АЛПЫСТЫҢ АСҚАРЫ
Уақыт шіркін өз бағытынан еш айныған емес. Пәни тірліктегі адам баласының тіршілік бағыты есейгеннен кейін түрлі өзгеріске түсіп жатады. Біреулері белгілі қайраткер, енді бірі ғалым болса, енді бірі пенделіктің құшағынан шыға алмай жатады. Мұндай өзгерістің пайда болуын хакім Абай өзінің «Китаб тасдиқ» еңбегінде ғаламдық пікірлерді саралай отырып айтып та кеткен екен. Имандылық пен әділеттің негізделуін, инсанияттың кәмалаттығын түсіндіру бағытындағы ақын ойының тереңдігі адамның ішкі және сыртқы сезімдерінің қалыптасуын (тән мен жанның тазалығы, ата-ана тәрбиесі, ортасы мен жақсы ұстаздан білім алуы), аспан мен жердегі тіршілік иелерінің сана өзгерістерінің қалыптасуы мен өзгеруінің сырларын толғауына үңіліп отырсаңыз бұл айтылғандардың мағынасын терең түсіне бастайсыз. Біреу адасады, біреу дұрыс жолға түседі. Сондай дұрыс жолға түскен азаматтардың бірі – ғалым ағамыз, филология ғылымдарының докторы, М.О.Әуезов атындағы ОҚУ-дың «Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар» ғылыми-зерттеу институтының директоры Сандыбай Ережепұлы Боранбаев.
Сандыбай ағамыз Оңтүстіктің Төлеби ауданы Қаратөбе елдімекенінде 1960 жылдың 15 қазанында дүниеге келді. Жұрт қатарлы орта мектепті бітіріп, әскер қатарындағы қызметтен кейін, әкесінің нұсқауымен 1978 жылы оқуға түсіп, 1982 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология факультеті, қазақ, араб тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітіріп шықты. «Әкесінің нұсқауымен» деп отырғаным: кешегі Кеңес дәуірінде қызметте болған көптеген ағаларымыз балаларын орыс мектебіне беріп, соны мәртебе көріп, ұлттық нәрінен жеріне бастаған, (өз ұлтына мұрнын шүйіре қарайтын, ұлттық танымынан адаса бастаған) сондай бір келеңсіз тұс болатын. Ол кезде араб, парсы тілдері біздің ата жауымыздай көрінетін. Сөйтсек мұның бәрі кеңестің жүйенің жалғастырған, патшалы Ресейдің қалыптастырған космополиттік идеологиясы екен ғой. Адасудың, ұлтты адастырудың кілтін қолмен жасаған патшалы Ресейдің саясатын жалғастырған Кеңес үкіметінің жымысқы әрекетін түсінбеген қаншама ата-аналар өз ұрпағының адасуына жол ашып берді. Соның зардабын әлі де тартудамыз. Өйткені орысша сөйлеген бала орысша түс көретіні бесенеден белгілі ғой. Осы саясаттың тарихын түбірінен түсінген, баласының адаспауын ойлаған Ережеп көкемізге қатты риза боламыз.
Өмірдегі өз жолын қалыптастыру үшін азамат түрлі салада қызмет етуі керек. Ананы көріп, мынаны түсіну үшін де тәжірибе керек болады ғой. Осы ниетпен дипломды Сәкең ағамыз да дүрілдеп тұрған комсомолдық қызметке араласып кете барды. Бірақ ол екі жылдан кейін әкімшілік жүйеден бірден бас тартып, саналы өмірін оқытушылық қызметке, ғылым жолына арнады. Бойдағы бар қабылет адамды өз бағытына жетелеумен болады дегенге сенсек, Сәкең ағамыз да өз өмірін бақыты мен қиындығы, қуанышы қатар жүретін ұстаздық жолына арнады. Барлығын тастап, белін бекем буды. Ұзақ жылғы ғылыми ізденістің нәтижесінде 2000 жылы «Ескі қыпшақ тілін тарихи-салыстырмалы тұрғыдан зерттеу» атты тақырыпта кандидаттық диссертациясын нәтижелі қорғады. Содан кейін-ақ жолы ашылды.
1999-2001 жылдар аралығында Қазақ Еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясы Шымкент филиалының оқу ісі жөніндегі проректоры, 2002-2010 жылдары Қазақ Еңбек және Әлеуметтік қатынастар академиясы Оңтүстік аймақтық кеңес беру және студенттер қабылдау өкілдігінің директоры. 2003-2004 жылдары Қазақ-араб университетінің оқу-әдістемелік басқарма бастығы болды,осы жылы доцент ғылыми дәрежесін де алды. 2004-2012 жылдары М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде«Қазақ тіл білімі» кафедрасының меңгерушісі, 2012-2016 жылдары Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ жанындағы Түркология институтының бас ғылыми қызметкері, 2014 жылдың тамызынан 2020 жылдың қыркүйегіне дейін Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетінің ректоры қызметін атқарды.2020 жылдың қыркүйек айынан М.О.Әуезов атындағы ОҚУ «Әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар» ғылыми-зерттеу институтының директоры.
Мықты ғалымдардың тағы бір қыры – ұстаздық қызметі. Сандыбай Ережепұлы болашақ тіл мамандарын дайындауда аянбай сапалы еңбек етуде. Сәкеңнің бұл бағыттағы қызметі, әсіресе, М.О.Әуезов атындағы ОҚМУ-да жүргенінде жарқырап көрінді. Кафедра меңгерушісі қызметінде білімді, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, ұқыпты басшы ретінде факультеттің ішкі мәселелерінің барлығына сол кездегі декан, қабылетті басшы профессор Болатбек Тілеубердиев ағамыздың қасынан табылып отырды. Студентке дұрыс өнеге көрсетіп, білім-тәрбие беру үшін де әр ғалымға терең білім, өмірлік тәжірибе керек қой. Өйткені ұстазына еліктеген шәкірттен ешқашан оғаш әрекет шықпайды. Сол үшін қазақ «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген. Сәкеңнің басшылығымен кафедра оқытушылары оқытудың жаңа жүйесі – кредиттік технология бойынша көптеген ғылыми, әдістемелік жұмыстар жүргізді. Кафедра құрамының білімін көтеруге, ғылыми біліктіліктерін жетілдіруге, әдістемелік шеберліктерін арттыруға айрықша көңіл бөлді. Тынымсыз ізденудің жемісін де көрді. 2008 жылы «Ескі қыпшақ тілі мен қазақ тілінің генетикалық сабақтастығы» тақырыбында докторлық диссертациясын сәтті қорғады.
Ұзақ жылғы еңбек өз жемісін бере бастады. 2006, 2015 жылдары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің Алғыс хатымен марапатталды. 2009 жылы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атанып, 2012, 2018 жылдары Түркия мемлекеті Мұғла, Ескішахар университеттерінде өткен әлемдік Түркологтар симпозиумының делегаты болды. 2013, 2018 жылдары М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың мерекелік төсбелгілерімен, 2016 жылы «Ы. Алтынсарин», 2018 жылы «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін», 2019 жылы «Ерекше жетістіктері үшін»төсбелгілерімен марапатталды. Шәкірт тәрбиелеуді де ойынан шығармады. Соның нәтижесінде үш ғылым кандидатын, 1 PhD докторын, 29 ғылым магистрін дайындады. Бүгінгі күнге дейін 3 монографиясы, 2 оқу құралы, 1 көмекші оқу құралы және 130-дан аса ғылыми мақаласы отандық, алыс және жақын шетелдерде, оның ішінде 4 мақаласы жарияланымы жоғары журналдарда жарық көрді.
2011-2013 жылдары Коммерциялық емес Түркі Академиясы (Астана) жариялаған ҚР БжҒМ бюджеттік бағдарламасы бойынша: 055 «ғылыми және (немесе) ғылыми техникалық қызметтер», 149 спецификасы: «Басқа көрсетілген қызметтер мен жұмыстар» Ғылыми бағдарламасы бойынша: №1«Түркілердің тарихи-мәдени құндылықтары – қазіргі кезеңдегі қоғамның тұрақты даму ресурстары», №4 «Түркі өркениетіндегі орта ғасыр жазба ескерткіштерінің орны мен мәні» тақырыбында ғылыми жоба орындады. Нәтижесінде «Орта ғасыр жазба ескерткіштері тіліндегі етістік категориясы және оның қазіргі түркі тілдерімен байланысы» («Булғат ал-Муштах…» жазба ескерткіші бойынша, ХІYғ.) атты 345 беттік монографиялық еңбек баспаға ұсынылды. 2014 жылдың сәуірінен ҚР БжҒМ «Түркілердің тарихи-мәдени құндылықтары – қазіргі кезеңдегі қоғамның тұрақты даму ресурсы» бағдарламасы аясында орындалатын «Ортағасырлық қыпшақтардың Грузиямен, Армениямен және Әзірбайжанмен байланысы: тарихи-этнолингвистикалық зерттеу» тақырыбы (жобасы) бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын орындады.
Сәкең қабілетті басшы, ғалым, тәжірибелі ұстаз ғана емес, төрт ұл-қыз тәрбиелеп отырған ұлағатты отбасы иесі, мейірбан әке. Жұмыстағы іскерлік қарым-қатынасты, кикілжіңдерді отбасында көрсетпеуге тырысады, солай қалыптасқан.
Туған елге сағыныш, өскен ортасы мен білім алған мектебін ұмытпаған Сандыбай ағамыз да Тәуелсіз еліміздің тұғырлы бір кірпіші болғанын мақтан тұтады.
Қазақ кейде «Алпыс – тал түс» деп жатады. Кісілік кемеліне келген ағамызға биік асулардан асуын сұраймыз.
Ғұлама Жүсіп Баласағұнның «Адам баласының білімі толысқан сайын барынша қарапайым бола түседі» деген сөзі Сандыбай ағамызға арналғандай. Алпыстың асқарына шығып, жетпістің жетегіне кірген, кісілік кемесіне мінген ағамызға ақ жол тілейміз.
Саттар Өмірзақов,
М.О.Әуезов атындағы ОҚУ, «Абайтану» ғылыми орталығының басшысы, ф.ғ.к., доцент, ҚР Журналистер одағының мүшесі.
Нұрлыбек Омаров,
М.О.Әуезов атындағы ОҚУ, «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к., доцент.