Бiзде бюджет қаржысына жанашырлық жоқ па?

Бiзде бюджет қаржысына жанашырлық жоқ па?

Мақтаарал аудандық білім бөлімінің басшысы С.Туребековтың қызметтегі заңсыздықтары туралы бақандай заңгер А.Ш. аудан прокуроры Н.Асқанбековке арыз түсіреді. Прокурор арызды сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының облыстағы Мақтаарал аумағы бойынша басқармасына жолдайды. Ал, басқарма болса 2018 жылдың наурыз айында түскен арызды тексермей: «Арызда көрсетілген деректерде қолданыстағы заңнаманы бұзушылықтар туралы тексерулер, ревизиялар, аудит актілері болмауына және елеулі зиян, не заңсыз кіріс туралы мәліметтер жоқтығына байланысты ҚР ҚПК-нің 179-бабының талаптарына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіміне тіркеуге жатпайды» деген «кезекші» жауапты беріп, «футбол» жасады деп шырылдайды А.Ш.

А.Ш. арызында кез-келген заңгер түгілі, санасында саңылауы бар «жартыбастардың» өзі түсінетін факті тұр. Қараңыз, Мақтаарал аудандық сотының 05.05.2017 жылғы шешімімен №119 мектептің қарауылы Қ.У. бұрынғы жұмысына қайта орналастырылып, лажсыз, бос жүрген уақытына 81985 тенге 08 тиын өндірілген.

Заңсыз бұйрығымен Қ.У.-ды жұмысынан босатқан мектеп директоры С.Ахмедова оған заңда тиесілі 81985 теңге 08 тиынды мектепке қаралған мемлекеттің бюджеттік қаржысынан төлеткізіп, айды аспанға бір-ақ шығарды. Осы заңбұзушылықтың сорақылығына төзгісіздік көрсеткен аудандық ББ заңгері А.Ш. мекеме басшысы С.Туребековтың атына 14.11.2017 жылы баянхатты өз қолымен тапсырғанымен, «қой дейтін қожасы жоқ» басшы оны ескерусіз қалдырады.

Заң талаптары бұрмаланып, шаңқай түсте мемлекеттің бюджеттік қаржысының суша шашылғанына шыдамаған заңгер А.Ш. аудан прокуроры Н.Асқанбековтың атына арыз жазады. Еліміздің заңнамалары талаптарының мүлтіксіз орындалуын бақылауға құзыретті де, міндетті прокуратураның Мақтааралдағы өкілі мәселені өзгеге итеріп салып, «моя хата с краяға» қарай аунап кете салады. «Соқырға таяқ ұстатқандай» болып ҚР АК-нің 289-бабы тұрғанын мақта­аралдық шенді-шекпенділер көрсе де, көрмегенсіп, сауатсыз жанның кейпіне түсіп мүләйімсиді.

Заңбұзушылықты жасаған мектеп директоры С.А. болған соң, Қ.У. пайдасына өндірілетін 81985,08 теңге сол кісіден өндірілуге тиісті болса, Мақтаарал ауданындағы бірде-бір мекеменің басшысы заң талаптарының орындалуына құрметпен қараудың орнына, немқұрайлылық танытумен келген. Тіпті, аудан прокуроры Н.Асқанбеков осы мәселенің шешілуіне келгенде бар өнерін салып, кең ауқымды білгірлігі мен іскерлігін көрсетіп қалуға белсене кіріскені сонша, өзінің 07.08.2018 ж №2-1209-18-02314 қызметтік хатымен А.Ш.-ның С.Туребековке қатысты арызын Түркістан облысының білім басқармасының басшысы И.Сағындықовқа жолдауға барыпты. Аудан прокурорының бұл тірлігі А.Ш-ның С.Туребековке қатысты арызын қарап, ақ-қараны ажыратып айтуға «тісінің батпағаны ма», әлде  ағайын арасындағы дауға басымды ауыртып нем бар дегенді ұстанғаны ма? Түсінік­сіз жасалған «ход». Бәрінен бұрын прокуратура органының беделін төмен түсірмей, абыройын жоғары ұстау жағы қарастырылуы керек емес пе? Облыстық білім басқармасы басшысы қызметіне қалың көпті ұзақ күттіріп, сағындырумен жеткен Исатай Сағындықовтың да келгелі бері «тындырып жатқан тірлігі» өңірдің бес жасар баласына дейін белгілі болып қалған жоқ па? Осы ауданның ұстаздарының өзі облыстағы басшыларынан арыз-шағымдарына тұщымды жауап та алмай, үміттерін үзіп жүргенде, аудан прокурорының үлкен сеніммен қарағандай болғанын «оңтүстіктің саяси ойыны» демегенде не дерсің. Екі айдың жүзі болыпты, шешілген мәселе жоқ, алдағы екі-үш жылда шешілмесе керек. Осыдан кейін шындық іздеп шырылдаған қарапайым халыққа аяушылық білдіруден басқа не қалды? Мемлекеттің бюджеттік қаржысын аяқ асты етуді тоқтатуға шыққан халықтың сорпасы сорғалаған сорақылықты көрсеткен «былқ» етпейтін жергілікті билік органы тұрғанда біздің елдің сыбайлас жемқорлықпен күресі баяндылық таба қоя ма екен? Мем­лекет­тік орган басшылары мемлекеттің бюджеттік қаржысына жанашырлық көрсете алмаған соң, қарапайым қалың ел кімге сенер екен?

Өзi былыққа батқан адам өзгенiң  «былығын» тоқтата ма?

Кезінде Мақтаарал аудандық білім бөлімінің басшысы болған С.Туребековтың аудандағы №119 жалпы орта мектеп директорының сорақы тірліктеріне тиісті шара көрмегендігіне ренжіп жүрген мұғалімдер енді сол С.Туребековтың өзі заңбұзушылық әрекеттерімен мемлекеттік бюджеттің қаржысына қол салып жүргенін білгенде төбе шаштары тік тұрды деуге болатын шығар. Білім саласындағы мекемелерде бел алып кеткен келеңсіздіктерді тоқтатуға С.Туребековтың шамасы келмейтіні аудан жұртшылығына белгілі болып қалды.

Аудандағы осы сала жұмысына жауапты аудан әкімінің орынбасары М.Жолдасбековтың бұл мәселені шешуге араласқанын көрмеген аудан мұғалімдері оның «бары не, жоғы не, ашы не, тоғы не» деп, оны басшы ретінде мойындаудан күдерлерін үзіп еді.

Ауданның жағдайын бес саусақтай біледіге саналатын, күні кеше өзімен әріптес «замаким» қызметінде жүргенде оның ұйымдастырушылық қабілетінің деңгейін көзімен көрген, бүгінгі заманның талабына сай басшылық қызметтің жауапкершілігін көтеруге дәрменсіздік көрсететін М.Жолдасбековты аудан әкімі Ж.Бейсенбаевтың өзіне орынбасар етіп қабылдағанын есіткенде сенер-сенбесімізді білмедік. Өйт­кені, Ж.Бейсенбаевты халықтың нағыз жанашыр әкімі деп танып, аудандардың ішінде №1 әкім болуға лайықты деп жүрген едік. Қанша іскер болса да, жақсы «замдарсыз» оң нәтижелерге жетіп отыру мүмкін де емес. М.Жолдасбеков ұйымдастырушылық түгілі, «атқарушы» қызметінің өзін тарта алмай, Мақтааралдың төбесінен білім мекемелерінің қиқуын тоқтата алмай келе жатқан жоқ па еді? Мұны аудан әкімінің кадр саясатындағы «мүлт» кеткен жері демеске лаж бар ма?

Дәл бүгіннің өзінде бір мектептің 8 пән мұғалімі апталық сағат жүктемелерін 18 сағатқа толтыра алмай, жар құлағы жастыққа тимей жүрген жоқ па? Бұл мұғалімдер М.Жолдасбековке бірнеше рет кіріп шырылдап, тіпті мектептеріне шақырып алғанның өзінде, оның аузынан басшыға лайықты бір уәжді сөз есіте алмағанына реніштерін жасырмайды.

Білім стандартында әрбір мұғалімнің апталық сағат жүктемесі 18 сағаттан кем болмауы тиіс екендігін мектеп директорлары жаңа оқу жылына дейін ойластырып отырмай ма? 8 мұғалім де отбасылы, балалы-шағалы жандар, яғни бір айлыққа қарап отырғандар. Олардың басқа кіріс көзінің жоқтығы баршаға аян. Еңбек адамдарының тұрмыстық мәселелері дұрыс шешілмеген жерде дау-дамай тоқтай қоюшы ма еді? Осының бәріне бағыт-бағдар беріп, бірізділікке түсуіне басшылық жасайтын ауданның «замакимының» сиқы анау болған соң, жетісайлық ұстаз­дардың сабаға түсуі қалай боларын ойлай беріңіз.

«Балық басынан шіридінің» керіндей бұл ауданда білім саласындағы ахуалды шиеленістіру бөлім басшысы болып С.Туребековтың тағайындалуымен басталғанын жасыра алмайсың. С.Туребековтың бойында аудандағы ірі мекеменің басшысына лайық іскерлік қабілет бар еді дегенді кім айта алар екен! Оның үстіне салаға басшылық ететін «замаким» екеуі «апама жездем сай» болып шыға келді. Аудандағы 300-ге жуық білім мекемелеріне жанды басшылық жасау қайда, өзінің жұмыста болмаған күндеріне ұялмай-қызармай жоқ «больничныйын» бар деп айтып, мемлекет қаржысынан жымқырып жәрдемақы алудың пендешілігіне кеткен соң. Мекеменің кәсіподақ ұйымының 15.06.2017 жылғы №80 хаттамасы негізінде БВ №4216360; БВ №2003304; ББ №3033524 еңбекке жарамсыздық парағымен жәрдемақы алуға барса, сол «больничныйларды» берді деп С.Туребеков көрсеткен дәрігерлік емханасының аға дәрігері Б.А. мен жауапты ЖТД дәрігері К.М. «С.Туребеков 01.06.2017–10.06.2017ж. аралығында емханада амбулаториялық және күндізгі стационарлық ем қабылдамаған, еңбекке жарамсыздық парағы ашылмаған, тіркелмеген» деген 05.01.2018 ж №09 Анықтама береді. Бастық ақшаны алып, қалтасына салып алады. Енді сол өтірігі шығып жатқанда, тағы да «ЗавОО» боламын деп Мақтааралға қарай мойнын созатын С.Туребеков «Жаздым, жаңылдым» деп мемлекеттің ақшасын орнына құйып қойса мейлі ғой. Мырзашөл өңірінде ілерге қара табылмай қалғанның өзінде, С.Туребековке білім саласы тізгінін беру қисынға келе қоймады. Бір анығы, Мырзашөл өңіріндегі білім саласындағы жұмыстарды бір жүйеге салып, беталдылықты тоқтататын уақыт жетті. 300 мыңнан астам халықтың ортасынан ел сенімін ақтайтын екі азаматтың табылмай, білім бөлімінің басшысыз отырғаны өкінішті-ақ.

Жаңадан тағайындалған екі ауданның әкімі де ел-жұртына қадірі бар азаматтар болғандықтан, «көш жүре түзеледінің» де уақыты алыс емес деген сенімдеміз.

Әділ Мұратбеков

 

«Қазақстан жолы» газеті, №35 (680), 22.09.2018 жыл.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.