Елбасы елшілерді қабылдады
Мемлекет басшысына Тәжікстан Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Хайрулло Ибодзода, Жапонияның Төтенше және өкілетті елшісі Тацухико Касаи, Чех Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Рудольф Гикл, Хорватия Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Рефик Шабанович және Вьетнам Социалистік Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Нгуен Тхи Хонг Оань сенім грамоталарын тапсырды.
Нұрсұлтан Назарбаев елшілерді Қазақстандағы дипломатиялық миссияларының ресми түрде басталуымен құттықтап, олардың қызметі еліміздегі маңызды реформалардың жүзеге асырылу кезеңімен тұспа-тұс келіп отырғанын атап өтті.
– Біздің мақсатымыз – әлемдегі озық дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Қазақстанның келешегі заманауи технологияны жете меңгерген өскелең ұрпақтың қолында. Сондықтан, осы жылды «Жастар жылы» деп жарияладым,-деді Қазақстан Президенті.
Елбасы жастарды сапалы біліммен, жұмыспен және баспанамен қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар қабылданып жатқанын айта келіп, бизнес ахуалын жақсарту, шетелден инвестиция тарту және Қазақстан экспортының бағыттарын кеңейту үшін бірқатар бағдарламаның жүзеге асырылып жатқаны жөнінде айтты.
Елбасы халықаралық күн тәртібінде тұрған заманауи сынқатерлерге де тоқтала келіп:
– Жетекші ядролық державалар арасындағы текетірес әлем жұртшылығын алаңдатып отыр. Осы орайда, Орта және кіші қашықтықтағы зымырандарды жою туралы шарттың бұзылу қаупін ерекше атап өткім келеді. Бейбітшілікті қалайтын елдер жаңа жаһандық апаттың болуына жол бермей, оның алдын алуы қажет,-деді.
Мемлекет басшысы Қазақстанның бітімгершілік қызметінің нәтижелерін ерекше атап өтіп, әлемде ядролық қаруды таратпау үшін қабылданған шаралардың маңыздылығына назар аударды.
Елбасы елшілерге арналған сөзінде мемлекетаралық достық қатынастарды нығайту және ілгерілету қажеттігін айтты.
“Ақорда”