«АНТИМОНОПОЛИЯ» БАСШЫСЫН ҚОРҚЫТТЫ МА?

Шымкент қаласында шулы жиын болды. Бұл басқосу ҚР Ұлттық Экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінде өтті. Жиналыс мақсаты су мен кәріз суының тарифіне қатысты жария тыңдау болатын. Аталған департамент басшысы Дархан Қаинбердиев қатысушыларды тарифке қатысты мәліметтермен таныстыра келе «Су ресурстары Маркетинг» серіктестігінің басшысы Анарбек Орман мырзаға сөз бергелі жатқан болатын. Осы кезде қоғам жанашыры Жанысбек Өтеген мырза Д.Қаинбердиевке сұрақ қойды. Д.Қаинбердиев Ж.Өтегенге жауап беріп жатып, Шымкенттегі су жүйесі 47 пайызға тозығы жеткенін айтты. Сол-ақ екен Анарбек Орман мырза «47 емес, 60 пайыз» деп қарсы сөйлеп үлгерді. Д.Қаинбердиев «Мен желіні айтып отырмын» дегенде, Анарбек Орман дауыстай: «Сіз желіні айтпаңыз, сіз «комплексный» қарау керексіз» деді. Осы арада  Д.Қаинбердиев «Анарбек аға, сізге сөз берген жоқпыз, қоя тұрыңыз, қазір, сіз қазір «доклад» айтасыз, содан кейін талқылаймыз, сіз регламент бойынша….» деп жатқанда Әнекең едіреңдегендей әрі қатқылдау дауыспен «Дұрыс жауап беріңіз деп отырмын сізге!» деді. Әрі «Президенттің тапсырмасын орындау керек» деп айтты. Одан кейін де жиын барысында осы сөзді көп айтты. Өйткені, Президент тозығы жеткен желілерді жаңарту тапсырмасын берген. Ал Әнекең тарифті көтеру үшін немесе қалайда қаражат алу үшін «Президент тапсырмасын орындау керек» дегенді өзіне қару етіп алғандай.

Осылай басталған жиында Әнекең бірнеше рет Қаинбердиевке қатты сөйлеп, ал кейбір қатысушылар Анарбек Орман мырзаның сөзін сөйлеп, Қаинбердиевке «үстіңнен арыз жазамыз» дегенді қорқытқандай айтты. Ал Әнекең Дархан мырзаға қарата ертеңгі күні жауап беретін күн келеді деген мағынада ойын жеткізді. Тіпті Қамбар Мусабеков деген кісі Әнекеңе қарап «Сотқа беру керек» деп ақыл-кеңес бергендей болды.

Осылай өткен жиын екі сағатқа созылып аяқталды. Мұнда Анарбек Орманның мақсаты су және кәріз тарифін көтеру болып отыр. Ал Д.Қаинбердиев су тарифін көтеруге келіспеуде. Ол кісінің айтуынша, Шымкент Ақтау мен Қарағандыдан кейін су бағасы қымбат қалалардың қатарына жатады.

Сабыржан БАЙБОСЫНОВ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.