ДІН БІРЛІГІ – ТАТУЛЫҚТЫҢ НЕГІЗІ
Жастар бойындағы жат қылықтарға қарсы күресетін басты иммунитет діни рухани тәрбиенің дұрыс жүзгізілуі. Осы құндылықтар ғана кереғар ағымдар секілді індеттің алдын алуда қорған бола алады. Ал мұндай тәрбие болмаған жағдайда экстремизм, төзімсіздік, дінаралық, ұлтаралық алауыздық сияқты жағымсыз құбылыстар бой көрсете бастауы мүмкін. Расында бүгінде елдегі ахуалдың тұрақсыздануына мүдделі күштердің де бар екені жасырын емес.
Ал арнайы діни білімнің болмауы экстремизмге әкеліп соқтыруы ықтимал. Демек, олармен идеологиялық күресте жеңіліс таппау өте маңызды. Яғни ағартушылық күресті күшейту мен жастарға шынайы діни білім беріп, олардың білім көкжиегін кеңейтуге күш салған абзал. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, қоғам мен дін қызметкерлері жастарды дұрыс тәрбилеуде күш біріктіруі керек. Мемлекетіміз де еліміздің бар аймағында атқарылып жатқан ауқымды шараларында негізінен осы межелі міндетті көздейді. Бұл үдеріске біздің облыс дінтанушылары да атсалысып, үлкен үлес қосып келеді.
Мәселен, Төлеби аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-ның жанынан ашылған Әлеуметтік-психологиялық сүйемелдеу қызметі секторының теологы Д.Турта, «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» теологы Бектұрғанов Абзалмен бірлесе отырып, қараша айының 6-13 аралығында мемлекеттік мекемелер мен ауыл тұрғындарының арасында «Қоғамдағы деструктивті діни ұйымдардың теріс идеологияларының алдын алу» тақырыбында түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Қарапайым халықты және мемлекеттік мекемелердің қызметкерлерін қоғамдағы деструктивті ағымдардың идеологияларынан сақтандыруды мақсат еткен бұл кездесулерге қатысушылардың саны да аз болған жоқ.
Кездесуде дінтанушы мамандар өңір жастарының діни білімін дамытуға, иман қуатын күшейтіп, патриоттық сезімді, бауырмашылдықты нығайтатын рухани дәстүрлерді қайта қалыптастыруға бағытталған мұндай шараларға белсене қатысуын толығымен қуаттай келе бүгінгі басты міндетіміз экстремистік идеялардың тарауына қарсы тұру, дінді саясиландырмау, Исламға жала жабу сынды іс-әрекеттердің көрініс табуына жол бермеу, қоғамдағы конфессияаралық келісімді жандандыру болуы керектігін айтты. Сондай-ақ олар жастар арасында радикалды және экстремистік ағымдардың тарауына бөгет болатын шараларды өткізуді жиілете отырып, оларды тәрбиелеуде мемлекеттік мекемелермен тығыз қарым-қатынас жасаудың оң нәтижеге жеткізетініне тоқталды, алдағы уақытта да осындай игілікті істердің жалғаса бергені жөн болатындығын жеткізді.
«Қазақстан жолы» газеті, №44 (689) 30.11.2018 жыл.