ДАРХАН САТЫБАЛДЫ ҚАЗЫҒҰРТ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Қазығұрт ауданы халқының табысын арттыру мақсатында мемлекеттік бағдарламалар аясында жыл басынан бері 7 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орындарын ашу» жөніндегі тапсырмасына сәйкес, ауданнын экономикалық белсенді халық санына қарай 551 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып, 829-і ашылды. Халықтың табысын арттыруға бағытталған жұмыстар жалғасын табатын болады. Бұл туралы аудан тұрғындарының алдында есеп берген Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мәлім етті.
Облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы тапсырмасымен Түркістан облысында «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы әзірленгенін жеткізді. Салынатын мектептер жаңа форматта болады. Жоба шеңберінде Қазығұрт ауданында үш мектеп салынбақ. Ал биыл Рабат және Сырлысай елді мекендерінде 200 орындық мектептерді пайдалануға беріледі.
– Қазығұрт ауданын дамыту мәселесі назарда тұр. Ауасы таза, табиғаты көркем аймақта ауыл шаруашылығы, туризм, кәсіпкерлік салаларын дамытуға мүмкіндік мол. Өздеріңізбен арнайы жүздесіп, өтініштер мен ұсыныстарды тыңдауға келдік. Басқарма басшылары да осында тұр. Еркін пікір алмасуға дайынбыз. Жалпы ауданды дамыту бағытында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында биыл 7 елді мекенде 14 жоба іске асырылуда. Атап айтқанда, Шанақ, Жігерген елді мекендерінде жаңадан 200 орындық мәдениет үйлерін салуға, Қақпақ, Ынталы елді мекендерінде 2 дәрігерлік амбулатория салуға қаржы қаралды. Жігерген, Қаржан елді мекендерінде 21 шақырымды құрайтын 13 көшеге асфальт төселеді. Жаңабазар елді мекенінде жаңадан спорт алаңшасын салуға, Шанақ, Ақжар елді мекендерін табиғи газбен қамтуға тиісті қаражат бағытталды, – деді Дархан Сатыбалды.
Өңір басшысы кездесу барысында қазығұрттықтардың қойған сұрақтарына жауап беріп, ұсыныстарын тыңдады. Сонымен қатар жеке қабылдау өткізіп, жергілікті билік өкілдері мен басқарма басшыларына қабылдауда болған азаматтардың мәселелерін шешуді тапсырды.
Тұрғындар тарапынан мектеп салу, жер мәселесі, ономастика, ауыз су, инфрақұрылымды жақсарту, Өгем суын тиімді пайдалану және өзге де түйткілдер бойынша сұрақтар қойылды.
Қазығұрт ауданының инженерлік инфрақұрылым жүйесін дамыту үшін 15 бюджеттік инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.
Аудан тұрғындарының 98,6%-ы немесе 100 мыңнан астам адам таза ауыз сумен қамтылған. Табиғи газбен 98,2% қамтылған. Ызабұлақ, Шанақ және Ақжар ауылдарын табиғи газбен қамту бойынша 3 жоба жүзеге асырылуда. Жалпы құны – 889,9 млн. теңге. Келесі жылы пайдалануға беріледі.
Қазығұрт ауданына іссапарымен келген Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Қақпақ ауыл округінде орналасқан «Қарқын – 2030» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің шұжық шығару цехына барды. Кәсіпорынның ірі қара малды бордақылау алаңының қуаттылығы 800 бас болса, бордақылаудағы мал саны – 400 бас. Ет өңдеу цехы тәулігіне 5 тонна шұжық өнімдерінің 60 түрін шығарады. Кәсіпорында жалпы 100 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Өңір басшысы кәсіпорын жұмысын оң бағалап, кәсіпкерлікті қолдауға баса назар аудару керек екенін айтты.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.