Экстремизм мен терроризм туралы не білесіз?

Қазіргі кезде әлемде экстремистік әрекеттер, соның ішінде діни экстремистік әрекеттер жиі кездесіп отыр. Экстремистік ұйымдар мен әрекеттер Қазақстанда да пайда болып, өз істерін жүзеге асырумен көзге түсіп отыр. Осыған орай ҚР-ның 2005 жылы 18 ақпанда «Экстремизмге қарсы іс-қимыл» туралы №31 заңы қабылданды.

Экстремизммен қатар терроризм әрекеттері де әлемде көп кездесіп отыр. Террорлық әрекеттер Қазақстанда да орын алды.  Елімізде «Терроризмге қарсы күрес туралы» ҚР заңы алдымен 19.02.2002ж. қабылданып, 10.07. 2009ж.берілген өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Діни экстремизм – діни құндылықтарды жамылып, дінді сақтауды желеу етіп, өзінің саяси мақсаттарына қол жеткізу жолындағы саяси әрекет. Діни экстремизмнің негізінде өз идеяларын түсіндіру, оған жаңа мүшелерді тарту, әсіресе жастарды тарту жолымен жүреді. Алдымен олар өздеріне қажетті адамдарды қоғам ішінен ұзақ таңдайды. Олармен танысып, өз әрекетіне тартады. Оларға діннің мәнін түсіндірген болады. Сол үшін түрлі астыртын жиындар мен жиналыстар, кездесулер өткізіп отырады. Оларда қызу пікірталастар жүргізеді.

Жаңа мүшелерге жәрдем береді. Діни бауырмалдылық идеясын насихаттайды. Оларға өз әдебиеттерін беріп, өз идеяларына толықтай өткізеді. Басқа діндерді жамандайды. Өмір сүріп отырған қоғамдық құрылысты айыптайды, оған қарсы күрес қажеттігін негіздейді. Содан кейін барып мүшелерімен түрлі әскери жаттықтырулар өткізе бастайды. Осылай жаңа мүшелерін қаруландырып, күреске дайын етеді. Олардың насихаты ымырасыз келеді. Діни экстремизмнің дінге ешқандай қатысы жоқ, тек оны жамылғы етеді.

Экстремизм әдетте ешқандай ымыраны мойындамай, ортақ келісімнен бас тартады, өз орталықтарының рұқсатынсыз келіссөздерге шықпайды. Олардың басты қаруы–қатігездік пен шапқыншылық. Діни экстремизм өз мүшелерінің адал еңбек ету туралы діни анттарын қабылдайды. Діни антқа байланған адамдардың экстремистердің қатарынан шығуы өте қиын.

­ Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексінде жарылыс жасау, өрт қою немесе адамдардың қаза болуы, елеулі мүліктік зиян келтіру не қоғамға қауіпті өзге де зардаптардың туындау қаупін төндіретін өзге де іс-әрекеттер жасау, егер осы іс-әрекеттер қоғамдық қауіпсіздікті бұзу, халықты үрейлендіру не Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының, шет мемлекеттің немесе халықаралық ұйымның шешім қабылдауына ықпал ету мақсатында жасалса, сондай-ақ аталған іс-әрекеттерді дәл сол мақсатта жасаймын деп қорқыту терроризм болып табылады.

Қоғамдық қауіпсіздікті бұзу, халықты үрейлендіру не Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының, шет мемлекеттiң немесе халықаралық ұйымның шешiмдер қабылдауына ықпал ету мақсатында адамның өмiріне қастандық жасау, сондай-ақ дәл сол мақсатта, оның мемлекеттік немесе өзге де саяси қызметін тоқтату, не осындай қызметi үшiн кек алу мақсатында мемлекет немесе қоғам қайраткерiнiң өмiрiне қастандық жасау, не халықаралық қорғау аясындағы адамдарға немесе ұйымдарға, жайларға, ғимараттарға шабуыл жасаумен, адамды кепілге алумен, жайларды, ғимараттарды, қатынас және байланыс құралдарын басып алумен, әуе немесе су көлігін, жылжымалы темір жол құрамын не өзге де қоғамдық көлікті айдап әкетумен, сол сияқты басып алумен ұштасқан адам өміріне қол сұғу болып өзгертілді.

Терроризм актісін дайындауға қатысқан адам, егер ол мемлекеттік органдарға дер кезінде ескертуімен немесе өзге тәсілмен терроризм актісін болғызбауға септігін тигізсе және егер оның іс-әрекетінде өзге қылмыс құрамы болмаса, қылмыстық жауаптылықтан босатылады.

Дегенмен, аймақтағы басқа елдермен салыстырғанда Қазақстанда террористік және экстремистік іс-әркеттерді анықтау және оның жолын кесу үшін заңнамалық және ұйымдастырушылық негіздерді жасау және жетілдіру жөнінде айтарлықтай жұмыстар атқарылды. 1999 жылғы шілдеде республикада терроризмге қарсы күрестің құқықтық және ұйымдастырушылық негіздерін, мемлекеттік органдардың және барлық меншіктік формаларындағы ұйымдардың қызмет тәртібін, сондай-ақ терроризмге қарсы күресті жүзеге асырумен байланысты азаматтардың құқықтарын, міндеттері мен кепілдіктерін айқындайтын «Терроризмге қарсы күрес туралы» заң қабылданды.

2003 жылғы желтоқсанда Президенттің Жарлығымен терроризмнің және діни экстремизмнің көріністерімен күресте барлық қауіпсіздік қорғау құрылымдарының неғұрлым тиімді жұмыс істеуі үшін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің терроризмге қарсы күрес орталығы құрылды және оған барлық арнайы құрылымдардың, құқық қорғау органдарының және өзге де ведомстволардың қызметін үйлестіру жүктелді.

(Жалғасы бар) Ғ.Маймақов.

«Қазақстан жолы» газеті, №29 (674) 04.08.2018 жыл.

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.