше «Шатқалға» егілген ағаштар емес. Оның көктеп, қатарға қосылуына қара тұрғындарының барын салатынына шүбәңіз болмасын. Қаланы жасыл желекке бөлесе, асқаралы ақсақалдары бар қала тұрғындарының өзі бөлейтін болады. Тек «бітер істің басына, жақсы келер қасына» керек болса, ол мұнда үлкен жауапкершілікпен нүктесін қоя білген.

 Рухани жаңғырудың шын жанашырлары

Еліміздегі «жабайы демократияның» желеуімен ұлттық құндылығымызды ескерусіз қалдырып, ел ішіндегі рухани азғындаудың бел алып бара жатқанына төзгісіздікпен қарап, ата салт-дәстүрін жандандыруды қолға алған Түркістандық ардақты ақсақалдар нақты іске көшуге бекінеді. Ұлт құндылығы арқасында ел тыныштығын ұстай білген көрші ел Өзбекстанның қалың елмен жұмыс іс-тәжірибесін алуға бір топ ақсақал Ташкент қаласына 2008 жылы арнайы келіп, махалла комитетінің жұмысымен танысады. Республика аумағында басшылыққа алынатын «Өзбек махалла комитетінің Ережесін» ел президенті Ислам Каримовтың өзі бекітіп бергенін көреді. Онда Ережені жүзеге асыруға жұмыс істейтіндердің бірде-бірінің еңбегіне жалақы төленбейтіні көрсетілсе де, 5 млн. халқы бар Ташкенттік махалла комитеттері тегін жұмыс істеп келеді. Түркістандық елжанды азаматтар игі істі қолға алғанымен жеткілікті қолдау болмай, оның саябырсып қалған кезінде «Рухани жаңғыру» шығып, оған жол ашылғандай болды. Түркістандық ақсақалдармен етене жұмыс істеп келе жатқан Жүйнек, Шорнақ, Оранғай, Қарашық, т.б. ауыл округі ақсақалдары келісіп, ортақ пәтуаға келгеннен кейін «Жүйнектік жүйе» бойынша жұмыс жүргізуге кіріскен. Алғашқы болып белсене қолдау көрсеткен Түркістан қаласының экс әкімі Т.Мусаевтың тірлігін кейінгі әкім Ә.Өсербаев барынша қолдаса, осы кездерде рухани жаңғырудың жанды жүруіне барын салып қызмет істеген қала әкімінің бұрынғы орынбасары Ғани Рысбековтың еңбегіне ел-жұрттың ілтипаты жоғары болды да, ол жарқын істерді баянды етудің басында жүрді. Игі істің бастамашысы болған Ақсақалдар алқасы төрағасы Ж.Әзіретбергенов пен қалалық Қоғамдық келісім кеңесі төрағасы Ә.Абдикадировтың төңірегіне тегіс топтасқандар: Жүйнек ауылы алқасы төрағасы Ф.Абдуллаев, Иқандық төраға Ж.Сатыбалдиев, өзбек мәдени орталығы өкілі Т.Саидмуратов, ЖСДП филиалы төрағасы Ә.Әшімбеков, Ибата ауыл имамы А.Кадиралиев, қадірлі ел азаматтары Н.Шәріпұлы, Ж.Даханов, Т.Құдайбергенов, М.Әбдақұлұлы, Ш.Жүсіпов, т.б. ондаған, тіпті жүздеген ел перзенттерінің адал еңбектерін айрықша айта кетуге болады.

Ә.МҰРАТБЕКОВ.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.