Екпе және ол не үшiн қажет?

Жұқпалы аурулардың белгілі бір түрлерінің алдын алу үшін профилактикалық екпе жасау тиімді әдіс болып табылады. Қазір бүкіл дүние жүзінде, соның ішінде Қазақстанда полиомиелит сияқты ауыр жұқпалы ауру жойылды. Республикамызда қызылша, қызамық және туа біткен қызамық синдромын жою бойынша бағдарламалар дайындалды. 1998 жылдан бастап вирусты гепатитке қарсы, 2005 жылдан қызамыққа қарсы, 2008 жылдан  Хиб  инфекциясына қарсы вакцинация енгізілді.

Сіз қандай да бір жұқпалы індетке шалдықсаңыз, ағзаңыздағы инфекция қоздырғышы болып табылатын микроорганизмдерге (вирустар мен бактериялар) қарсы антиденелер түзіледі. Бұл антиденелер микроорганизмдерді жойып, аурудың қайталануының алдын алады. Бала өмірінің бірінші айларында анасынан плацента арқылы қабылдаған антиденелер көмегімен көптеген жұқпалардан қорғанған. Баланың өзі антиденелерді аурулар қоздырғыштарымен кездескен кезде немесе егуден кейін түзеді.

Иммундық алдын алу – жасанды иммунитетті нығайту немесе оны жасау жолы арқылы халықты жұқпалы аурулардан жекелей немесе жаппай қорғау әдісі. Барлық балаларға екпе тегін жүргізіледі. Вакциналар Қазақстанда мемлекеттік тіркеуден өтеді. Мемлекеттік тіркеу кезіндік зертханалық тексеру жүргізіледі. Қауіпсіздігі расталған кезде ғана республиканың медицина ұйымдарына таратылады.

Өлімге немесе балалар мүгедектігіне әкеп соғатын аурулардың ең қауіптілері :сал ауруы, қызылша, күл, көкжөтел, сіреспе, туберкулез, вирусты «В» гепатиті, эпидемиялық паратит.

Бұл ауруларға тән белгі – иммунизация арқылы олардың алдын алуға болды. Иммунизация негізінде адамға аурудың қоздырғышы болып табылатын микроорганизмнің әлсіреп немесе  өлтірілген түрлерінен жасалынған вакцина енгізіледі. Вакциналар әдетте инъекциялар арқылы немесе ауыз арқылы енгізіледі.  Вакцина көмегімен бала ағзасы антиденелер түзеді. Сонымен, бала иммунитетке ие болып, ауырмайды. Кеңейтілген иммунизация бағдарламасы (РПИ) ДДС ұйымының бастамасы болып табылады, оның мақсаты – бүкіл дүниедегі балаларды қауіпті  ауруларға  қарсы  иммунизациялау.  Өкінішке орай, екпелерге қатысты теріс көзқарастар қалыптасқан. Соның салдарынан адамдар вакциналаудан бас тартуда. Иммундық жүйені зерттейтін әлемнің ғалымдары аталған көзқарастарды қолдамайды және екпелердің өмірлік қажеттілігі өте маңызды екенін ғылыми тұрғыдан дәлелдеген.

Енді өзің шеш, таразының бір басында сенің денсаулығың, ал екіншісінде кейбіреудің теріс пікірі!

 

А.Дербисова,

Қаратау ауданы

ҚДСБ бас маманы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.