«AMANAT» : ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ШАРАЛАРЫ ПАРТИЯ МӘЖІЛІСІНДЕ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Бүгін «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңестің биылғы жылғы алғашқы отырысы өтті. Жиынды облыстық партия филиалы Атқарушы хатшысының орынбасары Қалыйма Жантөреева  ашып, жаңа құраммен таныстырды. Ол кіріспе сөзінде кеңес мүшелеріне жауапкершілік жүгі артылып отырғанын айтты.

Кеңес төрағасы болып облыстық мәслихат депутаты Инара Намазбаева, ал төрағаның орынбасарлығына Гүлбахира Тәжібаева тағайындалды. Күн тәртінде 4 мәселе қаралды. 2022 жылға арналған жұмыс жоспары бекітіліп, «Бақуатты қоғам:онжылдықтың 10 мақсаты» атты 2030 жылға дейінгі бағдарламаларға өзгерістер енгізуге байланысты ұсыныстар айтылды. Өңірлік филиалдан топтастырылған ұсыныстар партияның Орталық аппаратына жолданады.

Партияның сайлауалды бағдарламасындағы «Лайықты жалақымен жұмыс орындарын құру» және «Тең мүмкіндіктер жасау» бағыттары  туралы облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқарма басшысының орынбасары Т.Құдайбергенов баяндама жасады. Ол 2021 жылы өңірде 2544 жаңа жұмыс орындары құрылып, «Еңбек» бағдарламасы арқылы нақты 102 609 адам жұмыспен қамту шараларына қатысқан айтты. Ал биыл 70 мың адамды аталған шараға қатыстыру жоспарлануда. Ол үшін 19,7 млрд.теңге қаржы қарастырылған.

— Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биылдан бастап «Жастар тәжірибесі» жобасы 12 айға дейін ұзартылды. 30 АЕК жалақысы шеңберінде 5658 адам тартылады деп көзделуде. Ал «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша 18 айға дейін ұзартылып, жалақысы 91 890 теңгені құрады. 2022 жылы жаңа бизнес бастамалары үшін 400 АЕК көлеміндде өз ісін ашуға ниетті 2765 адамға грант беру жоспарда, — деді жауапты басқарма өкілі.

Аталған бағыттар бойынша облыстық инвестиция және экспорт басқарма басшысының міндетін атқарушы Қ.Шонбасов, «Атамекен» ҚР КҰП Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының экономикалық сұрақтар бойынша орынбасары Ж.Тілеубекова да баяндама жасап, атқарылып жатқан жұмыстармен бөлісті. Өзекті мәселелер сарапталған жиында кеңес мүшелері мәжілістің шешімін қабылдап, қорытындылады.

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.