Ашхабадта Шымкенттің жаңа жобалары таныстырылды

Шымкент қаласының әкімі Ғ.Әбдірахымов осы аптада Ашхабадта өткен ТМД-ға мүше елдердің шығармашылық және ғылыми зиялы қауым өкілдерінің XIV форумына қатысты. Форум барысында Шымкент қаласы «Достастықтың мәдени астанасы 2020» бағдарламасының тұсаукесері өтті.

Шымкенттің 2020 жылы ТМД-ның мәдени астанасы болып жариялануы үлкен мәртебе екенін айрықша айтқан Ғабидолла Әбдірахымов жыл бойы Шымкент шаһарының ауқымды мәдени бағдарламалар мен кездесулер өтетін алып алаңға айналатынын жеткізді. Сонымен қатар қала басшысы қала аумағында жүзеге асып жатқан жобаларға тоқталды.

Оның айтуынша, Шымкент қаласы əуежайында жаңа жолаушылар терминалының құрылысы басталған. Жобаның инвестициялық құны 50 миллион АҚШ долларын құрайды. Жаңа терминалдың іске қосылуы нәтижесінде әуежайдағы жолаушылар ағымы 10 есеге артатын болады. Сонымен қатар, қаладағы теміржол вокзалына жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде қызмет көрсетудің халықаралық стандарттарына сәйкес күніне 9 мыңға жуық жолаушыны қабылдайтын болады.

Бұдан бөлек, Шымкентте 3 мың орындық заманауи «Конгресс-орталық» салу мен 20 мың орындық орталық стадионды қайта жаңғырту жоспарлануда. 2200 жылдық тарихы бар шаһарда «Ескі қалашық – Цитадельді» қайта жаңарту мен «Қошқар-ата» өзенінің жағалауын абаттандыру жұмыстары басталды. «Цитадель» – Шымкенттің бірегей мәдени-тарихи аймағы. Қалпына келтіру жұмыстары аяқталғаннан кейін бұл нысан тек мегаполистің ғана емес, бүкіл Қазақстанның жарқын туристік брендіне айналатын болады, деді әкім.

Заманауи инфрақұрылымның жоғары халықаралық стандарттарына сай 400 гектар аумақта салынып жатқан «Shymkent City» қалашығы туралы айтқан қала басшысы «Хеппилэнд» көпфункционалды отбасылық ойын-сауық кешені де бой көтеретінін мәлімдеді.

Сөз соңында Ғабидолла Әбдірахымов Шымкенттің келісті келбетімен, жылылығымен, қонақжай қалпымен, игі дәстүрімен және тәлімді тарихымен мақтана алатынын жеткізді.

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.