Ауыздан «ақ ит кiрiп, қара ит шығатын» күйге де жеттiк пе?
Жуырда Шымкент қаласында ақын-жазушы, БАҚ пен шығармашылық еңбек өкілдерінің басы қосылған алқалы жиында жұртшылықты елең еткізген өте өзекті де, өткір мәселе қалың көпті бей-жай қалдырмаған сыңайлы.
Осы жиында шындықты шыжғырып тұрып айтқан әріптес, замандастарымызға айтар әңгімеміз жоқ. Ұлтын шынайы сүйетін, ұлтына шын жанашырлығы бар, қысқасы қазақ үшін намыстанатын ел перзенттері ғана барды бар, жоқты жоқ деп айта алады.
Қазір көлгірси сөйлеп, жалаң мадақ айтатындардың есебінен жаңылып, ел-жұрт отыр. Екінің -бірі «Карл Маркске» айналды. Қоғамда бел алып кеткен «жабайы демократия» өмірдің барлық саласына дендеп, «қазақ уәжді сөзге тоқтаған», «…сөзіне қарап кісіні ал», т.б. ескеру түгілі, жан-жағымда менен де өзге ел-жұрт бар ғой деген қаперге алудан қалдық. Ойыңа не келсе, соны істейсің, аузыңа не түссе соны «оттайсың».
Алқалы жиында белгілі азамат осы сорақылықтың басында блогерлердің тұрғанын ашына отырып, ашық айтты. Елжанды азаматтың «Жанайғайы» орынды екені анық-ақ. Телеарналар ұрпағымызды рухани азғындыққа апаратын болды деп күйініп жүргенде, әлеуметтік желідегі «данышпандардың» кейбірінің «аузынан ақ ит кіріп, қара ит шыққан» жазбаларын оқығанда естен танасың дегенді айтсақ артық бола қоймас. Шындығында, кейбірін оқығанда бетіңнен отың шығады.
Қазақтар бұндай бейауызды балағат сөздерді айтпайтын еді ғой деп жағаңды ұстайсыз. Адамдардың аты-жөнінің бір-екі әріпін ауыстырып қояды да, адами аузымен «итке ұқсап құсатынына» тұла бойың тіксінеді. Қазақтың ұл-қызы соншама бейауыз болған жоқ еді, не болған сонда бұларға?
Ата-бабаларымыз кеше қазақтың даласын Шыңғысханның әскері отқа орап, Қалмақ пен Жоңғар шапқыншылығын тоқтатпай, ал фашизммен соғысқанда бір үйден қаншама боздақ хабарсыз кетіп, қаншама үйдің оты өшкенде де бейауыз сөз айтпаған қазақтың бүгінгі ұрпағының аузына «қанден иттер» қалай кіріп жүр? Ілгеріде «ауылдың қатындары сияқты, бетпақ, бәдік, бейауыз екен» деген еміс-еміс есте қалған болса, енді біздің өркениет көшіне ілескендегі сиқымыз осы болғаны ма?
Осы бір өрескел оспадарсыздықтың еңсесін тіктеп, еркінсуіне мүмкіндік берген өзіміз деп ренжитіндер де бар. Шындығында БАҚ бетіне материал жарияланған соң, оның иесі тұтынушы халық болса, оны біздің шала сауатты «шалажансар» жазғышбектер әлі түсініп те жүрген жоқ сияқты.
Киелі қалам ұстауды қастерлі кәсіп деп білудің орнына, өздерінің «суық қаруымен» шенеуніктерді қорқытып-үркітіп, жеңіл жолмен «нәпақа» табудың жолындағы пендешілікке кеткен сияқты. Шындығында облыс пен қалада сайттарға берілетін мемлекеттік тапсырысты бірнеше жүздеген миллион теңгеге жеткізіп, мемлекеттік бюджет қаржысының оңды-солды шашылуға шыққанын қалың жұртшылық көріп-білмей отырған жоқ. Тіпті, аудандардың сайтқа тендер беруге көшкені жасырын емес. Жергілікті атқарушы органдардың шенеуніктері «сайт» десе жапырақша дірілдеп, «блогер» десе, етпетінен түсетінін өңірдің бес жасар баласына дейін біліп отыр. Осыдан кейін блогерлер қалай «талтаңдамасын»!? Күнгей ауданның бірінде өткен іс-шараға тігілген «Киіз үйге» ардақты ардагерлер мен зейнеткер журналистерді кіргізбей: «Бұл үйде блогерлер тамақтанып жатыр. Сіздер 2-3 сағаттан кейін келіңіздер»,- деп айды аспанға шығарғаны «анекдот» болып айтылып жүрген жоқ па?
Біздегі БАҚ саласының беталдылыққа кеткеніне жылдар жылжып барады. Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы болып ел-жұртқа танымал қаламгер Бейсенбай Тәжібаев келсе, Тәңір бізді қолдайтындай көріп, жалбарынышты тілегімізді төгілтіп тұрып, БАҚ-та жариялағандардың бірі біз едік. Оңтүстіктің намысы үшін «басын ауыртатын» басшыны көрмедік. Халық та оны көріп отыр. Көреген саясаткер Ж.Түймебаевтың сенім артқан жерлесі Б.Тәжібаев осы «показухасымен» жүре берсе, басшылар ғана емес, барша түркістандықтарды ел алдында «жерге қаратып» қоймай ма? Қазіргі беталысымыз соны көрсетіп тұрған жоқ па?
Осының бәрін ой сарасына салғанда, дана бабаларымыздың өмірдің ащы шындығын «Басиесіз елдің иті – осырақ» деп сүйектен өтердей етіп айтқаны ойға оралады. Өйткені, журналистер қауымдастығының басиесіз қалғаны баршаға белгілі. Жалған намысшыл, шындықтан шаян шағатындай қорқатын өзіміздің екі-үш «көсем» көкелердің «Бас газет анау-у, ауылында, ішкі саясат тізгіні мынау ауылда» деп бөлектеп, «журналистер одағы енді біздің ауылдың қызының қолында болсын» деп, одақтың филиалы төрайымына «самозванканы» отырғызғанынан бері беталдылықтың орын алғаны айтылмай жүр ме?
Облыс әкімі Ж.Түймебаев өңір тізгінін ұстап, өзінің 50-60 редактормен өткізген алғашқы кездесуінде «Оңтүстік Қазақстан облыстық журналистер одағын» құрып алыңдар» деп тапсырғанымен, «кукла көкелер» оған жол бергізбей қойған сияқты. 300-ден астам қаламгерлер «ел-жұртқа күлкі болмайық» деп БАҚ күнінің іс-шарасына қатысқаны болмаса, басы піспей жүргенде, мемлекетіміздің сарабдал саясатын баянды етуге бір кісідей қатысудың орнына «Балапан басымен, тұрымтай тұсымен кеттінің» күйін кешудеміз. Облыстың тарихында болмаған «журналистердің сотталуы» деген шықса, бүгінде блогермен блогер соттасып, оңтүстік жұртшылығын жерге қаратып отыр. Ел-азаматтарының алқалы жиындағы «Жанайғайына» сергектік көрсететін отаншыл азаматттар оңтүстіктен әлі де табылар деген ойдамыз.
Әділ Мұратбеков
«Қазақстан жолы» газеті, №42 (687) , 17. 11.2018 жыл.