БІЛІМ БЕРУ МЕКЕМЕЛЕРІ ЖҰМЫСЫН РЕТТЕУ ҚАРАСТЫРЫЛДЫ
Оңтүстік Қазақстан облысында сыбайлас жемқорлықты төмендету мақсатында білім беру мекемелерінде техникалық қызметкерлердің жұмысын ұйымдастыру және мектеп директорларын тағайындау жұмыстарын жаңаша форматта жүзеге асыру қарастырылды. Облыс әкімі Ж.Түймебаев өткізген селекторлық жиында аталған мәселе жан-жақты талқыланды.
Жиында облыс әкімінің орынбасары Ұ.Сәдібеков білім саласында орын алған бірқатар сыбайлас жемқорлық деректеріне тоқталып, оның алдын алу жолдарын ұсына келіп:
«2015 жылдан бері сыбайлас жемқорлық, құқықбұзушылық фактілеріне жол берген білім саласының 55 қызметкері тәртіптік, қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Осындай олқылықтың алдын алу мақсатында «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы қолға алынып отыр. Осыған дейін педагогикалық қызметке кандидаттар, жоғарғы оқу орындарының түлектері бос жұмыс орындарын іздеу мақсатында барлық білім беру ұйымдарын аралауға мәжбүр еді. Аталған жүйе енгізілгеннен кейін веб-портал арқылы онлайн-өтінішті жолдап, конкурстық негізде іріктеуден өтіп жұмысқа қабылдауға комиссияға ұсынылады. Бұл жұмыстар қоғамда орын алатын сыбайлас жемқорлық фактілерінің туындауына біршама кедергісін туғызады деп санаймыз»,- деді.
Бұл жүйе Шымкент қаласындағы барлық мектепке орнатылған. Нәтижесінде қаладағы білім ұяларында 12, ал облыс бойынша 205 бос жұмыс орны бар екені анықталған. Дегенмен, кейбір аудандарда аталған жүйенің мақсатты жұмыс істеуі үшін қажетті кабинеттер жабдықталмай және кабинеттің жұмысын үйлестіру үшін ІТ-мамандар бірліктері бөлінбей келген.
Облыс басшысы аудан, қала әкімдеріне аталған кемшіліктерді жедел жоюды тапсырды және мектеп директорларының оқу-тәрбие және педагогикалық инновация жұмыстарымен айналысуына толық мүмкіндіктер жасау мақсатында білім беру ұйымдарындағы техникалық қызметкерлердің жұмысын ұйымдастыруды және мектеп ғимараттарын ұстау қызметтерін жаңа формада ұйымдастыру үшін жергілікті жерлердегі коммуналдық шаруашылық қызметіне беру механизімін қарастыру жөнінде де ұсыныс айтылды.
Жиынды қорытындылаған облыс басшысы өзінің орынбасары Ұ.Сәдібековке талдау жұмыстарын жүргізуді және кемшілікке жол берген мамандарға тиісті шара көруді тапсырып, мектеп директорларын ротациялау бойынша да ұтымды ұсыныс жасау қажеттілігіне тоқталды.
Е.ТӘЖИЕВ