«Басиесiз елдiң итi осырақтың» керi емес пе?

«Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықтының» филиалы

Жуырда Шымкент қаласында журналистердің бас қосуы болып өтті. Онда ҚР журналистер одағы­ облыстық филиалының есебі беріліп, осы одақтың Шымкент қалалық филиалы құрылып, оның басшылық құрамы сайланған

Қазақтың адалынан туған перзентінің бірі Камал Смайылов республика журналистерінің тізгінін ұстаған кезде оңтүстіктің сайдың тасындай болған қаламгерлері бірі-бірімен құдасындай сыйласып, құрдасындай сырласатын шуақты шақты өткізді. Ал, қалай одақтың тізгінін ұстауға С.Матаев келді, Шым­кенттің не жазып қалғаны бар, әйтеуір бір өгей­­сінуді сезіне бастағандай болды. Жылдар жылжығанымен, орталықтың оңтүстіктегі филиалға іші жылымай-ақ қойды. Бас қалада өткен журналистердің халықаралық форумына «қарашаңырақтағы» жүрген қаламгерлерді қойғанда, жарқ етіп шыққан жас таланттар да қатыстырылмайтын. Ешкімге керексіздей етіп шеттетудің қорлауына төзгісіздік көрсеткен оңтүстіктің қаламгері енді «Оңтүстік Қазақстан Журналистер одағын» құрып, оның басқарма төрағасы болып 2005 жылдан И.Әбубәкіров біршама уақыт жұмыс істеді.

Ол кезде идеологияның басында ел арысы Дархан Мыңбай отырғандықтан, БАҚ-тың бағы ашыл­ғандай болды. Арада біршама жылдар өткенде С.Матаев әріптесіміз Д.Әбіш арқылы Одақтың облыстағы филиалы төрағалығына «Хабар» теларнасы тілшісі Ә.Рақымды сай­лап, журналистердің бірігуін сұраған сәлемін жеткізеді. Береке-бірліктің жасампаздығына жаны құмбыл әріптестеріміз С.Матаев райынан қайтыпты ғой деген ниетпен оның өтінішін жерде қалдырмады. Филиалдың тізгінін біршама уақыт ұстаған Ә.Рақым қызмет орнын ауыстырып, филиалдың төра­ғасы болып «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы болып жүрген Б.Тәжібаев сайланды. Журналистер ендігі жерде журна­лис­тер одағы филиалының төрағасы тізгінін өңір­дегі баспасөздің «Қарашаңырағы» «Оңтүс­тіктің» басында кім отырса, соған беретін боламыз және баршамыз соның маңына топтасамыз деген ортақ пәтуаға келді. Қаламгерлер тынысында бірліктің тың құлшынысы пайда болғандай журналистер этикасы ауқымды сөз етіліп, оның талаптары қойыла бастады. Жас қаламгерлердің кәсіби шеберліктерін арттыруға назар аударылып, «фотоэтюд» байқауы өткізілді.

«Арқалағаны алтын, жегені жантақ» болған халық жанашырларының енді еңсемізді тіктеген шығармыз деген үміттері де ұзаққа созылғандай болмады. Б.Тәжібаев Астанаға қызмет ауыстырғаннан кейін екі жылдай төрағасыз жүруге тура келді. Облыстың атына сын боларлық тірлікке төзгісіздік көрсеткен намысшыл әріптестеріміздің табанды талап қоюынан кейін төраға сайлау жиналысы әрең дегенде өткізілген болды.

Бұл кезде облыс әкімі Баспасөз қызметінің жетекшісі болып республикаға танымал журналист, «шығыстың» төл перзенті Берік Уәли қызмет істейтін. Жаңашылдығы және еңбекқорлығымен ерекшеленетін асқа­ралы азамат оңтүстік өңірінің тынысына ден­деп еніп, БАҚ-тың басын көтеруде қан­шама игі істердің бастамашысы болды. Ал, облыстың бас басылымының тізгіні оңтүс­тіктің өз баласындай болып кетсе де, «биографиясының географиясы» қағаздың бетінен көрініп қалатын Бақтияр Тайжанның қолында болатын. Облыстық телеарнада оңтүстіктің топы­рағынан нәр алып өскен азаматымыз отырғанымен, шежіресіндегі «шикіліктің» барын тізіп жүрген біздің «Техастың» таяз ойлы да, жалған «намысқой» «көсемсымақтары» ең құрығанда филиалдың басшылығын өз «ауылымыздан» шығармауға бел буып, «шолақ белсенділік» көрсетуге шығады. Осы жиналыстың модераторы болған әріптесіміз К.И. облыстық ішкі саясат басқармасының БАҚ түгіл мұрнына идеологияның иісі бармайтын «басшы-сымағы» Г.Тағаеваның «тапсыр­масы­мен» төрағаға үміткерлердің қатарына «Шымкент келбе­тінің» редакторы Айгүл Қапбарованы қосып жіберіп, одан сайлаудың қорытынды дауыс беруіне Б.Түйетаевпен бірге А.Қапбарованы алып шығады.

ҚР заңнамасы талаптарында қоғамдық ұйымдардың сайлауында «Санақ комиссиясы» құрылып, соның Хаттамасының заңды күші болатындығы көрсетілген. Бұл сайлау жиынында да, заң талабына сәйкес 3 кісіден «Санақ комиссиясы» құрылды. Бірақ одан не пайда? Осы «Санақ комиссиясының» жұмыс істеуіне мүмкіндік бермеген «модератор» Б.Түйетаев – 26 дауыс, А.Қапбарова – 28 дауыс алды дегенді өзі ауызша хабарлады да, А.Қапбарованың филиалдың төрайымы болғанын айтып, жиналысты жаба салады. Оны жаппаса да болмайтын еді. Өйткені, не «Хаттама» оқып таныстырылмады. Тіпті «Санақ комиссиясының» Хаттамасы жазы­лып, оған комиссияның 3 мүшесінің қолы да қойылған жоқ. А.Қапбарова өзінің шынымен «заңды» сайланғанын дәлелдегісі келсе, қылмыс әлеміндегі «Тело нет, дело нет» дегенді жасаудан басқа амал жоқ. Ондайға бара қоймас дегеннің өзінде, «по шымкентский» жасаудың небір сұмдықтары еске түскенде, еріксіз тіксінесің. Жәй бір «атақ» үшін ел заңының белінен басып, бүйрегіне біз тыққан сорақылығының куәсі болған соң, А.Қапбарованың соншама атаққұмарлығына, тіпті қалам­ның киесінен қорықпай, шындық деген ұлылықты табанымен таптағанына қалай таң­данбассың? Жиналысқа қатысқан 87 әріп­тесінің алдында ар-ұятты да ұмыт­қаны ма, сонда!? Оңтүстіктің жасы 70-80-ге жет­кен қарт қаламгерлеріне дейін А.Қап­баро­ваның жосықсыз әрекетін айыптап, өз наразылықтарын түрлі басылымдарда бет-бет етіп жариялауға дейін барды. Арлы жанның сүйегінен өтіп кетерліктей болса да, «былқ» ете қойған А.Қапбарованы көрмедік. Егер А.Қапбарова ондай мәселелерден хабарсызбын дейтін болса, онда «Сарғайған беттерден» айдарымен сол материалдарды біз өзіміздің газетімізде қайта жариялап бере аламыз. Бұл ғана емес, әділдіктің аяқ асты болғанына намыстанған әріптестің алды ҚР Журналистер одағының төрағасы С.Матаевқа шығып, филиалдың заң талабына сай құрылуына ықпал етуді сұранып көрді. Тіпті, журналистердің арасында шындықтың сақ­талмағанына төзгісіздік көрсеткен оңтүс­тіктің танымал қаламгерлері Ә.Әссанди мен Б.Түйетаев Алматыға арнайы барып, С.Ма­таевтың жеке қабылдауына кірді. Шымкент десе «шешіле» қоймайтындығы шығар, С.Матаев екі журналистті «мұқият» тыңдаған болып, апарған құжаттарын алып, арқаларынан қағып, шығарып салып тұрып бұл мәселені аяқсыз қалдырмайтынын, Шымкентке Одақтан арнайы кісі жіберетінін айтып, екеуінің де «құлағынан теуіп» шығарып салады. Одан кейін қаншама рет Алматыға телефон шалынғанымен, адам ғұрлы көріп, бір ауыз жауап та бермеді. Оның солай болатынын шымкенттіктер білетін де еді.

Бұл мәселенің «картасын» ашып тастап, қаламгерлердің арасына «от тастап», халыққа қызмет етуге арнаған тірліктері мен бірліктеріне «сына» қағып, іріткі салуды тоқтататын уақыттың жеткенін ащы да болса, ашып айтып, оны газетімізге жарияладық. Мақсатымыз –өзінің шығармашылық еңбегімен республикаға үлгі-өнеге көрсете алатын қаламгерлеріміздің мол мүмкіндігін ескерусіз қалдырмай, қолда барды қадірсіз етіп алмау еді.

Енді Қапбарованың халықаралық сотқа жүгірмесіне кім кепіл?

 Журналистердің қоғамдық ұйымының жұмысын басқаруды қорқыту, қуғынға алу арқылы жүргізсем, менен өткен беделді басшы болмайды деген пендешілікті жаңа «төрайым» ойына түйген болса керек, алғашқы жұмысын журналистерді сотқа беруден бастағаны барша жұртқа аян. Атауы «орынтақ» деп айтылатын «атақты» заңсыз иеленуіне қарымды қарсылас бола білген «Еркін ой» газетінің бас редакторы Б.Түйетаевты сотқа беруден бастады. Республикалық «Жас алаш», «Түркістан» газеттерінде жұмыс істеген кездерінде есімі бүкіл еліміздің төрт бұрышында ілтипатпен аталып, ауыздан-ауызға аңыздай айтылатын қарымды қаламгер Б.Түйетаевтың қасында өзінің кім екенін ойлауға пендешілігі жібермеген болса керек. Өзінде биліктің күші барын дәлелдегісі келгендей болған «төрайым» әріптесіне айыппұл салдыруға қолы жеткенде жаны жай тапқандай болған сыңайлы.

Өзінің бетінен жел ескізбеуді дағдыға айналдыруды көңіліне түйген А.Қапбарованың өрескел тірліктеріне қатысты баспасөзде сыни материал жариялаған әріптесі Ә.Әліпті сотқа беріп, жыл бойында соттасумен, жауласумен «кайф» алатын күндерді «өлтіргеніне» не деуге болады? Іштің, жедің десе мақұл ғой. Бар айтқаны, «Баспасөз күні» атаулы мерекесінде «бастығын» пайдаланып, «өз адамдарына» марапаттарды орынсыз бергізгеніне сыни тұрғыдан пікір білдіргені ғана.

Елдің есінде «А.Қапбарова анау бір әріптесімен де, мынау бір әріптесімен де соттасып еді» деген гулеген әңгімелер ұзақ сақталатыны анық-ақ. Журналистердің ұйымын басқарған адамның сиқы осындай болған соң, не тірлік оңа қойсын!? Оның «төрайымдық» кезеңінде облыстың тарихында болмаған, журналистердің сотталуы кең қанат жайып шыға келсін. Алды темір тордың арғы жағынан шықты. Осы «төрайымның» журналистердің тізгінін ұстаған 1,5-2 жылында 7 қаламгерге сот үкімін шығаруға қол жеткізіліпті. Еңбектің «жемісті» болғаны осындай-ақ болса керек. Оңтүстіктің бірлі-жарым намысты жігіттерінің «елжұртымыздың атына ұят болды-ау» деп күйіп-піскені болмаса, қалың көптің «мына журналистерге не көрінді?» дегеніне көңіл бөле қойған «төрайымды» көрмедік. Соттың есігін жағалағандарын былай қойғанда, басқаша бір  жұмыс істеп көріп пе? Сайланбаған «төрайымдығын» «көкелерінің» күшімен 4-5 жылдай сүйреген А.Қапбарова қалада өткізген осы сайлауына дейін облыс журналистерінің төрт көзін бір түгелдеп көріп пе? Түгелдеуге, ортасына шығуға батылы да жетпейтін. Журналистердің спартакиадасын намысқой редакторлар ұялғаннан өткізетін. Басқа бір шаруаны мен бастадым, мен істедім деп айта ала ма, А.Қапбарова? «Бата бергізіп», «жарапазан» айтқызып жүріп сайланған төрайымдығын «күшейтемін» деп жүріп, енді А.Қапбарова халықаралық сотты іздеумен Еуропа мен екі ортада сандалып қалмаса болғаны да.

«Бай жоқта құл жүреді жораға, ит жоқта шошқа үреді қораға»

Дана бабаларымыздың ел тынысының көшін тартатын жерлерге «қиқым-сиқым», жолбике жалаңқиялар  араласып, ұлттық болмысымызға тән биіктік пен тазалық «былыға» бастағанда ашынғаннан айтқан ащы шындығы шығар, бұл. Қазіргі Қазақстан Республикасы Журналистер одағының хал-жағдайын көрген­де осы сөз ойға оралмай ма?

Арғы жағын қойғанда, қазақ журналис­тика­сындағы Сағат Әшімбаев, Шерхан Мұртаза, Камал Смайылов сынды т.б. саң­лақ­тар салған сара жолдың бүгінде көзден  ұшқа­ны ма? Олай деп қалай айтасың, елдің көзінде, жұрттың аузында жүретін елдің БАҚ тізгінін ұстап отырып-ақ халықтың маңдай тер, табан ақысымен жиналған халық қазынасының жарты миллиардтан астам қаржысын сыбайлас жемқорлықпен ту-талақайын шығарып, сотталған төраға С.Матаев жуырда қайтадан «орынтаққа» отырып жатқан соң. Қазір жергілікті атқарушы органның бишікештері  ғана емес, ел алдында сөз айта аламын дейтіндердің бәрі шетінен өздерін «данышпанға» балап, қарапайым қалың жұртты «тобырға» есептеуін қояр емес. Көптің көзі–көреген. С.Матаев шығысқа барып пісте, Талдықорғанда қызылша егіп, Астанада шағын кәсіпорындар салмағанын көріп отыр ғой көпшілік. Оның жекеменшік жыл­жымайтын мүліктері алыс-жақын шетелдерде тіркеліп тұрғанын қалың көп көріп, есітіп-білмей отырған жоқ. Алматыдан бас­талатын сол қомақты дүниелер ел дәулетінен жымқырылғанына соттың әділ төрелігі айтылды ғой.

Сыбайлас жемқорлықтың майлы сорпа­сы­ның бетін қалқыған С.Матаев бүкіл ел-жұрттың алдында ұятты болғанын сезінсе, құрылтайшы болып қаржылай үлесін қосқанның өзінде, одақ тізгінін уақытша болса да, өзге әріптесінің қолында тұра тұрсын демес пе еді? Онсыз да қазіргі БАҚ уақыт талабымен үндесетін тірлікті жүйелі жолға қоя алмай, быт-шыты шығып жатқан жоқ па? Әлеуметтік желілердің бетін бермейтін «бәлдір батпақты» оқуға бет шыдамайды. «Әй, дейтін әжесі, қой дейтін қожасы жоқ» болғаннан соң, балақтағы биттің басқа шыққаны шығар әлеуметтік желіде «аузымыздан ақ ит кіріп, қара ит шығып» жатқанына ұялмайтын болдық. Жұмыс істейтін республикалық одағы бар ел рухани азғындаумен осыншама төмендемес еді ғой. Қаншама жыл «төрайымның» жалған атағын жамылған А.Қапбарова  ел сүйсінерлік бір тірлік істедім деп айтып бере ала ма?

Шымкентте әділдікті ту еткен, қаламы қарымды қаламгерлер жеткілікті. Әттең, олардың халықтың шын жанашыры болған еңбегінен гөрі, «шымкентшелеудің» шығуына себепкер болатын «жарапазаншыл» жағым­паздардың әспеттеліп жататыны бар да. Бас­иесіздік жайлаған жерде беталдылықтан басқа не болушы еді!?

«Қайнаға айтуын айтты-ау, бірақ орыс…»

Ілгеріде шалғайдағы ауылда бір кісі, екі кемпір, бір келіншек  қыдырып шыққандарында ауданға колхоздан баратын жалғыз «полуторканы» күтіп күре жолдың бойында тұрады. Бір кезде мәшине көрініпті. Оның шофері орыс екен. Соғысқа барып келген ер кісі «есімде қалған орысшам бар, мәшинені мен тоқтатайын» депті. Машина жақындағаннан жолдың жиегіне ентелеген әлгі кісі: «Обожди, обожди, …» деп айқайлай бастапты. Шофер машинаның бос қорабына төрт қазақты отыр­­ғызып алуға ерініп, олардың қасынан зу етіп өте шығыпты. Бажылдап қалған кем­пір­лерге келіншек: «Не дейсіздер, қайнаға айтудай айтты-ау, бірақ орыс орыстығын істеді ғой» деп жұбатса, дәл осы жағдай оңтүстіктің де жур­налис­терінің басынан өткендей болып тұр.

Түркістан облысы әкімі Ж.Түймебаев туған өңіріне басшы болып келген алғашқы айының соңында облыстан шығатын басылымдардың 50-ге жуығының бас редакторымен кездесіп, «Ашық әңгіме» өткізіп еді. Журналистермен ашық-жарқын тілдескен облыс әкімі сонда «Оңтүстік Қазақстан облыстық журналистер одағын құрып алыңдар» деген ойын ашық айтқан болатын. Өңір басшысы Қазақстан Республикасы Журналистер одағының төра­ғасы сотталып жатқан қазіргі мүшкіл күйін ашып айтпағанымен, бір ауыз сөзімен-ақ көп нәрсенің салмағын саралауды аңғартқан еді. Идеологияның бас жағын жағалап жүрген «данышпан көкелер» өздерінің заң­бұзу­шылықпен жалған «төрайым» еткен «тауары» далада қалатынын білгендіктен, облыстың бірінші басшысының ұсынысын есіт­пегендей түр танытумен жүрді. Бірлі-жарым әріптестердің осы өзекті мәселені көтер­ген үнін облыстың №1 «Ақ үйіндегі» «жал­пақ­шешейлер» де есітпеген болып отыра береді.

БАҚ-қа ешқандай хабарландыру бермей-ақ, Шымкент қаласында С.Матаев  бұйрығымен құрылған жаңа филиалдың жиыны да опай-топай өткізілді. Облыстың қарт қаламгері Б.Қоныс­беков филиалдың ашылуына батасын беріп, сонау Алматыдағы С.Матаевтың төбе­сін көкке бір елі жеткізетіндей етіп әспеттеп қойды. Халық үнінің шын жанашыры болса, өзінің тәр­биеле­ген шәкірті  А.Қапбароваға: «Оңтүстікте БАҚ төңірегіндегі беталдылық көбейіп кеткенін ел-жұрт көріп-біліп отыр. Өз атыңа да аз әңгіме айтылып жүрген жоқ. Әріптестерің ұсынғанның өзінде «төрайымдықтан» бас тартып, басқа төраға сайлап, ұйымның жұмысына  бір соны серпін әкелуді қарастырайық» десе болмай ма? Болмаса, жиналған әріптестеріне: «Одақты қалқан еткендей сыбайластықпен халық қазынасын талан-тараж етумен бүкіл елді тіксіндірген ұйымнан бойларыңды аулақ ұстап, өздерің жеке қоғамдық бірлестік құрып алуды ойластырсаңдар қалай болады?» деген ағалық ой тастауына болмайтын ба еді? Қазақтың 600 млн. халық қазынасын тонау түгілі, «итің ұры» дегенге намыстанатынын шымкентіктер ұмытып қалған-ау, әсте.

А.Қапбарованың сайлауынан кейінгі сорақылықтарға не дерсің?

 Шымкенттегі бұл журналистердің алқа­лы жиынында әріптестер арасында жүрек­тен шыққан шынайы жанашырлықтың сөзі түгі­лі, ақжарма көңілдің әңгімесі бүкпесіз айтылды деп айта аламыз ба? А.Қапбарованы төрайым сайлаудан басқа ойды ұмытқан жағымпаздардың ұрандатқан жалаң сөзде­рінен басқа не айтылды мұнда!? Жасанды «спектакльдің» бейнежазбасын еліміздің ол шеті мен бұл шетіндегі бауырларымыз көріп қалса, «мынау шынымен сол Шымкентте болған ба?» деп, сенер-сенбесін білмей таңданатындығына шүбәміз жоқ.

Басқа емес, есімі өңір жұртшылығына танымал болып қалған журналист, жерлесіміз Ерсұлтан Әмірбектің республикалық әлеуметтік желілерде таратқан «Поздравлениесін» көргенде не күлеріңді, не жыларыңды білмейсің. Ол А.Қапбароваға арнаған құттықтауында: «Сайлауда 100 пайыз дауыс жин­ай алмаған Елбасы А.Қапбароваға өкпелемесін» деп бастапты сөзін. Оның «әлемге танымал» Қапбаровасы сайлауда – 100, ал Н.Назарбаев – 95 пайыз ғана дауыс алғанын «қол шапалақтағандай» жариялапты. Кезінде жылжи-жылжи республикалық «Хабар» телеарнасында жұмыс істеуге қолы жеткен Ерсұлтан бауырымыздың өзінің келеңсіз тірліктерімен телеарналарда жұмыс істеуден біржолата шеттетілген соң, Елбасын түйреп кетуден бастап, өзінің іштегі «запыранын» шығарып қалуға тырысқан құйтырқылығы ма? Тәжірибесі жетерлік қаламгердің жазбасы деуге тіл бармайды. Ол ғана емес, сөздік қорын тауысып, Қапбароваға теңеу таба алмай, әлеуметтік желінің «қоңырсық иісін» шығарып жатқандар қаншама болды? Шымкенттіктердің бұл жолғы «жарапазаны» бұрынсоңды еліміздің еш жерінде айтылмағаны анық-ақ.

Оңтүстіктің ұландарына тән кісілік қайда? Қазақи болмысымызды сақтаған салиқалылығымыз қайда? Рухани жаңғыруды ғана емес, жағымпаздықты жаңғыртуға да кіріскеніміз бе?

«Қаламгерге» артылған үміт үлкен

Дәл осы кезде Шымкент қаласында құрыл­ған «Қаламгер» қоғамдық бірлестігінің жиыны өтіп, бірлестік кеңесінің төрағасы болып елімізге танымал ақын, көрнекті қоғам қайрат­кері Қабылбек Төретай сайланса, белгілі жазушы З.Қыстаубай, ғалым, танымал қоғам қайрат­кері Ш.Пірмат, ардагер журналист Е.Бек­құлиев, жазушы С.Исақов, белгілі суретші Н.Шилібаев, С.Сахабат пен Ә.Қалмырза сынды руханият әлемінің саңлақтары кеңес құрамына енгізілді. Белгілі тарихшы  М.Әбдіәкімұлының бастамшылдығымен құрылған қоғамдық бірлестікке оңтүстіктің патриот перзенттері өздерінің жүрек қалауымен топтасқанына ешкімнің шүбәсі болмаса керек.

Оңтүстікте зиялы қауымға зәрулік анық байқала бастады. Ел-жұрттың үміт күткен зия­лылары мен ардагер ағаларының билік­тің «жарапазаншысына» айналғаны бес жасар балаға дейін белгілі болып қалғанын алақа­нымызбен басып жасыра алмайтын шығар­мыз.

Оңтүстікте есімі ел есінде өшпестей болып қалған Төлепбек Назарбековтей абыздың ізба­сарлығына зар болып, «Қақпанында» шың­ғыртып айтатын Мұхтар Шерімнің шындығын аңсай­тындар көбейді. Өңірде зиялы қауымның еңсесін көтеретін уақыттың келгендігін бірлестікке топтасқан осы азаматтар көрсетіп отыр. Рухани жаңғырудың жалаң насихаты енді шын жанашырлықпен жүргізіліп, оның өмір­шеңдігін тарта алатын «Қаламгер» болатындығына үлкен үмітпен қарағандар көп. Тіпті, осы қоғамдық бірлестікке Алматы, Астана қалаларынан өз еркімен мүше болып кірген елімізге танымал қаламгерлер мен көрнекті қоғам қайраткерлері де бар.

(Жалғасы бар)

Ә.Мұратбеков

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.