ДАРХАН САТЫБАЛДЫ «ТҰРАН СУ» МЕКЕМЕСІНІҢ ЖҰМЫСЫН ЖАНДАНДЫРУДЫ ТАПСЫРДЫ

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды «Тұран су» мекемесіне арнайы келіп, мекеме жұмысымен және алдағы егістік науқанына, көктемгі су тасқынының алдын алуға дайындық шараларымен жан-жақты танысты. Басқосуға облыс әкімінің орынбасарлары Арман Жетпісбай мен Ермек Кенжеханұлы да қатысты.
Сонымен бірге Түркістан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрғали Жүнісов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Тұрғанбек Оспанов пен «Қазсушар» РМК өкілдері қатысқан кездесу барысында «Тұран су» ШЖҚ МКК басшысы Досхан Асылбекұлы мекеменің негізгі міндеттері бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарларды баяндады.
Кәсіпорынның негізгі міндеті – теңгерімдегі ағын су жүйелерін күтіп ұстау, реконструкциялау және егістіктерді ағын сумен қамту шараларын жүзеге асыру. Сондықтан облыс басшысы алдағы жауапты маусымға дайындықты пысықтап, көктемгі кезеңде су мөлшері деңгейінің көтерілуін қадағалау, су тасу қауіпінің алдын-алу шараларын күшейтуді тапсырды. Ең бастысы вегетациялық кезеңде өңір шаруаларын қажетті мөлшерде ағын су мен қамтамасыз ету негізгі міндет болып отыр. Жауапты науқан басталар тұста яғни көктемгі кезеңге су нысандарының дайындығын бағамдаған облыс әкімі жауапты сала өкілдеріне нақты тапсырмалар жүктеді.
«Тұран су» мекемесінің теңгерімінде стратегиялық маңызға ие ірі 12 су нысаны бар. Ал жалпы 5 су қойма, 3 су торабы, 3 магистралды каналы, 1 жасанды көл және 107 ішкі шаруааралық каналдар, 3 өндірістік-техникалық базасы, 79 арнайы техника мен 15 құрал-жабдық мекеме теңгерімінде тұр.
Қазіргі таңда мекеме көктемгі егістік науқанына қызу дайындық үстінде. Биыл бірқатар канал тазаланады. Нақтырақ айтсақ, кәсіпорын теңгеріміндегі шаруааралық каналдарға (жалпы ұзындығы 1120 км) механикалық тазалау жүргізілмек. Сонымен бірге иесіз, құжаты жоқ шаруааралық каналдарға (40) мемлекеттік акт жасап, кәсіпорын теңгеріміне қабылдау жұмыстары да жоспарланып отыр.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.