БЕЙБАРЫС «ТҮРКІСТАН БАРЫСЫ» АТАНДЫ!
Түркістан облысы, Шардара қаласында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жүлдесіне арналған қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» республикалық турнирінің облыстық іріктеу жарысы өтті. Жарыста аудандық және қалалық іріктеулерде финалға шыққан 32 балуан бақ сынады. Сайыстың ашылу салтанатында Шардара ауданының әкімі Болатбек Қыстауов балуандарға сәттілік тілесе, спорт ардагері Бақыт Жаңбырбаев ізбасарларына ақ батасын берді. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Полат Қырықбаев үздік спортшыларға жағдай жасалатынын, олар республикалық, халықаралық сындарға қатысатынын жеткізді.
Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен, Шардара ауданы әкімдігінің қолдауымен өткен жарыста Түркістан қаласының балуаны Әбдіғани Бейбарыс қарсылас шыдатпай, «Түркістан барысы» атанды. Жеңімпазға арнайы белбеу, ақтық сайысқа жолдама және Шардараның спорт жанашырлары атынан жаңа «Нексия» автокөлігі сыйға тартылды. 2-орын алған Кентау қаласының балуаны Жамалхан Дарханға арнайы белбеу, ақтық сайысқа жолдама және 300000 теңгенің сертификаты тапсырылды. Ал 3-орын алған Отырар ауданының балуаны Әбілдаұлы Сабыржан арнайы белбеу мен 100000 теңгеге ие болды.
«Жеңіске деген жігері үшін» Бәйдібек ауданының балуаны Сіргебай Ерназарға, «Көрермен көзайымы» номинациясы бойынша Сарыағаш ауданының балуаны Әбдімәлік Мұхтарға бағалы сыйлықтар берілді. Жалпы барлық қатысушыларға естелік сыйлықтар табысталды.
Жарыстың жабылу салтанатында Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшылығы жарысты жоғары деңгейде өткізуге атсалысқан Шардара ауданының әкімдігі мен Арман Қарсыбаев бастаған спорт жанашырларына алғыс айтып, «Қазақстан барысына» жолдама алған қос балуанға жеңіс тіледі.