ДАРХАН САТЫБАЛДЫ: «ҚОҒАМ ДАМУЫ ҮШІН БӘРІМІЗ ӨЗГЕРУІМІЗ КЕРЕК»

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Жетісай ауданы тұрғындарымен кездесуде ауданда, облыста атқарылған жұмыстарға тоқталып, өзекті мәселелерді де қозғады. Аудан, қала әкімдеріне нақты міндет жүктелгенін айта келе өңірді дамыту үшін тұрғындар да белсене атсалысуы тиіс екенін жеткізді. Сонымен бірге Жетісай шалғайда қалып қойған аудан емес, керісінше даму мүмкіндігі, әлеуеті өте жоғары аймақ екенін атап өтті.
– Әрине, бірінші кезекте ауданды дамыту тікелей әкімдердің іскерлігіне байланысты. Әрбір басшы облысқа, ауданға, ауылға бағытталған қаражаттын әр тиынын тиімді іске жұмсап, елге адал қызмет етуі тиіс. Мен аудан, қала әкімдерінен осыны талап етемін. Шынайы жанашырлықпен істелген жұмыстың ғана оң әсері болады. Бірақ халықтың көмегінсіз әкім бір өзі ештеңе істей алмайды. Әр тұрғын өз саласы бойынша ауылды дамытуға үлес қосулары тиіс. Әсіресе кәсіпкерлік саласында жобалар ұсыныңыздар, қолдауға дайынбыз. Қоғам дамуы үшін бәріміз өзгеруіміз керек. Жетісай шалғайда қараусыз қалып қойған аудан емес. Керісінше, даму үшін өте қолайлы аймақта орналасқан. Суармалы жері мол, кәсіпкерлікті дамытуға әлеуеті зор. Көрші елдің шекарасына жақын орналасқан. Бұл аймақ бойынша біздің жоспарларымыз бар. Шекара маңында өндірісті, сауданы дамытуға күш саламыз. Аймаққа теміржол тартылады. Жетісайды дамыту жұмысы жалғасады, – деді Дархан Сатыбалды.
Кездесуде тұрғындар тарапынан медициналық нысан салу, мектеп, жол, инфрақұрылым мәселелері көтерілді. Сонымен бірге университет ашу, руханият салалары бойынша да ұсыныстар айтылды. Тұрғындардың сұрақтарына жауап берген облыс әкімі кездесуден кейін жеке қабылдауын өткізді. Мұнда басқарма, департамент басшылары да бірыңғай қабылдау өткізіп, тұрғындардың өтініштерін тыңдады. Облыс әкімі әрбір өтініш пен ұсыныс назарға алынып, заң аясында жұмыс жүргізілетінін жеткізді.
Былтыр өңір басшылығының Жетісай тұрғындарымен кездесуінде көтерілген мәселелер шешімін тауып келеді. Атап айтсақ, 10 мәселе шешілді. Ералиев ауылдық округіндегі Мұратбаев елді мекенінің ауыз су жүйелерін ағымдағы жөндеу жұмыстарына 23 млн. теңге қаралып, тиісті жұмыстар жүргізілді.
Ауыз су жүйелері 32 млн. теңгеге ағымдағы жөндеуден өтті. Сейфуллин елді мекенінде аяқжол салу мәселесі көтеріліп, 1,6 шақырым аяқжол салынды. Жылы су, Баққоныс, Байқоныс, Алтынкемер, Мақталы елді мекендерінде 702 млн. теңге бөлініп, 32 шақырымды құрайтын 32 көшеге орташа жөндеу жұмыстары атқарылған. Сонымен қатар «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 328 млн. теңге бөлініп, Өркенді елді мекенінде футбол алаңының құрылысы басталды.
Бюджеттен 870 млн. теңге бөлініп, Асықатадағы Әл-Фараби атындағы жалпы орта мектебіне қосымша оқу ғимараты, спорт залы және шеберханасының құрылысы қолға алынған.
Ауданда «Жайлы мектеп» жобасы аясында 5 жаңа мектеп салынады. Жетісайда шағын және орта бизнес дамуда. Бизнес субъектілерінің саны 19 мыңнан асып, 24 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Қазіргі таңда Жетісай қаласының ауыз су жүйелерін қайта құру, сондай-ақ Жаңа ауыл ауыл округіндегі 4 елді мекенді ауыз сумен жабдықтау жұмыстары жүргізілуде.
Ауданда 56 елді мекен табиғи газбен мекен қамтылған. Жаңа ауыл, Достық ауыл округтерінде жеткізуші газ құбырын жеткізу жобасы іске асырылуда. Сонымен қатар Қарақай және Ынтымақ ауылдық округтерінде газ тарату станцияларының құрылысы жүргізіліп жатыр.
Жетісай ауданында былтыр өнеркәсіп өнім көлемі 18 млрд. теңгені құрап, 2021 жылмен салыстырғанда 8,5 млрд. теңгеге артты. Негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 15 млрд. теңгені құрады. Ауыл шаруашылығы саласында 106 млрд. теңгенің өнімі өндірілген.
Халықтың табысын арттыру мақсатында «Еңбек» бағыты бойынша былтыр ауданда 11 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орындарын ашу» тапсырмасы аясында 1 мыңнан астам жұмыс орны ашылған.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.