«AMANAT»: БАСПАНАЛЫ БОЛУДЫҢ ТИІМДІ ШАРТТАРЫ ТҮСІНДІРІЛДІ

Жас отбасылар мен көпбалалы отбасылардың ең маңызды мәселесі — жеке тұрғын үйінің болмауы. Дегенмен, бүгінде баспаналы болуға арналған мемлекеттік және «Отбасы банк» АҚ ұсынған бірнеше тиімді бағдарламалар бар. Аталған бағдарламалармен тұрғындарды таныстыру мақсатында «AMANAT» партиясы 9-11 тамыз күндері аудандық филиалдардың қоғамдық қабылдау бөлмелерінде кездесулер өтті. Жиындар «Халыққа көмек» партиялық жобасы аясында «Отбасы банк» АҚ өкілдерінің қатысуымен жүргізілді. Банк кеңесшілерінің азаматтарды қабылдауы Сауран, Отырар, Қазығұрт, Бәйдібек, Сайрам, Созақ, Сарыағаш, Келес, Мақтаарал, Жетісай аудандары мен Кентау қаласында болды. Қабылдауға келген азаматтарды толғандырған басты сұрақ – банк бағдарламалары арқылы тұрғын үйге қол жеткізу.

Мәселен, «Отбасы банк» АҚ Түркістан облысы филиалының консультанты Айдос Нұрланұлы Кентау қаласының тұрғындары Б.Самуратова және А.Тунгатоваға «Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы, сондай-ақ алғашқы жарнаны төлеу арқылы баспаналы болу жолдарын түсіндірді. Бағдарлама арқылы көпбалалы отбасы ретінде қалалық Халыққа қызмет көрсету орталығына жүгініп, тұрғын үй кезегіне тұруға болады. Сондай-ақ азаматтарға қаржы жинақтау үшін жеке шот ашу туралы да кеңестер берілді.

Ал, банктің Келес аудандық филиалы бойынша кеңесшісі Ы.Ермаханұлы жергілікті тұрғындарға «Шаңырақ» бағдарламасы жөнінде егжей-тегжейлі түсіндірді. Оның айтуынша, жеке шотқа құйылған бастапқы жарна 10 пайызды құрау керек. Ал, қалған несие 5%-бен 20 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Оған қоса, «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы бастапқы жарнасы 20% депозит қаржысы болған жағдайда баспаналы болуға мүмкіндік мол. Аталған жоба мемлекеттік қызметкерлерге арналған.

Сонымен қатар, аталған банктің әскери мамандарға да арналған «Әскери баспана» бағдарламасы бар. Ол үшін банк клиенті депозит ашқан соң, жылдық 3,5%-дан 5%-ға дейін мөлшерлемемен займ алуы керек. Тұрғындармен жүздескен консультанттар тұрғын үй жалдау төлемдерін субсидиялау бойынша Түркістан облысында қаржыландыру басталғанын айта кетті. Бағдарламаға I, II топтағы мүгедектер, мүмкіндігі шектеулі балалары бар және оларды тәрбиелеп отқан отбасылар, жетім және ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар, көпбалалы отбасылар қатыса алады.

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.