ӘДІЛЕТТІ ҚОҒАМДА ХАЛЫҚ БИЛІККЕ СЕНЕДІ

Бүгін Шымкент қалалық балалар клиникалық ауруханасында ҚР Мәжіліс депутаттары Берік Оспанов, Берік Бекжанов, Фахриддин Қаратаев, Ғани Ташқараев және Референдумды қолдау жөніндегі республикалық штабың мүшесі, «Хабар» АҚ Басқарма төрағасы Берік Уәли медицина мекемесінің қызметкерлерімен кездесу өткізді. Жиында «Жаңа Қазақстанды» құрудағы референдумның рөлі мен маңызы талқыланды.
Шымкент қалалық балалар ауруханасы 2015 жылдың 23 ақпаннан жұмысын бастады. Бұл медициналық мекеме көп салалы балалар ауруханасы болып саналады. Жоғары білікті мамандар қызмет көрсететін ауруханада 18 жасқа дейінгі 10 мыңнан астам жеткіншектің стационарлық ем алуына мүмкіндік бар. Асар шағынауданы аумағында орналасқан қалалық балалар клиникалық аурухана 315 орынға арналған және жаңа әрі заманауи үлгідегі құрал-жабдықтармен қамтылған. Екі корпустан тұратын аурухананың аумағы өте кең. «А» корпусында қабылдау бөлмесі, жарақат пункті, шұғыл науқастарға шағын операциялық бөлме, қарқынды терапиялық емдеу палаталары бар. Қабылдау бөлмесінің жұмысы қазірдің өзінде қым-қуыт. Мамандар әр науқасты қабылдап, ем-дом бөлімдеріне жіберуде.
Кездесу барысында республикалық штаб мүшелері медицина қызметкерлеріне Конституцияға енгізілетін өзгерістер туралы толығырақ айтып берді. Сонымен бірге, түзету енгізілетін заңдарға да рет-ретімен тоқталды. Дәрігерлер қойған сұрақтар да жауапсыз қалмады.
— «Бүкіл мына саяси жүйеде, экономикалық жүйеде, әлеуметтік өмірде жиналып қалған проблемаларды Ата заңымызды өзгерту арқылы халыққа, көпшілікке қызмет ететін заң жүйесін жасақтауды жоспарлап отырмыз. Ашық талқылауды өздеріңіз көріп отырсыздар. Кішігірім осындай ұжымдармен кездесіп, әр топқа түсініктеме беріп, бұл референдумның маңыздылығы, өзгерістері туралы әңгіме қозғап, түсіндіріп келеміз. Конституцияға енгізілетін өзгерістерді халықтың таңдауына салу ұтымды шешім» деді Б.Оспанов.
— «Референдум әр қазақстандыққа жеке таңдауын жасауға мүмкіндік береді. Мемлекеттің басты құқықтық құжатын тұрғындардың өздері қабылдайды. Маңыздылығы сонда жатыр. Дауыс беру арқылы халық өз болашағын өзі шешеді» деді өз кезегінде халық қалаулысы Ғ.Ташқараев.

— «Президентіміз ұсынған оң өзгерістер мен реформалардың іске асуына, Жаңа Қазқстанның қалыптасуына үлес қосу – әрқайсымыздың негізгі азаматтық борышымыз. Еліміздің демократиялы, әділетті және өркениетті мемлекет болып құрылуына үлесімізді қосуға баршамыз атсалысайық. Жарқын болашақ үшін бірлігіміз бен бүгінгі қабылдаған шешіміміз маңызды. Сондықтан 5 маусым күні референдумды қолдау үшін дауыс беруге шақырамын» — деді Б.Уәли.

Бұдан бөлек, республикалық штаб мүшелері науқан кезінде дауыс беру тәртібін түсіндірді. Айтуынша, әр сайлаушыға берілетін бюллетеньде тек ұсынылған өзгерістерді қолдау немесе қолдамау тармағы қарастырылған.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.