Қазақстан жолы — Республикалық қоғамдық-саяси, әлеуметтік және танымдық-ақпараттық басылым
Ақпараттар ағыныМәдениет

ТҮРКІСТАНДА «НӘЗІР ЖОЛЫ» АТТЫ КІТАПТЫҢ ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ

Түркістан қаласындағы Нәзір Төреқұлов атындағы музейде 31 мамыр саяси-қуғын сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай «Алаштың арда ұлдары» атты «дөңгелек үстел»  өтті. Аталған басқосуға белгілі ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Жиында Нәзір Төреқұлов музейінің меңгерушісі Бақытжан Жорабеков  іс-шараның маңызына тоқталып, ел үшін шейіт болған қайраткерлерді ұлықтау мақсатында көптеген жұмыстар қолға алынғанын айтты.

Белгілі нәзіртанушы, ақын, Түркістан қаласының құрметті азаматы Нұрмахан Назаров жазықсыз жала құрбаны болған Нәзір Төреқұлов жайында кеңінен айта келе, тұлға туралы Ресей мен Өзбекстан басылымдарында жарық көрген мақалалардан мысал келтірді. Кейінгі ұрпақ ондай зобалаңды көрмесін деген тілегін жеткізді. Ал ақын-жазушы Айыпберген Балтабаев музейге өз кітаптарын тарту етті.

Басқосуда Абдолла Жүсіпов, Хазіретәлі Тұрсын, Сейдолла Садықұлы сынды ғалымдар мен тарихшылар саяси-қуғын сүргін құрбаны болған Алаш ардақтылары жайында сөз қозғады. Саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандары туралы деректер жылдан-жылға толығып жатқанына, осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру керектігіне тоқталды. Музей жанашырлары Төлтай Төлегенов, Әли Нышанов және Тынысбай Әметұлы да өз ойларын ортаға салды.

«Қазақ тарихындағы сол бір зұлмат жылдары миллиондаған қандасымыз аштықтан қырылса, қайраткерлеріміз ұлтына қызмет еткені үшін жазаланды. Біз осы қиын-қыстау кезеңде қазақты аман сақтап қалу жолында еңбек етіп, шейіт болған тұлғаларымызды ұмытпай, олардың ерліктерін жас ұрпаққа дәріптеуіміз керек», – деді ел ағалары.

«Дөңгелек үстелде» «Нәзір жолы» атты кітаптың тұсауы кесілді. Оны халықаралық «Нәзір Төреқұлов» қорының қолдауымен Н.Төреқұлов музейінің қызметкерлері әзірлеген Кітапта қазақтан шыққан тұңғыш дипломат Нәзір Төреқұлов туралы зерттеу мақалалар мен ғалымдардың баяндамалары топтастырылған.

Кездесу соңында саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына, Алаш арыстарының рухтарына құран бағышталды.

 

Ұқсас жаңалықтар

«Адамзаттың алыбы — ақын Абай»

admin

Бүгін 2025 жылға дейінгі «Жастар-Отанға!» бағдарламасының жол картасы аясында «Жас отбасыларды қолдау және жастарға қолжетімді баспана» бағыты бойынша Жастарды қолдау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы Ахметов Мади Абылайұлы және қалалық кеңес мүшелері Асар-2 тұрғын үй алабындағы «Жастарға берілген тұрғын үй» кешенін аралап, ондағы жағдаймен танысты.

admin

Шымкент: Наурыз айынан бастап автокөлігінің терезесін күңгірттеп алған 100-ге жуық жүргізуші жауапқа тартылды

admin