Қазақстан жолы — Республикалық қоғамдық-саяси, әлеуметтік және танымдық-ақпараттық басылым
Дүбірлі дүниеОқи қалар оқиғалар

Өздігінен өртену, бұл қандай құбылыс?

(Жалғасы. Басы өткен санда)

1961 жылы лондондық дәрігер Гевин Турстон Medico-Legal жорналында «тірі тамызық» тұжырымын алға тартады. Оның ойынша, киім киген адамның өзі тірі тамызыққа айналуы мүмкін. Адам іштен тұтанғанда оның ішіндегі еріген май отты өшірмей, ішкі ағза түгел жанып кеткенше тамызық болып тұрады.

1986 және 1998 жылдары екі рет телеарналар арқылы әскери әуе күштерінің ғылыми-көпшілік бағдарламаларында «тамызықтың» қалай тұтанатыны мысалмен көрсетіледі. Ол үшін доңыздың етін матаға орап, сіріңкені жақындатады. Осыдан кейін тез тұтанған доңыз еті ұзақ уақыт, 12 сағат бойы жанады. Бірақ, сыртындағы матасына от тимей, бүтін күйінде қалады. Ал майлы ет бір уыс күлге айналады…

– Бірақ, «тамызық» гипотезасы бұл құбылыстың барлық ерекшеліктерін түсіндіре алмайды, — дейді Брайан Форд. Бұрын ойлағанымыздай, іспірттіңде бұл жерде ешқандай қатысы жоқ. Өйткені, ол жиналмайды, ол белгілі бір уақыттан кейін көміртектену әсерінен ыдырап кетеді…

Дегенмен, Фордтың түсіндіруінше, адамның ағзасында өте жанғыш зат жиналуы мүмкін. Бұл – ацетон. Метаболизм әсерінен ацетонның түзілуі қанның құрамында адам ағзасындағы негізгі қуат көзі – глюкоза азайған кезде басталады. Глюкозаның тапшылығы осыған ұқсас механизмді іске қосады. Май жасушалары бөлініп, бауырдың көмегімен орындалатын биохимиялық реакциялар тізбегі кетондар деп аталатын заттың қанға енуіне әкеліп соқтырады. Глюкозаның орнына қуат тасушы және қуат көзіне айналатын да осы кетондар.

Ацетон – кетондардың бір түрі. Оның жиналуына кетоз ауруын тудыратын кейбір емдәм түрлері де себеп болады. Бұл аурудың пайда болуына қант диабеті де ықпал етуі мүмкін.

«Ағзадағы жанғыш зат мөлшерінің шамадан тыс көбейіп кетуі іштен жануға әкеліп соғады», — деп есептейді ғалым. Ол мұны біраз уақыт ацетонға доңыз етін салып қойып тексеріп көрген.

Осы ет кесектерінен Форд адам денесінің үлкен үлгілерін жасаған. Оған киім кигізіп, тұтандырғанда, ол небәрі жарты сағатта түгі қалмай жанып кеткен. Ал киімінің кейбір жерлері бүтін сақталған. Аяқ-қолдары да жанбай қалыпты. Тура Мэри Ризер сияқты.

– Біздің ойымызша, адамның қолы мен аяғында май аз болғандықтан, онда ацетон жеткілікті мөлшерде жиналып үлгермеуі себепті жанбай қалады, — дейді биолог-сынақшы.

Бірақ, бәрібір осы «тозақ отын» тұтандыратын ұшқын қайдан пайда болады деген сұрақтың жауабын әлі ешкім таба алмай отыр. Бұған қатысты Фордтың ешқандай нақты пікірі жоқ. Ол тек адамның іштен тұтануына статикалық электр тоғы әсер етуі мүмкін деп есептейді. Сондықтан, ғалым жиі ұшқын шашатын синтетикалық киімдерді кимеуді ұсынады. Ол, әсіресе, кетоз ауруына бейім адамдар үшін аса қауіпті.

*    *    *

Ең алғашқы ресми тіркелген оқиға 1470 жылы орын алған. Бүгінге дейін сақталған құжаттарға көз жүгіртсек, итальяндық рыцарь Полоний Вортий шарапқа әбден сылқия тойып алады да, жақын туыстарының көз алдында аузынан жалын шаша бастайды. Сәлден соң бірден тұтанып, санаулы минуттарда түгі қалмай жанып кетеді. Осы кезден бастап «адамды сайтан оты жағып жіберді» деген түсінік пайда болған.

1763 жылы француз Жан Дюпон адамның өздігінен жанып кету оқиғалары туралы «De Incendiis Corporis Humani Spontaneis» атты кітабын жарыққа шығарады. Онда соттың өз әйелін өлтірді деп айыпталған Николя Милле деген біреуді оның әйелінің бірден өздігінен өртеніп кеткеніне көзі жеткен соң жазадан босатқаны туралы жазылады. Көзі тірісінде ішімдікке өте үйір болған Милленің әйелінен тек күл үйіндісі, бас сүйегі мен аяқтары ғана қалыпты. Ал ол жатқан сабан төсекке дым болмаған.

Соңғы құжаттандырылған куәлік 2010 жылдың 22 желтоқсанында тіркеліпті. Ирландияда 76 жастағы жалғызбасты қарт – Майкл Фогерти жанып кетеді. Осы іске байланысты бір жыл бойы тергеу жүргізген сарапшылар ақыр соңында оның ажалының себебін «өздігінен өртену» деп жазады…

Дайындаған К.ТІЛЕПОВА

 

 «Қазақстан жолы» газеті, №36 (681), 29.09.2018 жыл.

Ұқсас жаңалықтар

Адам жаны ауыса ма?

admin

Гайола – ғажап та қанiшер арал

admin

Бразилияда нөсер салдарынан 36 адам мерт болды

admin
Оқи қалар оқиғаларСіз білесіз бе?

Өздiгiнен өртену. Бұл қандай құбылыс?

Биолог-сынақшы Брайан Дж. Фордтың айтуынша, ол адамдардың өздігінен жанып кетуінің сырын анықтапты. Бұл туралы ол алдымен әріптестерімен бірге The Microscope мамандандырылған жорналына, содан кейін New Sientist ғылыми-көпшілік жорналына хабарлаған.

«Адамдардың өз-өзінен тұтанып, санаулы секундтарда жанып кете алатыны туралы мен осыдан 30 жыл бұрын, шетелдік басылымдардың бірінде жарияланған мақаладан оқып білген едім. Сол мақаладағы қара туфли мен ондағы жалғыз аяқтың суреті әлі күнге есімнен кетпейді», — дейді Брайан.

1951 жылдың 1 шілдесі күні Флорида штатында жанып кеткен американдық қарт әйел Мэри Ризерден қалғаны осы ғана. Бұл жалғыз аяқ пен күл үйіндісін бірінші болып таңертең анасына қонаққа келген ұлы көріпті. Ол анасының бөлмесін ашпақ болғанда есіктің әлі ыстық болып тұрғанын байқаған…

Тоқтап қалған сағат тілі өрттің басталған уақытын – таңғы 4 сағат 20 минутты көрсетіп тұрады. Мэри жұмсақ серіппелі орындықта қалғып отырған. Ол да серіппесіне дейін жанып кетіпті. Ал одан басқа ештеңеге от тимеген, тіпті жанында жатқан газетке де жетпепті. Қабырға мен үйдің төбесіне де ешқандай ыс тұрмаған, тек аздап түтін иісі сезіледі.

– Бұл менің өмірімдегі өзім куә болған ең таңғажайып көрініс, — дейді бұл туралы тергеуге қатысқан Пенсильвания университетіндегі медицина факультетінің сот-медициналық сарапшысы Уилтон Крогман. – Дененің бұлай қатты жануы қалай үлкен өрт тудырмағанын түсіну мүмкін емес. Мұндай күшті оттың жалыны міндетті түрде айналадағы заттардың бәрін жалмап кетуі керек еді…

Дегенмен, ғалымдар, ең бастысы, әйелді ешкімнің қолдан өртемегенін анықтады. Бүгінде Мэри Ризерге байланысты осы жағдай «өздігінен жанып кету» деген атауға ие болған қорқынышты құбылыстың бір көрінісі деп есептеледі. Бұл құбылыстың өмірде бар екеніне ғалымдардың көпшілігі сенімді. Бұл құбылыстың әсерінен «күлі көкке ұшқандардың» саны көп емес, шамамен ресми тіркеуге алына бастағаннан бергі уақытта дүние жүзі бойынша 120 оқиға ғана анықталған. Салыстырмалы түрде алғанда, бұл, әрине, өте аз. Біздің нақты білетініміз, Ресейде бір ғана адам — бақташы Бисен Мамаев осылай ажал құшқан. 1990 жылдың 11 қарашасында ол Саратов және Волгоград облыстарының шекарасындағы жазық далада жанып кеткен. Оның мәйітін ағасы тауып алыпты. Оқиға орнында болып қайтқан «Космопоиск» зерттеу тобының жетекшісі Вадим Черноборовтың айтуынша, бұл жолы бақташының тек ішкі ағзасы ғана жанып, сыртқы терісі аздап күлдіреген және ішкиімі күйіпті, ал сыртқы киіміне ештеңе болмаған.

Аталған құбылыстың пайда болуына табиғатта өте сирек кездесетін шар найзағайының әсері болуы мүмкін деген де болжам бар. Яғни, ол қалай екені белгісіз, адамның денесіне кіріп кетіп, оны іштен жандыруы ғажап емес. Бірақ, бұған нақты дәлел жоқ.

Сонымен, адамдардың өздігінен өртенуіне не себеп? Олардың ішкі ағзасында жануға бейім қандай зат бар?

Көптеген жылдар бойы ғылыми ортада әжептәуір беделі бар зерттеушілер тек маскүнемдер ғана іштен жануға бейім келеді деп есептеп келген. Себебі, ұзақ уақыт ішкі ағзада жиналған іспірт бір себептермен тұтанып, өртеп жіберуі мүмкін. Бірақ, бұл тұжырымды алғашқы болып тәжірибеден өткізіп, тексеріп көрген неміс ғалымы Ястус фон Лейбиг мұның қате пікір екенін дәлелдейді. Оның анықтағанындай, әбден іспірт сіңірілген мата тұтанбайды екен. Бұл аз десеңіз, ол 70 пайыздық іспіртті атжалмандарға ұдайы егіп отырған, бірақ, олар көп өтпей өліп қалғанымен, жана қоймайды.

(Жалғасы бар)

 Дайындаған  К.ТІЛЕПОВА

Ұқсас жаңалықтар

Қызықты деректер

admin

Өздігінен өртену, бұл қандай құбылыс?

admin

Әлемдегi ең жұмбақ оқиғалар: Егістіктегі шеңберлер

admin