АРМАНДАР ОРЫНДАЛАТЫН КҮН
Өткен жыл аяқталуға жақындағанда жігітіммен болмашы нәрсеге бола қатты ренжісіп қалдық. Осымен бәрі біткен шығар деп ойладым. Бірақ, қанша ұмытайын десем де жүрегім ауырып, көзімнен жас кетпей қойды. Өйткені, екеуміз жоғары оқу орнына түскен жылы танысып, содан бері жұбымыз жазылмаған еді. Биыл диплом алысымызбен жаңа өмірге бірге қадам басамыз деп жоспарлап та жүргенбіз.
Бұдан бұрын да қаншама рет ренжісіп, біраз уақыт хабарласпай жүрген кездеріміз болған. Бірақ бұлай тым ұзаққа созылмайтын. Бұл мені алаңдата бастады. «Расымен бәрі біткен екен ғой» деп ойладым. Оның маған қайтып келмеуі мүмкін екенін ойлаған сайын жанымды қоярға жер таппай, оның өзіме қаншалықты қымбат екенін, одан бас тарта алмайтынымды түсіндім. Бірақ, бар кінә өзімде болса да, өз аяғыммен барып кешірім сұрауға қыздық намысым жібермеді. Тек бар қолымнан келгені – «Құдайым, Жаңа жылда бір тілегімді орындап, оны өзіме қайтаршы» деп жалбарынумен болдым.
Арада күндер жылжып жатты. Курстастар университеттегі соңғы жылымыз болғандықтан, бұл Жаңа жылды бірге қарсы алайық деп ұйғарғанбыз. Уәделескен күні белгіленген мейрамханаға барып, мерекелік кешті бастап та жібердік. Көңілді музыка, достарымның жарқын жүздері, әдемі әзілдер – бәрі керемет. Бірақ, мені ештеңе қуанта алар емес. Сүйіктіммен бірге қаншама бақытты күндерді өткізгенімді, енді соның бәрі өткен жылда қалып бара жатқанын ойлап, тамағыма өксік тығыла берді.
Бір кезде жарық жалп етіп өшті де, әлсіз ғана жарық пайда болды. Сол жарық сырғып отырып, сахнаға барды да, кілт тоқтады. Осы сәтте баяу музыка ойнап, ортаға бір сұлба шықты. «Жаным, мен осы күнді ұзақ күттім. Сені ренжіткенім үшін, әппақ жүзіңе қаяу салғаным үшін кешір. Енді ешқашан көңіліңе кірбің түсірмеуге уәде беремін. Сенімен мәңгілік қол ұстасып, болашаққа бірге қадам басқым келеді. Менің жарым болшы!»
Мына сөздерді естігенде менің жүрегім тоқтап қала жаздады. Иә, бұл соның даусы болатын. Мына қараңғыда оның жүзін анық көрмесем де, жаныма соншалық жақын, қымбат дауысты мен мыңдаған дауыстардың арасынан жазбай таныр едім. Бірақ, сол сәт мына күтпеген жағдайдан есеңгіреп қалдым да, даусым шықпай, тізем дірілдеп, отыра беріппін. Жарқ етіп жарық жанғанда, қарсы алдымда тізерлеп отырған Оны көріп, еріксіз жылап жібердім. Оған деген өкпе мен қуаныш, бақыт – бәрі араласып, көзімнен ыстық тамшы болып домалап жатты…
Осылайша тұп-тура 31 желтоқсан күні мен ақ босаға аттап, Жаңа жылды ақ шымылдық астында қарсы алдым. Содан бері біз бұл күнді армандар орындалатын күн ретінде жақсы көреміз және асыға күтеміз.
Әлия.