Бес жылдықта бағындырған белес көп
Биыл Шымкент қаласының республикалық маңызы бар қалалар санатына қосылғанына 5 жыл толды. Осыдан бес — алты жыл бұрын қала аумағына инфрақұрылыммен қамтылу деңгейі төмен 40-тан астам шалғай елді мекен қосылған.
Одан бөлек, қаланың қажеттілігіне жетіспейтін инфрақұрылым, қоғамдық көлік мәселелері өзекті болатын, қазір бұл сұрақтар біршама шешімін тапты.
Көрсеткіштерге келетін болсақ, соңғы бес жылда өнеркәсіп өнімінің көлемі 492 млрд. теңгеден 937 млрд. теңгеге жетті, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 58 мыңнан 110 мыңға дейін өсті, сонымен қатар қалаға 2 трлн. теңгеден астам инвестиция тартылып, бюджет көлемі 146 млрд. теңгеден 613 млрд.теңгеге жетті. Макроэкономикалық көрсеткіштерде өсім динамикасы бар. Ағымдағы жылдың 5 айында инвестиция көлемі 22 пайызға, құрылыс жұмыстары 29 пайызға, пайдалануға берілген тұрғын үй алаңы 73 пайызға, бөлшек сауда көлемі 25 пайызға артқан.
ӨНДІРІС
Қалада жалпы аумағы 869 гектарды құрайтын 5 өндірістік алаң жұмыс істейді, онда 13 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын құрумен, 358 млрд.теңгеге 337 инвестициялық жоба іске асырылуда.
Бүгінге қолданыстағы өндірістік аймақтардың толымдылығы 90 пайыздан асты.
Өндіріс алаңдарына қажеттіліктің артуына байланысты, жаңадан 867 гектарды құрайтын 5 өндіріс аумақтарын құру жұмыстары жүргізілуде
Бұл аумақтарда 400 млрд.теңгені құрайтын 284 инвестициялық жоба іске асырылады. Онда 12 мыңға жуық жұмыс орындары құрылатын болады.
Жаңадан құрылатын аумақтардың екеуі қолданыстағы өндірістік алаңдарды кеңейту болса, үшеуі жаңадан құрылатын алаңдар.
Оның ішінде жаңадан құрылатын «Жұлдыз» индустриялық аймағы. Жалпы аумағы 306 гектар аймаққа инженерлік инфрақұрылымның құрылысы жүргізіліп жатыр.
Жаңа индустриялық аймақта машина жасау, фармацевтика, металлургия, жиһаз өнеркәсібі, құрылыс индустриясы салаларында 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылады, 200 млрд. теңгеден астам қаржыға 50-ден астам ірі инвестициялық жоба іске аспақ.
Аталған аймақта инвестициялық құны 147 млрд. теңге құрайтын, 42 жобаны іске асыру жұмыстарын бастап кеттік. Оның ішінде, 2023 жылы инвестициялық құны 7 млрд. теңге құрайтын, 400-ден аса жаңа жұмыс орындарымен 5 жобаны іске қосу көзделуде.
Сонымен бірге, ауылшаруашылық өнімдерін терең өңдейтін өндірістік алаңдарын дамыту мақсатында, аумағы 132 гектар құрайтын «Бозарық» тамақ өнеркәсібі агро-индустриялық аймағында инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы жүргізілуде. Нәтижесінде, 21 жобаға 23 млрд.теңге инвестиция тартылып, 1 800-ден астам жұмыс орны ашылатын болады.Одан басқа Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, сауда-логистикалық орталығын кеңейте отырып, бүкіл оңтүстік өңірі үшін өңірлік-Хаб құру жұмыстары басталды. Жобаны іске асыру мерзімі 2023-2027 жылдар. Аталған аймақта 47 млрд. теңгеге 23 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда.
Сонымен қатар, аумағы 119 гектарды құрайтын жаңадан «Стандарт» жеке индустриялық аймағы құрылуда.
Бұл аймаққа 30 млрд. теңге инвестиция тартылып, 150 жобаны іске асыру арқылы, 2 мың жаңа жұмыс орындары ашылатын болады. Биыл өңдеу өнеркәсібінде 300-ге жуық жаңа жұмыс орнын құрумен 14 жоба іске асырылып, 14 млрд.теңге инвестиция тартылатын болады.
КӘСІПКЕРЛІК
Мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге ауқымды қолдау көрсетілуде.
«Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021 – 2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» аясында 17,9 млрд. теңге бөлініп, жыл басынан 3 176 жобаға 7,9 млрд. теңгеге қолдау көрсетілді.
Одан басқа, мемлекеттік бағдарламадан бөлек, кәсіпкерлерді қолдау мақсатында жергілікті «Іскер қала» бағдарламасы іске асырылуда.
Бағдарлама аясында 1,4 млрд. теңге бөлініп, жыл басынан 153 жобаға 412 млн. теңгеге қолдау көрсетілді.
Бұл ретте, жастар мен әйелдер кәсіпкерлігін 1 пайыздық мөлшермен 10 млн. теңгеге дейін несиелендіру қаралған. Одан басқа бағдарлама аясында кәсіпкерлерге өндіріске бағытталған жеңілдетілген несиелер беру қарастырылған, атап айтқанда 2 пайыздық мөлшермен 50 млн. теңгеге дейін несиелер алуға болады.
Сондай-ақ іс-шара аясында өнеркәсіптік парктерде үш жыл ішінде жергілікті бюджет қаражаты есебінен шағын кәспорындардың жалдау ақысының шығындары өтеледі — 1-ші жыл 75%, 2-ші жыл 50%, 3-ші жыл 25%.
«Бизнеске арналған үкімет – Shymkent Invest» бірыңғай орталығында 33 мыңға жуық кәсіпкерге, оның ішінде жыл басынан 5 мыңға жуық кәсіпкерге бизнес-жоспарды әзірлеуден бастап, жобаны пайдалануға беруге дейінгі құжаттарға қолдау көрсетілуде.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде, бүгінге қалада белсенді жұмыс жасайтын кәсіпкерлік субъектілер саны 124 мыңнан асып, өткен жылмен салыстырғанда 52 пайызға артты.
БІЛІМ
Білім беру нысандарын дамыту мақсатында соңғы бес жылда 48 810 орындық 105 мектеп пайдалануға берілді. Оның ішінде, 80%-ы жеке инвестор есебінен салынған.
Нәтижесінде, үш ауысымды мектептер саны 19-дан 3-ке, ыңғайластырылған мектеп саны 17-тен 3-ке азайды.
Биыл 18 мектепті пайдалануға беріп, үш ауысымды мектеп мәселесін толығымен шешуді көздеп отырмыз.
Президенттің бастамасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында қалада 2026 жылға дейін 28 мың орынды 18 мектеп пайдалануға беріледі.
Сонымен қатар, Мемлекет Басшысының тапсырмасына сәйкес, екі Оқушылар сарайының құрылысы басталып, оның біреуі биыл пайдалануға беріледі. Одан басқа 750 орынды 5 өнер мектебінің құрылысын салу жоспарлануда.
ДЕНСАУЛЫҚ
Соңғы 5 жылда денсаулық сақтау ұйымдарының материалдық-техникалық базасымен жарақтандыруға 19 млрд.теңге бағытталып, қамту деңгейі 67 пайыздан 79 пайызға артты.
Соңғы 4 жылда 12 жеке емханалар ашылып, мемлекеттік емханалардың жүктемесі 30 пайызға азайды. Өткен жылы қалада жеке инвестор есебінен ПЭТ/КТ сәулелі терапия орталығы ашылып, қатерлі ісік ауруын бастапқы сатысында анықтап, алдын ала емдеуге мүмкіндік беруде.
Биыл жеке инвесторлар есебінен 3 жаңа емхана ашылды.
Осы атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесінде жыл басынан жалпы өлім көрсеткіші 8%-ға (2022ж. – 1741; 2023ж. – 1604), нәресте өлімі 20,6% — ға төмендеді (2022ж. – 122; 2023ж. – 97). Ана өлімі тіркелмеген (2022ж. – 7,9; 2023ж. — 0).
Сонымен бірге 2025 жылға дейін жаңа заманауи перзентхана мен жеке инвесторлардың есебінен 800 орындық клиниканың құрылысы және 6 медициналық орталық ашу жоспарлануда.
СПОРТ
Бұқаралық спортты дамыту мақсатында, осыдан 3 жыл бұрын республикада алғаш болып «Шымкент жастар лигасы» атты бірегей жобаны басталған. Жыл сайын оқушылардың қызығушылығы артып, лига ауқымы артуда. Биыл 151 мектептен 500-ден астам командалар жасақталып, 6 мыңға жуық оқушы қатысты.
Қалада спорт инфрақұрылымын дамыту мақсатында биыл «Үстел теннисі спорт кешені» және «Жаңа ипподром» құрылысы (демеуші есебінен), «Металлург» стадионын реконструкциялау жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді.
Жыл соңына дейін бюджет есебінен ауысымына 250 баланы қабылдайтын 2 спорт ғимараты және жеке кәсіпкер есебінен «SPORT LIFE» футбол орталығының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілетін болады.
Биылғы жылы спорттық үйірмелермен жан басына шаққанда қаржыландыру арқылы 19 мыңнан астам бала қамтамасыз етілді.
ӘЛЕУМЕТТІК ҚАМСЫЗДАНДЫРУ
Халықты жұмыспен қамту шараларына биыл 57 мың адам жоспарланып, оның 42 мыңын тұрақты жұмыспен қамтылу қажет.
Жыл басынан 14 мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылды.
Соңғы жылдары жұмыспен қамту шараларын күшейту арқылы әлеуметтік көмек алушылар саны өткен жылмен салыстырғанда 22 пайызға азайып, 10 794 отбасыны құрады (2022 ж. 5 айы –13 778 отбасы).
ИНФРАҚҰРЫЛЫМ
Соңғы 5 жылда инженерлік — инфрақұрылым жүйелеріне бюджеттен 191 млрд.теңге бағытталып, оның 87 пайызы немесе 166 млрд.теңгесі соңғы үш жылда бөлінді.
Нәтижесінде, 1 магистралды суаққы салынып, қуаттылығы тәулігіне 364 мың кубқа жетті. Ол, шамамен 2030 жылға дейін жетеді. 4 подстанция салу арқылы, электр энергиясының қуаттылығы 490 мВт-қа жетіп, қаланың 2025 жылға дейінгі қажеттілігі шешілді.
Газдандыру саласында жаңа АГРС салу арқылы, газ қуаттылығы тәулігіне 430 мың метр кубқа жетіп, 2030 жылға дейінгі табиғи газ мәселесі шешімін тапты.
2022 жылдың қорытындысымен ауыз сумен қамту деңгейі 98 пайызға, электрмен қамту 98 пайызға, табиғи газбен қамту 94 пайызға жетті.
Биыл елді мекендерді ауыз су, сапалы электр жүйелерімен қамту мәселесін шешсек, 2025 жылы табиғи газбен қамту мәселесін толығымен шешу жоспарлануда.
Көлік инфрақұрылымын дамытуға бөлінетін қаражаттың көлемін биыл 38,0 млрд.теңгеге жеткізіп, 2018 жылмен салыстырғанда 5 есеге ұлғайтылды.
Соңғы 5 жылда ұзындығы 900 шақырымнан астам асфальтталған жол салынып, қаланың орталық бөлігіндегі ірі жол айрық пайдалануға берілді.
Биылғы жылы қалаға кіреберістегі басты магистралды жолдағы жол айрықтың құрылысы, қаланың Солтүстігі мен Оңтүстігін байланыстыратын магистралды жолдың, қаланың транзиттік әлеуетін арттыратын айналма жолдарды пайдалануға беру жоспарлануда (Бәйдібек би-Арғынбеков жол айрығын, Оңтүстік және Шығыс айналма жолдарын, Қонаев даңғылының 3-ші кезеңін, А-2 автомобиль жолының 2-ші кезеңін, Өтегенов көшесінің жалғасын, Темірлан тас жолы және А-2 автомобиль жолындағы үш жаяу жүргіншілер өткелдерін (Алаш, Бекжан базары маңы) пайдалануға беру).
Нәтижесінде, жақсы және қанағатты жағдайдағы жолдардың үлесін 2018 жылғы 54 пайыздан биыл 71 пайызға жеткізу көзделуде. .
Жолаушылар тасымалының деңгейін арттыру мақсатында, қаладағы автобустар паркін соңғы 5 жылда 35 пайыздан 90 пайызға дейін жаңартып, шалғайда орналасқан елді мекендерді толығымен автобуспен қамтылды.
Сонымен қатар жеке инвестор есебінен құрылысы жүргізіліп жатқан жаңа әуежай терминалын жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда.
Темір жол вокзалы сенімгерлік басқаруға беріліп, жеке инвестор есебінен толығымен қайта жаңартылатын болады.
Нәтижесінде әуежайдың жолаушыларды өткізу қабілеті сағатына 200 адамнан 2 000 адамға, темір жол вокзалы тәулігіне 2 000 адамнан 6 000 адамға дейін артады.
ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫСЫ
Соңғы бес жылда 3 млн. 700 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй салынды, оның 2 миллионы соңғы екі жылда берілді.
Ендігі кезектегі межеміз — жыл сайынғы тұрғын үй көлемін 2 млн. шаршы метрге жеткізу.
Ол үшін бірінші кезекте инфрақұрылыммен дер кезінде қамтуымыз қажет. Бүгінгі таңда, құрылыс аумақтары айқындалып, инженерлік жүйелерді жобалау жұмыстары басталды.
Биыл мемлекеттік бағдарлама шеңберінді 4 445 отбасы баспанамен қамтылады.
Дегенмен, мемлекеттік бағдарламадан тыс қалып отырған әлеуметтік санаттағы азаматтар да бар.
Аталған санаттағы азаматтарды тұрғын үймен қамту мақсатында, «Қамқор» жергілікті тұрғын үй бағдарламасы қабылданды. Бағдарламаны жүзеге асыруға 3 млрд. теңге бөлінді (150 азаматқа 20 млн. теңгеге дейін 5 пайызбен жеңілдетілген несие).
ҚОЛАЙЛЫ ҚАЛА ҚАЛЫПТАСТЫРУ
Қала тұрғындары мен қонақтарына қолайлы қала қалыптастыру мақсатында, ағымдағы жылы 9 гүлзар, 1 саябақ салу және қала орталығындағы Қошқар ата өзенінің жағалауын абаттандыру жұмыстары жүргізілетін болады. Сонымен қатар, аумағы 42 гектарды құрайтын Шымсити шағын ауданында жаңа саябақ құрылысын басталды.
Қаладағы демалыс аймақтарын ұлғайту мақсатында, жоспарға сәйкес жыл сайын 10 гүлзар салынатын болады. Тиімді және нәтижелі жұмыс жасау үшін халықпен кері байланыс өте маңызды.
Өткен жылдан бастап Мемлекет Басшысының Жарлығымен әкімдердің халықпен кездесу өткізу тәртібі өзгерді. Осы орайда, тоқсанына 1 рет қаладағы 5 аудан тұрғындарымен кездесудің желілік кестесі бекітілді.
Биылғы жылдың 5 айында қала аумағындағы тұрғын алаптар мен шағын аудандарды аралап, 70 кездесу өткіздім (908 мәселенің: 381 шешілді, 432 орындалуда, 95 мәселе 2024-2025 жж. шешіледі).
Сонымен қатар, әкімнің жеке қабылдауы барлық мемлекеттік органдар басшыларының қатысуымен күні бойы «ашық есік» форматтында өтуде. Халықты толғандыратын әрбір сұрақтарды бақылауға қойып, жоспар енгізілген.
Жыл басынан бері қала әкімі 6 жеке қабылдау өткізіп, 629 адам қабылдады. Қабылдау барысында көтерілген мәселелер бойынша 322-і тапсырма беріліп, оның 224-і шешімін тапса, қалғандары заң талаптарына сәйкес қаралуда.
Одан басқа, тұрғындарды толғандыратын мәселелерді соңына дейін орындалуына қол жеткізу, ашық және тиімді жұмыс жасау үшін әр елді мекеннен белсенді азаматтардың бақылауында. Бұл тәжірибе халықпен кері байланысты күшейтіп, қазірдің өзінде жақсы жағынан көрсетіп отыр.