Әйелдің бағасын төмендететін нәрсе
Әйел құлақпен, еркек көзбен жақсы көретінін білетін шығарсыздар? Әйелдің өзіне деген сенімділігін жоғалтатын бір-ақ нәрсе бар. Ол – сөз. Сүйген жанынан сөгіс естіген әйел өз-өзін төмендете түседі. «Сенің қолыңнан не келеді?», «Жұрттың әйелдері пысық», «Саған кім қарайды?», «Тамақты дұрыс істей алмайсың», «Ұсқынсыз болып бара жатырсың», сынды сөздерді естіген кезде әйел адам кінәні өзінен іздеп, соңында: «Мен кімге керекпін?!» деген ойға барады. Әсіресе қазақ қоғамында әйелдердің өз-өздерін тастап жіберетіні сондықтан. Отбасында бәрі әйелдің қолында болса, әйел еркекке бағынышты. Сын әйелдің бағасын төмендетеді. Сыни пікір әйелдің өзін шарасыз, керексіз, қолынан түк келмейтін пенде ретінде сезінуі үшін жұмыс істейді. Бұл жерде бір нәрсенің арасын ашып алу керек. Сынның екі түрі бар: орынды және орынсыз. Орынсыз сын ести берген әйел өзін төмен санап, құлдырай түседі. Ал орынды сынға келсек, бұл керісінше, жұптың қарым-қатынасын берік етуге бағытталады. Әйелін төмендетуге көбіне өз-өзіне сенімсіз еркектер барады. Олар осы әдіс арқылы бейсаналы түрде өзінің бағасын көтергісі келеді. Ал мықты еркектер ешқашан әйеліне «Сен кімге керексің?» деген сөздер айтпайды. Сөздің құдірет-күші шексіз дейміз. Расымен де бір сөзге бола сұлқ түсіп, бір сөзге бола көтеріліп қалатынымыз бар. Пенденің жаратылысы сондай. Сондықтан көп жағдайда әйеліңізге жылы сөздер айтып отырғаныңыз жөн.
Дерексөз massaget.kz сайтынан алынды.