Буыныңыз сырқыраса
Буынның сырқырағаны қандай болатынын өз басынан өткергендер жақсы түсінер. Оған қоса тізе, иық, шынтақ пен білек қоса ауырса, жаның көзіңе көрінері анық. Бұл, әсіресе, күнұзақ компьютер алдында отыратындарға тән нәрсе. Мұндай дерт, сонымен қатар, 45 жастан асқан адамдарға да жақсы таныс. Әрине, буын ауруларының себептері әртүрлі болуы мүмкін, айталық, артық салмақ, сүйектегі сынықтар, құяң, т.б. Дегенмен, осы жайсыздықтан құтылудың да жолы бар екен.
Әрине, буынның сырқырауын түбегейлі жою үшін ең алдымен оның себебін анықтап, ағзаның негізгі мүшесін емдеу керек. Ал оған дейін ауруды басуға мына төмендегі емшара көмектесе алады.
Дәріні дайындау үшін 1 ас қасық бал, 1 ас қасық ащы қыша, 1 ас қасық ұсақ тұз, 1 ас қасық суды біртекті қоймалжың болғанша әбден араластырыңыз. Сосын осы қоспаны кішкене бос құтыға салып қойыңыз да, керек уақытында қолдана беріңіз.
Бұл дәріні қолданудың да өз тәсілі бар. Буыныңыз сырқырай бастағанын сезсеңіз, дереу құтыдағы қоспаны жағып, бетіне пластик пакет жабыңыз да, үстінен жылылап орап қойыңыз (жүннен тоқылған бұйыммен ораса тіпті жақсы). Осылайша бір жарым-екі сағат ұстаған соң, шешіп алуыңызға болады. Бұл емшараны ұйықтар алдында жасағаныңыз дұрыс, сонда емшарадан кейін буындарыңыз «демалып» қалады, әрі босаған буындарыңыздың қайта суықтау қаупі де аз. Ал жақпамайды таңертең жуып тастаңыз.
Бұл емшараны 4-5 күн қатарынан жасаңыз. Оның әсерін бірінші қолданғанда-ақ байқайсыз, сондықтан, сізді екінші қайтара үгіттеудің қажеті де болмайды.
Тек есіңізде болатын бір нәрсе, қоспаны тоңазытқышта сақтау керек және 5-6 күннен артық ұстамаңыз, әйтпесе пайдасынан зияны көбірек болады.