АMANAT – ЖАҢА ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ КРЕДОСЫ

​Бүгін ҚР Президентінің төрағалық етуімен Nur Otan партиясының кезектен тыс XXII съезі өтті. Отырыс барысында Мәжіліс cпикері Ерлан Қошанов Nur Otan партиясының атауын өзгерту туралы ұсыныс айтқан болатын. Нәтижесінде еліміздің жетекші партиясының атауы АMANAT болып өзгертілді. Қазақстан үшін бұл – жаңа тарихи белес. Съез барысында Мемлекет басшысы партия атауына тоқталып: «Аманат» — ортақ мағынадағы центристік партия. Ол – Әділдік партиясы, халық бірлігі партиясы, алға қарай нық қадам басу партиясы, халықтың пікірі мен арманын тыңдайтын және азаматтарымыздың мүддесі үшін әрекет ететін партия», — болу керек деп тұжырымдады. Иә, партия нағыз әділеттіліктің символына айналуы қажет. Сонда ғана біз Сындарлы қоғамдық диалог құратын қоғамға айналамыз. Өздеріңізге мәлім, қазіргі жаһандық ахуалдың өзі кез келген мемлекетшіл тұлғаны ойландырмай қоймайды. Әлем күн сайын өзгеруде. Ол үшін бізге мызғымайтын қуатты идеология мен қоса қоғамдық тұрақтылық ауадай қажет. Президенттің сөзімен айтқанда: «Заман, қоғам, адам өзгеріп жатқанда, партияның өзгеруі – заңдылық. Бұл – уақыт талабы. Осыған орай жаңа ғана айтылғандай, саяси ұйымның атауын Аманат деп өзгерту ұсынылды. Жасыратын ештеңе жоқ, мен де бұл мәселеге байланысты пікірталасқа қатыстым. Бірнеше ұсыныс болды, соның ішінен Аманат деген атауға тоқтадық. Бұл – еліміз үшін де, ұлтымыз үшін де айрықша мәні бар киелі ұғым. Егемендігіміз, елдігіміз бен бірлігіміз, кең байтақ жеріміз – бізге бабалардан жеткен аманат. Осы қастерлі құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтап, болашаққа мирас етуіміз керек. Мемлекеттілік дәстүр жалғастығы, ұрпақ сабақтастығы дегеніміз – міне осы. Халқымыз ешқашан аманатқа қиянат жасамаған. Партия бұл қағидатты берік ұстанады». Көріп отырғандарыңыздай бүгінгі баршамызға артылып отырған міндеттің салмағы ауыр әрі жауапкершілікті керек ететінін түйгеніміз абзал. Жаңа Қазақстанның буынын бекітіп, қанатын қатайтуға әр Отандасымыз үлес қосып, жұмыла жұмыс жасау керек. Бүгінгі заманның жолы ерек, болмысы айрықша. Осы заманның құрдастары бәсекеге қабілетті, еңбекке икемді болмақ керек. Ол үшін біз жас буынды Хакім Абайдың «Толық адам» тұжырымы негізінде жарақтандыруымыз керек. Ол әрине ақыл, қайрат, жүрек. Осы 3 негіз бүгінгі жастардың бойынан табылса ұрпақ сөзсіз нағыз патриот, мемлекетшіл тұлғаға айналады. Бүгінгі таңда Жаңа Қазақстанның дамуына, тың серпілістер жасалып жатқанын айқын көріп отырмыз. Осы орайда Мемлекет басшысының: «Мен үшін ең басты құндылық – Қазақстанның Тәуелсіздігі. Мемлекет басшысы ретінде еліміздің қауіпсіздігі мен халқымыздың амандығын қамтамасыз ету үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймын. Жауапкершілік жүгі қаншама ауыр болса да, одан еш қаймықпаймын», – деп батыл да, қажырлы қадам жасауы баршамызға рух пен жігер беретініне күмән жоқ. Дана Абайдың: «бірлік – ақылға бірлік» деген сөзі біздің өмірлік дағдымызға айналуы қажет. Бұл басты мәселе. Президенттің сөзімен ойымызды сабақтайтын болсақ: «Береке басы – бірлік» екенін әрдайым есте сақтайық! Жаңа Қазақстанды бірге құрайық!»

ҚОЖАМЖАРОВА ДАРИЯ ПЕРНЕШҚЫЗЫ
Мәслихат депутаты, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.