«Білме, білгеннің тілін алма» дегеннен сақтанайық, ағайын!
Қалың қазақ дана бабаларымыздың айтқан «Білме, білгеннің тілін алма» дегенін қарғыстың ең ауыры деп, қабылдап, ұрпағымыз осы қарғысқа ұшырамаса екен деп алаңдайды. Қарапайым тілмен айтылған осы бір тәрбиелік мәні терең өмір философиясын айтқан да, оны түсе білген де ұлттың қанында текітіліктің негізі бар болса, соның бүгінде жұрнағы қалмай бара жатқанына жаның қалай ышқынбайды?
Қараңыз, баршаның өмір тынысына ортақ мәселені көтерген елжандылығы ерен азамат, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаевтың облысымызда жұмыс істеп отырған 17 медициналық колледждің мемлекетке берерінен гөрі, тудырған «проблемасы» ауыр екендігіне жасаған жанайғайын тура естімеген ел сияқтымыз.
Еске салайық, осы 17 колледж әр жылы қаншама мыңдаған жасты арнаулы орта білімді маман ретінде «Диплом» беріп шығарады. Тура бір алыс-жақын көршілес мемлекеттерге кадр дайындайтын сияқты. Онсыз да дәл бүгінгі күнге облысымызда медицина саласының «Дипломды», арнаулы орта білімді 20 мыңнан астам маманы «жұмыссыздар» қатарын құрап отырған көрінеді. Олар қай жылы, қайда жұмысқа орналасады? Оның жауабын ешкім де бере алмайды. Сонда мыңдаған адамның өміріне қатысты өзекті мәселе «баланың ойындай» болғаны ма? Ия, дәл солай.
Мемлекет жұмыссыздықпен күреске мына жақта әр жылы ел қазынасының миллиардтаған есепсіз қаржысын жұмсап отырады, ал анау жақта облысымыздағы 17 медколледжі сияқты жекеменшік мекемелер қаншама мыңдаған болашақ «Дипломды» жұмыссыздарды «конвейерден» шығарып, еліміздегі жұмыссыздар қатарын толтырып отырады.Түсініп көріңіз?
Осының бәрі қалың елдің көз алдында жасалып отыр. Сонда бұл елдің ұрпағының тағдыры жалғыз Елбасына ғана керек пе? Қоғам тынысы, ел-жұрттың тағдыры халық қалаулылары – депутаттарымыз бен мемлекеттің миллиардтаған қаржысын пайдалануы «үрлеп ішіп, шайқап төгіп отырған» аты бар да, заты жоқ қоғамдық ұйымдарды да ойландырмағаны ма?
Ел билігінің «тырнағының астынан кір іздегенде» сайрай жөнелетін «оппозиция-сымақтарды» қарпайым қалың елдің тағдыры алаңдайтын болса, осындай өзекті де, өткір мәселені неге салиқалы да, салмақты сөз етуге бармайды. Осыған қарап, «данышпандардың» көбейгені сорымыз болды-ау дерсің. Және «жаны ашымастың қасында басың ауырмасынды» да айнадан көргендей боласың. Әркім өз «қотырын өзі қаситын» заман ғой. Ал перзентінің «Дипломды» болған күнін өзінде жұмысқа орналастыра алмайтының біле тұрып, соларды ақылы медколледждерге оқытып отырған ағайынға не дерсің? Облыстың тарихында Шымкентте, Түркістанда, Жетісайда мемлекеттік медколледждер жұмыс істеп, өңір сұранысын қанғаттандырып келді. Сонда қаптаған медколледждер қайдан шықты.? Мемлекет медколледждер сұраныстың емес, ұсыныстың көбейгенін білді де, ақылы бөлімдер ашып, оның оқу төлемақысын жекеменшік колледждерге қарағанда күрт өсіріп қойды. Осыдан кейін оларға қарағанда төлемақысы 2-3 есе арзан жекеменшік меколледждер саңырауқұлақтай қаптасын келіп. Мұндай беталдылыққа бұл елде болса да «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» жоқ. «Бұл-менің елім, бұл-менің жерім. Мемлекеттің тынысы-халқымның тынысы, ұлтымның тынысы. Несібе біткен бай-манап қасиетті елімнің ішін «былғанышты» базарға айналдырмасын»,- деп «ауыштар» ғана айтады. Ал «данышпандар» болса: «Міне, бізде демократияның салтанат құрғанын, еліміздің қарқыңды дамығанын көріңіздер»,- деп көлгірсиді. Оларды сандалып жүрген қазақтың жүз мыңдаған жастарының тағдыры қызықтырмайды.
Бір облыста 17 медколледж бар дегеннің өзі, естіген жанға күлкілі емес пе? Тура бір еліміздің бар мүгедектері мен ауру-сырқауларын осы өңірге жинап, бағып-қағып жатқандай.
Ел-жұртына шынайы жанашырлығын танытып, осы өзекті мәселені көтеріп отырған елімізге танымал ғалым-дәрігер, мемлекетшіл азамат Мұқан Кеңесбекұлының 30-ға жуық БАҚ өкілдеріне берген ақпараты мен ортаға салған ой-тұжырымдарының бір серпіліс тудырмағанынан тіксінгендей болдық. Облыста тағы да 17 колледж ашып тастаса да «былқ» ететін адам жоқ сияқты. Өскелең ұрпақтың тағдыры мен мына елдің болашағының өзімізге еш қатысы жоқ, тура бір ел байлығы иесі А.Машкевич, Миттал, Шодиевке тапсырылып қойғандай. Халықтың үні, көзі, әрі құлағы деп әспетеген БАҚ-тың бетінде осы бір өткір мәселеге байланысты тұщымды материал жариялағанын көрмедік.
Ел мен жердің тағдыр тапсырылған жергілікті атқарушы биліктің тізгінің ұстаушылар болса бүгінде олар, ақордадағыларды он орап кететін саясаттың «ойыншысына» айналған. Кемел ойдың кемеңгері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақ елінің еңсесін көтерудің айқын бағыт-бағдарларын белгілеп, оның жүзеге асырудың нақты тапсырмаларын беріп отырғанын қарапайым халық өте жақсы біледі. Бірақ Елбасы белгілеген бағыт-бағдарлар мен мемелекеттік бағдарламалар жергілікті жерлерге келген кезде «саясат ойынының» жарапазанына айналып кететіні бар да. Құрғақ сөзді мән-мағынасыз жиындар көбейіп, БАҚ бетінде белгілі «попугайларымыз» сайрап жатады. Бір жиында бір әкімнің: «Жігіттер, Елбасының алға қойған мына міндетін шешуде әлі талай қиналуымызға тура келеді. Көздерінде ашыңдар. Ақ қағаз көтереді деп жалған ақпаратқа жүгірмендер»,- деп айтқанын естіген адам бар ма өзі?
Ал, облыстағы оннан астам педагогикалық колледждерді бітіріп шығатын мыңдаған жастардың 100-і мектепке мұғалім болып орналаса ала ма екен? Бір өзінде екі университеттің «Дипломы» бар есепсіз мұғалімдер мектептердің есігінен сығаламақ түгілі, шарбағынан ішке өте алмай жүрген жоқ па?
Сонда біздің жерлестеріміздің өз перзенттерінің болашағына жасаған жанашырлығы осы ма? Неге біз қыздарымызды өмір тынысы сұранысына сай тігінші, аспазшы, сұлулық сәндеушісі, сыршы – безендіруші тағы басқа мамандық иесі болып шығуға оқытпаймыз? Қазір тандыр нан жабатын өзбек келімсектердің «мұрнына есекқұрт» түсіп кеткен. Алматы мен Астанада ғой көзден бұл-бұл ұшады. Ал тандырға нан жауып жатқан қазақтың не бір баласы мен қызын көрмейсің. Қазір үйлерге «евроремонт» жасау сәнге айналған болса, сол табысы мол жұмысты атқарушылардың арасынан орыстың қыз-келіншегін ғана көрсең де, бір қазақтың қызын емге таба алмайсың. Сонда бәрімізге жеңіл жұмыс қайдан табылады? Бұл жерде ең өкініштісі – ата-ананың өз перзентерінің тағдырына сергектікпен, ойлы көзбен қарамауы. Ал ондан да өткен өкініш – «дипломды жұмыссыздар да» армиясын мемелекеттің өзінің-өз қолымен жасақтап жатқаны.