БҰЛ – БІР АДАМҒА ҒАНА ЕМЕС, РУХАНИЯТҚА ЖАСАЛҒАН ҚИЯНАТ!

Күллі ислам елі қасиетті Рамазан айын құрметпен күтіп алып, болашаққа деген үмітін үкілеп, тәңірге құлшылық жасап, ізгі амалдарын жасап жатқанда тұлғалы азамат, ұлт жанашыры Бекет ағамыздың елге жасаған игілікті істерін көре алмай тасада тұрып тас атқан бейшара біреудің сөз бостандығы деген ұғымды жалаң түсініп, «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп әлеуметтік желіде жариялаған материалын азаматқа жасалған жауыздық деп бағаламасқа амал жоқ.

Бекет Тұрғараұлы Қазығұрт ауданы, Сарапхана ауылының тұмасы. Қазақ Ұлттық университетінің заң факультетінің түлегі. Осы салада өзін көрсете білген, талай лауазымды қызметтер атқарып, мамандығына кір келтірмей республика көлемінде жемісті еңбек етіп, білікті заңгер, профессор дәрежесіне дейін жеткен. Бүгінде зейнет жасында болса да өз кәсібін дөңгелетіп жүрген елге танымал кәсіпкер.

Ал, біз «Жаңабазар ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің мүшелері, бірлестік құрамында 55 мүше бар, әлеуметтік желіде ел-жұртқа негізсіз, жалаң, әрі бір жақты материал жариялап, елді шулатып, Бекет бауырымыздың туған еліне жасаған игілікті істерін бұрмалап, көпшілікке жария еткен блогердің тірлігіне аянышпен қараймыз. Өйткені, ол бұл мамандыққа кір келтіріп жүрген нағыз нақұрыстың өзі. Материалды әлеуметтік желіде жарияламас бұрын, оны тиянақты зерттеп, зерделеп, әбден ой елегінен өткізіп, әбден көзі жеткен соң ғана әлеуметтік желіге жарияламай ма?! Оның бұл ісі нағыз әумесерлік демеске лажымыз жоқ.

Олай деп айтуға біздің бірлестік мүшелерінің айтуға негізіміз бар. Бекет Тұрғараұлы он бес жылдан бері Жаңабазар ауылындағы қымызхана ұжымының белді мүшесі. Сондықтан бірлестік мүшелері Бекет Тұрғараұлының адами қасиетінің биік, білімді де, білікті қасиеттерін жақсы біледі. Елге жанашыр, қолы жомарт. Әрдайым бірлестік мүшелерін ынтымаққа, бірлікке үндеп, елдің бірлігін сақтауға жанашыр болып жүргені.

Оның үстіне Бекет Тұрғараұлының Сарапхана ауылында жасаған ізгі тірліктері бірлестік мүшелерінің ешуақытта назарынан тыс қалған емес. Бекет Тұрғараұлы әрдайым бірлестік мүшелерімен қай істі бастаса да ақылдасып, кеңесіп, өз жоспарымен бөлісіп отыруды әдетке айналдырып келеді.

Бірлестік мүшелерінің әлі есінде «Туған жерге — тағзым» акциясы аясында және Ұлы Отан соғысының 70 жылдығына орай Сарапхана ауылында Түгейболат баба және 410 сарапханалық майдангерлерге арнап «Бабалар рухына тағзым» кешенін тұрғызуды бастады.

Содан кейін «Бабалар рухына тағзым» кешені, «Анаға тағзым», атақты Төле би, Қазыбек би, Әйтеке бидің, Салхам Жәңгірхан мен Жалаңтөс Баһадурдің еңселі ескерткіштерімен және күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасовтың ескеркіштерімен толығып, аудан жұртшылығының нағыз сейіл құрып, демалыс аймағына айналды. Аудан тұрғындарының қуанышында шек жоқ, Бекет Тұрғараұлына айтар алғысы да, беріп жатқан батасы да жетерлік.

Ал, «Киелілер кесенесі» жөнінде де Бекет Тұрғараұлының бірлестік мүшелерінен жасырып қалған жері жоқ. Киелілер кесенесінің тұрғызылуынан бастап, ашылу салтанатына дейін бірлестік мүшелері Бекет Тұрғараұлымен бірге болды. Киелілер кесенесі деп аты айтып тұрғандай, киелілігімен, ақылдылығымен жалпақ жұрттың сүйіспеншілігіне бөленген атақты әулие-әмбиелердің туған жерінің топырағын қасиеттеп капсулаға салып, арнайы орын жасатып, көпшіліктің қадір тұтып, жақсылыққа ұмытылуы түсіне білген жанға үлкен тәрбие емес пе?!

Осындай жағдайды зерделеп, зерттеп алудың орнына жеңіл ойға салынып, алды-артын бақыламай жалған ұпай жинау үшін әлеуметтік желіге таратып жіберіп, өзі де масқара күй кешіп отырғаны анық. Оның әлеуметтік желіге салған «Киелілер кесенесі» ішіндегі екі табыттың неге қойылғанын, оның ішінде не тұрғанын білмей бірі Бекеттің, екіншісі зайыбына дайындалған орын деуі орынсыз.

Меніңше, «Киелілер кесенесінің» ашылу салтанатына біраз уақыт өтті. Ол неге сол кезде әлеуметтік желіде жарияламады? Кесененің ашылуын бейне таспаға түсіріп жүргеніне қарағанда оның өзі де осы жиынға қатысқаны анық. Осындайда көкейіңе ой келеді. Неге араға айлар салып, әлеуметтік желіге салып, елді шулатып жатыр. Соған қарағанда оның ойында адами қасиетке жат жымысқы пиғыл бар. Осы жымысқы әрекетімен ері сүйген, елі сүйген азаматтың беделін түсіріп, абыройына дақ түсіруге бағыттағаны анық.

Өйткені, алдағы маусым айының 5-ші жұлдызы атпал азамат, мейірімді де, қайырымды Бекет Тұрғараұлының туған күні. Оңтүстік өңірінің абыройын асқақтатып, талай жағымды бастамалардың жанашыры, әрі орындаушысы болып жүрген Бекет Тұрғараұлы  мерейлі 75 жасқа толғалы тұр. Осы азаматтың жеке мерейлі мерекесін аудан жұртшылығы салтанатты жағдайда тойлағалы тұрған тұста тасада тұрып тас атып абыройына нұқсан келтіремін деген сасық пиғылы іске аспасы анық. Өйткені, Бекет Тұрғараұлының есімі Республика жұртшылығына кеңінен таныс. Ол мұндай биіктікке жоғары адамгершілік қасиетімен, тынымсыз еңбегімен жеткен.

Егерде әлеуметтік желі арқылы Бекет бауырымыздың абыройына нұқсан келтіріп, мерейлі мерейтойына салқынын тигіземін деген әлгі адамның жымысқы әрекеті болса қатты қателеседі.

Өйткені, біз білетін Бекет Тұрғараұлының өзі де адал, істеген ісі де адал. Оның елге жасаған игілікті істерін ұялмай ауыз толтырып айтуға да, бүкіл жалпақ жұртқа үлгі-өнеге етіп көрсетуге болады.

…Әттең, көзі көр, көкірегі соқыр адамның әлеуметтік желіде елді шулатып, абыройлы азаматтың атына кір жағуы нағыз жауыздық екені даусыз. Тіпті, көзін шел, санасын шаң басқан бұл бейбақтың ісін руханиятқа жасалған қиянат деп есептеуге болады.

 

Жорабек СҮЙЕУБЕКОВ,

«Жаңабазар ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің мүшесі, Қазақстанның

Құрметті журналисі, Қазығұрт ауданының Құрметті азаматы.       

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.