Дәстүрлi дiнiмiздi насихаттайық!

Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз – тегіміз түрік, дініміз – ислам екенін ұмытпауымыз керек. Ол үшін қасиетті кітап – Құран Кәрімді насихаттауды естен шығармауымыз керек» деген. Осы қағиданы басшылыққа ала отырып, асыл дініміз Исламды халыққа, әсіресе жастарға қалай насихаттап жүрміз? Өйткені дінсіз ел болмайды. Қазақ халқы иісі мұсылман болғалы ислам шариғаты әр заманда, кез келген ортада дәстүрі мен діні біте қайнасқан.
Қазіргі таңда біздің қоғамда әлеуметтік топтардың ішінде ең әлсіз буын – жастар. Өйткені олар сенгіш, еліктегіш, сезімге тез берілгіш болып келеді. Демек жастардың осындай осал тұстарын дәстүрлі емес немесе жат ағымдардың өкілдері ұтымды пайдаланып, өз қатарларын көбейтіп отыр.
Еліміз тәуелсіздік туын тіккеніне 27 жылдан асты. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары-ақ Елбасының ұстанған салиқалы саясатының мақсаты – халықтың көзі ашық, білімді, білікті болуы. Осы арқылы білім мен ғылымның дамуына жол ашылды. Шет елдерде білім алу мүмкіндігі туды. Еліміз әлемге достастық қарым-қатынас орнату үшін әртүрлі салаларда тәжірибе алмасуға шекарасын айқара ашты. Өкінішке орай, мұндай мүмкіншілікті теріс пиғылды топтар (сәләфизм, Хизбут-тахрир, Таблиғи жамағаты т.б.) пайдаланып, елімізге өздерінің әртүрлі сенім-наным идеологияларын алып келіп, халық арасына, әсіресе, жастарға таратып, насихаттай бастады. Нәтижесінде қоғамның салт-дәстүріне неше түрлі қайшы діни көзқарастар, талас-тартыс әрекеттері көрініс ала бастады. Кезінде діни оқу орындарына аттанған жастардың көпшілігі қазақтың салтына қайшы келетін сәләфилік идеологиясы көп тараған елдерде оқып келді. Ал олардың негізгі идеялары сәләфилікпен астасып жатады. Мысалы, Құдай аспанды өзіне мекен етті, Құранды әруақтарға бағыштауға болмайды, қасиетті жұма күні бір-бірін құттықтауға болмайды т.б.
Ал сәләфизм (уаһһабизм) – діни-саяси мақсаттарға құралған ағым. Бұл ағымның қысқаша тарихына үңілетін болсақ, XVIII ғасырда Осман империясына қарсы шығып, осы ағымның идеологиясының нәтижесінде Сауд Арабиясының мемлекет болып құрылуына басты себеп болды. Алысқа бармай-ақ осыдан бірнеше уақыт бұрын Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед ибн Салманның фейсбуктегі парақшасында: «Біз сәләфизм (уаһһабизм) идеологиясын кешегі Кеңес одағына қарсы жолдаған болатынбыз….» дегені сәләфизмнің діни-саяси идеология екенін айғақтай түседі.
Десек те олқылықтың орнын толтыру, қайта қалпына келтіру мәселесін қарастыруды қолға алған жөн. Ол үшін елімізде мұсылмандардың қара шаңырағы болып табылатын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздің барлық өңірлеріндегі мешіттер мен медреселерде тұрақты түрде қарапайым халық арасында діни мәселелерді түсіндіруін жалғастыра беруі керек.
Дін мен мемлекетті екіге бөлген Еуропаның кейбір дамыған зайырлы мемлекеттерінде діни ілімді оқыту мектептерден бастау алады. Алайда ондағы басты қағида діни ілім үйреткенмен, дін қағидаларын ұстану міндеттелмейді. Осы арқылы бала қай діннің өкілі болса, соған қарай оған сол дін бойынша діни сабақтар жүргізіледі. Сонымен қатар ислам мемлекеттерінің алдыңғы қатарында саналатын Түркия, Малайзия сияқты елдерде де діни білім беру жолға қойылған. Өз дінінің қағидаларын, өз ұлтының құндылықтарын үйреніп өскен жас ұрпақ болашақта сол мемлекеттің негізгі тірегіне айналады. Біздің елімізде де халықтың діни сауатын арттыру арқылы сырттан келіп емін-еркін жұмыс жасайтын түрлі ағым өкілдеріне осы арқылы тойтарыс беруге болады. Яғни, Шымкент қаласында қолға алынып жатқан терроризмге қарсы ақпараттық-насихаттық жұмыстар да барынша жандандырылса, оң нәтижеге қол жеткізетініміз анық.
Еліміз зайырлы мемлекет болғанымен, ислам діні зайырлылық атауының өркендеуіне, дамуына кедергі келтірмесе, одан келетін ешқандай зиян жоқ. Сондықтан да елімізде теріс діни ағымдар тарапынан туындап жатқан діни проблемалардың алдын алу мақсатында дәстүрлі діни оқулықтарын орта, жоғары оқу орындарына пән ретінде енгізу керек.

Б. НУРИДДИНОВ,
дінтанушы

«Қазақстан жолы» газеті №25 (751) 06.07.2019 жыл

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.