БАҒБАНДАРҒА БАҒАЛЫ КЕҢЕСТЕР
* Қиярдың жанына күнбағыс ексе, қияр өнімін бірнеше есе көп алуға болады.
* Алма мен шие көшеттерін бір-бірінен алысырақ отырғызыңыз. Олардың тамыр жүйелері бір-біріне кері әсер етеді.
* Жемісжегі көбелектен түймешетен, аюбадам және жусан шөптері жақсы қорғайды. Осы өсімдіктердің бірін алма ағашының түбіне отырғызсаңыз, ешқандай зиянкес жоламайды.
* Қиярдағы бітеден құтылуға кәдімгі күл көмектеседі. Ол үшін 1 стақан күлді 1 литр қайнаған суға салып, екі сағат тұндырып қойыңыз да, 5 литр сумен араластырып, өсімдікке сеуіп шығыңыз.
* Шалғам, салат жапырақтары, қияр, қырыққабат пен кәді көп суғаруды қажет етеді.
* Қырыққабат жейтін ақ көбелекті кетіру үшін қырыққабаттың ара-арасына қызанақ көшеттерін отырғызса жеткілікті.
* Бақбақ жапырақтарының тұнбасы да өсімдік биттерінен немесе бітеден құтылуға көмектеседі. Ол үшін 400 г бақбақ жапырақтарын бір шелек жылы суға салып, бір тәулік тұндырыңыз. Сосын азырақ үгітілген сабын қосып араластырыңыз да, бүріккішпен өсімдікке бүркіп шығыңыз.
* Егер қызанақ көшет-терінің жанына райхан гүлдерін ексе, қызанақтың дәмі жақсара түседі.
* Қарағай мен шыршаның тікенектерін еттартқыштан өткізіп, қырыққабаттың түбіне тастаса, қырықбуын құрттар жоламайтын болады.
* Бақшада иттікен қайта-қайта шығып, мазаңызды алса, сабағын түбінен кесіңіз де, орнына тұз сеуіп қойыңыз.
* Картоп бой көтерген соң, гүлдегенге дейін суғармаңыз. Әйтпесе бойы өсіп, бар күші жапырағына кетіп қалады.
* Жаңа жиналған қалақай жапырақтарының тұнбасы өсімдіктер үшін өте пайдалы тыңайтқыш бола алады. Бұл үшін жарты шелектей қалақай жапырағын жинап, үстіне су құйыңыз да, бір апта тұндырыңыз. Сосын 1 литр тұнбаны 10 литр суға араластырып, өсімдіктерді суғарып шығыңыз.
* Егер жерді күлмен тыңайтса, әсіресе гүлдер жақсы гүлдейді.
* Мойыл мен аюбадам бұталары шыбын мен тарақанды жолатпайды.