БІЗ ӘЛІ ТОЙ ТОЙЛАУДЫҢ АЙНАЛАСЫНДА ЖҮРМІЗ

Төрегелді ШАРМАНОВ

Хакім Абай: «Арсыз болмай, атақ жоқ, Алдамшы болмай бақ қайда?»- дейді. Абай мұны тегін айтқан   жоқ. Ғылымды арзан атаққұмарлық ауруы дендеп барады.

Құндылықтар құлдырауы туралы бұған дейін де айтқам. Тағы да қайталап айтамын, бүгінгі кезең-кезеңмен бағыт алып бара жатқан арзанқол дүниелер құндылықтарды құлдыратып бітті. «Мен болдым, толдым, кереметпін» деп бар мүмкіншілігін той жасауға немесе мансапқорлыққа бағыттайтындар көбейді. Адал еңбекпен емес, еңбексіз тапқан нанның бағасы артты.

*    *    *

Қазіргі жемқорлықтың құлқыны өте кең. Қоғам­да «түйені түгімен жұтатындар» көбейіп кетті. Негізінде, бұл жаман қасиет қазаққа тән емес еді. Кеңестік кезеңде біреудің бір артық нәрсесін көрсе ол талқыға салынатын, тексерілетін, жауапқа тартылатын. Ол кезде қазақ баласы пара беруде де, пара алуда да епсіз болатын. Қазір өлім мен өмірдің арасында арпалысып жатқан адамнан пара сұрайтын халге жеттік. Бұған қатысты біреулер жалақысының аздығын, отбасын асыраудың машақатын айтып ақталады. Бірақ жалақысы қомақты, отбасын асырауға толық қабілетті, қолынан іс келетін жоғарыда отырғандардың да осы дертке ұшырағаны жасырын емес.

*    *    *

Қазір біз биліктің айналасына, тіпті кішігірім шенеуніктік қызметке жастар барып жатса қуанамыз. Жастардың өскені, өрбігені жақсы. Бірақ сол жастардың арасында лауазымды қызметке қолы жетсе, сол қызметпен бірге туылғандай болып, өздерін бір күнде сондай бола қалғандай сезініп, сол қызметтен айырылып қалмаудың жолында анаған да жағымпазданып, мынаған да жағымпазданатындарының бары көңілге кірбең түсіреді. Кез келген адам, мейлі ол жас болсын, қария болсын, өзінің тегін, шыққан ортасын, түп-тамырын білуі шарт. Жалпы, қазақ текті халық қой. Сол текті халықтың тілін, тарихын, мәдениетін, мүддесін менсінбеу – тексіздік. Мұндай тексіздікке жол бермеуі үшін қалталылар, шенділер мен шекпенділер бірін-бірі қолдап, халықтың мүддесін ұмытуды доғаруы керек! Жастарға сын артпас бұрын алдымен алдыңғы буын жағымсыз әрекеттерден тыйылуы керек. Алдыңғы буын арасында жарыса той тойлау, орынсыз науқаншылдыққа салыну, даңғойлық, көрсеқызарлық, әсіреқұмарлық тыйылмай, жастарды жөндеу қиын.

*    *    *

Біздің қоғамды қазір даңғазалық, тойшылдық, шамадан тыс дарақылық жайлап алды. Бірімен бірі жарысып ат шаптырып, той жасау, сол бір ғана той үшін бәленбай сомаға шашылу басым. Қайырымдылық акцияларын өткізу арқылы өздерін көрсетіп қалу үрдісі жиілеп кетті. Бір жетімдер үйіне бір теледидар апарса, оны жар салудың қажеті қанша?!

50-60-70 жасты мерейтой етіп тойлаудың қажеті қанша? Мұның қоғамға пайдасы бар ма? Біреудің мерейтойының тойланғанынан ұлттың мәртебесі арта ма? Қазір той тойлап «әлеулейтін» заман емес. Қазір ақпараттық технологиялық даму ғасыры. Өзге елдер осы көштен қалыспауы үшін ғылым-білімін, мәдениетін, экономикасын же тілдіріп әлек. Біз әлі той-тойлаудың айналасында жүрміз.

*    *    *

Үлкен еңбекпен келетін академик дейтін атақтар, талантпен келетін дәрежелердің бәрі құрдымға кеткендей көрінеді маған. Өйткені жалған атақ, жалған дарын, өзінің қадір-қасиетіне қарама-қайшы, еңбексіз келетін дүниелердің құны артып барады. «Профессор», «ғылым докторы» болмаса, басқа да түрлі атақ-дәрежелердің бағасы төмендеді. Бұрын ғылымға шын жаны ашитындар келетін болса, қазір «мансапқорлар» көбірек иек артатын болды.

Кезінде Ұлттық ғылым академиясында 80-дей академик болса, қазір академиктер мен корреспондент-мүшелердің деңгейі теңестіріліп, академиктердің саны 400-ден асты. Тіпті «академик» атағын қолдан жасап алатын жағдайға жеттік.

*    *    *

Сайып келгенде, бәрінің тонайтыны – қара халық. Сол қара халықтың парақорға жем болып жатқанын көргенде «Қандай заманға тап болдық?!» деп баз кешетінім де рас.

«Орамалын» жасап мәселені шешуге дағдылану – аса қауіпті дерт. Егер біз болашақта ұлт болып ұйысқымыз келсе, алдымен осы індеттен арылуды ойластырғанымыз жөн. Жемқорлықпен қоғам болып күресуіміз керек. Бірден пара беруге ұмтылғанша, мәселені басқаша шешудің жолдарын қарастырғанымыз абзал. Тіпті кейде заңды білмегендіктен, тілді жетік меңгермегендіктен, оп-оңай, болмашы нәрселерді шешуге «рахметін» айтып, сый ұсынатындар да бар. Мұның барлығы күні ертең қазақтың даму үлгісіне кері әсер ететін жайттар. Сондықтан өркениетті елдердің қатарынан көрінгіміз келсе, қоғамды парақорлардан тазартуымыз керек.

*    *    *

Кезінде мен бір ғылыми жиында елдің бәрі орыс тілінде сөйлеп жатқанда  қазақ тілінде сөйледім. Сол күні біреулер өз ана тілімде, мемлекеттік тілде сөйлегенім үшін сыртымнан арыз жазып жіберіпті. Алматыдағы С.Асфендияров атындағы Қазақ медициналық университеті  он ай бойы басшысыз болды. Кейін Астанадан бір әйелді жіберді,  амандасқаннан қоштасқанға дейін тек орысша сөйлейді. «Айналайын, сен еліңді, бізді сыйласаң, ең болмаса қазақша амандасып, екі-үш ауыз қазақша сөйлесейші» дегенімізді де елең қылмады. Мұны министрге де айттық, министр де ескертті оған, құлағына да қыстырған жоқ. Бұндай басшылармен қалай рухани жаңғыра аламыз?

*   *   *

Достық деген қасиетті сезім туыстардың, ер мен әйелдің, әке мен баланың арасында да болады. Менің қазіргі ең жақын досым – балам. Бір салада еңбек еткендіктен болар, өзара түсіністігіміз терең, кешіріміміз мол, ойымыз бір арнада түйісіп жатады. Жалпы, достық дегеніміз – өзара түсіністіктен басталып, сенімге ұласатын сезім. Сенім – достықтың уық-керегесі. Қоғамда әртүрлі деңгейде орын алатын адамдар арасында бақталастық, көреалмаушылық салдарынан өзара сенім жоғалып, достықтың да керегесі босайды.

*    *    *

Қазір дүниеге бала келсе де, айғайлап, әлемге жар салып, ұлан-асыр той жасаймыз. «Жасым пәленбайға келді» деп мүмкіншілігіне, айналасындағы адамдардың жай-күйіне қарамастан, дүркіретіп той жасау да әдетке айналды. Ысырапшылдық басым. Мұның бәрі жақсылық емес. Уақыттың талабына сай ысырапшылдықтан сақтануымыз қажет.

Құндылықтардың бұлай құлдырауы – жақсы дүние емес. Ертең опық жемеу үшін қауіпті құбылыстың алдын алуды бүгіннен бастауымыз тиіс. Зиянды әрекеттерді, жөнсіз-жосықсыз мінез-құлықты бүгін жоя алмасақ, ертең кеш болады. «Өз-өзіңді жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» дегім келеді.

*    *    *

Мен экономиканың денсаулыққа әсерінен гөрі денсаулықтың экономикаға әсері көбірек дер едім. Ендігі уақытта экономиканың әлеуетін денсаулық сақтау саласын дамытуға жұмсауымыз керек. Қарап отырсам, біз туберкулез ауруының жайылуы жағынан әлемде бірінші орында тұр екенбіз. Кеңес үкіметі кезінде қалай болдық, әлі күнге дейін сол деңгейдеміз. Елі­мізде жүрекқан тамырлары ауруынан қайтыс болатын адам­дардың саны әлі де көп. Балаларымыз туылмай жатып, ананың құрсағында жатқанда-ақ жүрекқан тамырлары ауруына шалдығады. Бұл ауру түрінен де әлемде алдыңғы орында келеміз. Қауіпті ісік ауруы, диабет сынды дерттер де қоғамымызға дендеп еніп алған. Мұның себебі, біздің жеп жатқан тағамдарымыз денсаулығымызға кері әсер етіп жатыр.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.