• «AMANAT»: МАҚТААРАЛ АУДАНДЫҚ ФИЛИАЛҒА АТҚАРУШЫ ХАТШЫ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

Бүгін «AMANAT» партиясы Мақтаарал аудандық филиалында актив жиыны өтті. Оған облыстық партия филиалы Атқарушы хатшысының орынабасары Полат Тұрсынбаев, партияның аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Бақыт Асанов, облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, БПҰ төрағалары және партия мүшелері қатысты.

Партияның Мақтаарал аудандық филиалына Мұхтар Сәрсенов Атқарушы хатшы болып тағайындалды. Мұхтар Кенжетайұлы 1987 жылы Мақтаарал ауданы, Мырзакент кентінде дүниеге келген. Білімі жоғары. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығын тәмамдаған. Еңбек жолын Алматы қаласында «Прима» ЖШС мерчендайзер болып бастап, Мақтаарал ауданы әкімі аппаратының ақпараттандыру және мемлекеттік қызмет көрсету мониторингі бөлімінің басшысы кейін ұйымдастыру-инспекторлық бөлімнің басшысы қызметтерін атқарған.

Жиын барысында Бақыт Насырханұлы жаңа Атқарушы хатшыны таныстырып, артылған жауапкершілікті ақтайтынына сенім білдірді. Филиалда атқарылып жатқан жұмыстар жайында сөз алған Полат Мұратұлы бұған дейін аталған лауазымда қызмет еткен Досым Асабаевқа жүйелі істері үшін алғысын жеткізіп, ауданда орын алған төтенше жағдайларды қалпына келтіруге мол үлес қосқанын атап өтті.

— Аудандық филиалда 5000-ға жуық партия мүшесін біріктіретін 13 бастауыш партия ұйымы жұмыс істеп тұр. Бастауыш партия ұйымдарының төрағалығына білікті, тәжірибелі және халық арасында беделі бар азаматтар сайланған. Саяси ұйым тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдап, мәселелерінің шешілуіне ықпал етіп келеді. Биыл 8 айдың қорытындысы бойынша 235 қабылдау ұйымдастырылып, 620-дан астам азаматтың өтініші қаралған. Оның 360-тан астамы оң шешіліп, тұрғындар партияға өз ризашылықтарын білдіруде. Қабылдауларға аудан әкімі, әкім орынбасарлары, жергілікті мемлекеттік органдары мен бөлім басшылары, сондай-ақ Атқарушы хатшы және медиаторлар қатыстырылып, түсіндірме-кеңестер берілуде. Ендігі кезекте аталған жұмыстарды жаңа бағытта жандандырып, ауданның экономикасын көтеру және халықтың әл-ауқатын жақсартуға атсалысуымыз керек, — деді ол.

Сондай-ақ бастауыш партия ұйымдарына жиналған жарнаның 20%-ын игеру бойынша жұмыстарды жүйелеу, облыстық партия филиалының бастамасымен қолға алынған «AMANAT AQYLMAN» интеллектуалды ойыны және «AMANAT LIDER» пікірсайыс турнирін аудандық деңгейде өткізу, партияның халыққа берген уәделерін орындау бойынша тармақтардың орындалуын міндетті түрде қадағалау, инклюзивті орта қалыптастыру және жоспарланған іс-шараларды ұйымдастыру жөнінде бірқатар тапсырмаларды жүктеп, партиялық актив мәжілісін қорытындылады.

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.