АЙГҮЛ – АЙБЕККЕ, МӘДИ – МӘДИНАҒА АЙНАЛА МА?

“Көре-көре көсем, сөйлей-сөйлей шешен боласың” дегендей, көре-көре көзім жеткені бізде шенеуніктер халықтан тым алыстап кеткен. Мемлекеттік басқаруды бизнес жоба ретінде қарайды. Бірақ ол шешімдер халықпен байланысқан рухани дүниелер сүзгісінен өтпесе, түбі жақсы болмайтынын терең сезінбейді. Мұның арты жақсылыққа апарып соқпасына да көңіл аудармайды.

Батыс елдерінің қаңсығы таңсыққа айналған бүгінгі біздің қоғамда әрбір ессіз қылықты көргенде, Мұхтар Шаханов атамыздың «Батыстың цивилизациясын аламыз деп, канализациясына түсіп кетпеңдер» деген ойлы сөзі орала береді. “Айта алатын жалғыз ғана жаңа нәрсеміз – жаңа бір нәрсе айта алмайтындығымыздың ақиқаты” деген батыс пәлсапашысы Фридрих Ницше Батыс мәдениеті мен өркениетінің жаназасын баяғыда-ақ өзі шығарып кеткен еді.

Алайда, өкінішке қарай, біз әлі күнге дейін Батыстың емшегін еміп, уызына тойғымыз келеді. Бұл біздің өз ұлттық санамыздың руханият уызына жарымағандығымыздың айқын көрінісі.

Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрі өзінің 2020 жылғы 25 қарашадағы бұйрығымен гендерлік сәйкестілігі бұзылған адамдарды медициналық куәландыру және жынысын ауыстыру ережесін бекітуі де Батыстан келген тағы бір батпаққа енді белшемізден батқандығымызды көрсетті. Таиланд пен Үндістан елдерінде кеңінен белең алған бұл ессіздік мұсылман елі бізде етек жайса, жетіскен екенбіз. Дәрігерлер үшін – ауру, діндарлар үшін – күнә, қоғам үшін кеселге айналған трансгендердің тағдырын «жомарт» министр тәлкекке салмауды ойлап жаны ашыса керек, тыйымды алып тастады. Министр жыныс ауыстыруға қойған басты талап – жыныс ауыстыру үшін адамның жасы 21-ден асуы керек және психикалық және мінез-құлық ауытқулары болмауы керек екен. Ислам өркениетін құруға үлесін қосқан бабалардың ұрпағы Алланың жаратылысына қайшы әрекетке барып, қолдау көрсетуі – үлкен бір бәленің басы деп білемін. Қазақтардың жынысын ауыстыруды заңдастырғанша, министр Цой миын неге ауыстырмайды екен? Бізге жыныс ауыстыруды заңдастыратын емес, індетпен күресетін министр керек!

Бұның артынан енді біржыныс­тыр­лардың некесін заңдастыру да келе жатқанын білейік. Ержүрек, жауынгер халықтың ұлдарын қатынға айналдыру арқылы ғана жеңе алатынын жақсы білетін Батыс бұл жобаны баяғыда бастап кетті. Ал біздер бұл жобаның жүзеге асырушысына айналып отырмыз! Өкінішті!

Тіпті енді жыныс ауыстыратын адамның медициналық сақтандыруы болса, өкімет тегін операция жасап беруге қауқарлы-мыс. Қаншама ауру балалар бар елімізде. Сырқат балаларымыздың емін тегін жасап бере алмаған өкімет жыныс ауыстырғыштарға келгенде «мейірімі төгіле» қалыпты.

Болашақта осылай жыныс ауыстыру үйреншікті нәрсеге айналса, қоғамда түрлі сұрақтар пайда болатын сияқты. Бойдақтар саны көбейіп, ел ішінде жүріп жүрген қызың «Туа бітті қыз ба, жүре пайда болған қыз ба?» деген сауалдар қойылып, «Жігіт емессің бе?» деп жігер беретін рухты сөзімізді ойланып айтатын сияқтымыз. Алексей Цойдың кезекті циркі 2021 жылы күшіне енеді. «Жынысыма сәйкес келмеймін» дегендердің сұранысын қанағаттандыру ұлтқа кесел төндіре ме, әлде Қазақстан азаматтарының құқығымен санасу ма? Болмаса, шынында, жауапкершіліктен қашып отырмыз ба? Расында, бәрімізге бір-бір психолог керек болып жүрмесін. Жыныс ауыстыруды заңмен қолдау – билікке сын!

Ұ.Өскен.

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.