Елордалық әртістер Ақтөбеде өнер көрсетеді

«Астана Опера» Ақтөбеге гастрольге аттанады, әртістердің өнер көрсетулері ERG қолдауымен 28 маусымда Ғазиза Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының сахнасында, атап айтсақ «Өнер орталығы» концерттік залында өтеді.

Саяхат шымылдығын ашатын «Музыка әлемі» концерті балғын көрермендер үшін жазғы демалыс кезінде нағыз тосынсый болмақ. Көптеген балалар алғаш рет опера дауыстарын тыңдап, танымал аспапшылардың, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлерінің  жоғары кәсіби ойындарына баға бере алады.

Сонымен қатар, ең кішкентай аудиторияға арналған бағдарламаны театр музыкатанушылары концертмейстер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Раушан Бескембировамен бірге ойластыра отырып іріктеді.  Осылайша, 28 маусым 16.00-де жас театрсүйер қауымның әлемдік вокалдық классиканың танымал жауһарларын «Астана Опера» опера труппасының солистері Әсем Сембина, Малика Минизини, Алтынбек Әбілдә мен өзге де вокалистердің орындауында тыңдауға мүмкіндіктері болады. Опера әншілері жеке де, дуэтпен де өнер көрсетіп, балаларды сопрано, меццо-сопрано, тенор, баритон секілді әйел және ерлер дауыстарының түрлерімен таныстырады, ал музыканттар нағыз аспаптар шеруін паш етеді.

– Балғын көрермендердің алдында өнер көрсету мен үшін екі есе қуаныш. Өйткені сахнада балаларға арнап ән салғанда, залда олардың бақытты жүздерін көріп шаттанамын. Біз оларға өнерге деген сүйіспеншілікті ұялатамыз. Бір қарағанда күрделі көрінетін осынау жанрды балалар жақсырақ қабылдауы үшін әртістер көптеген қызықты тосынсыйлар әзірлеп, ақтөбелік балаларды зор әсерде қалдырмақшы. «Музыка әлемінде» концертінде мен француз композиторы Жак Оффенбахтың «Гофман ертегілері» операсынан қуыршақ Олимпияның ариясын орындаймын. Үлкенді-кішілі көрермендер бұл керемет нөмірді тыңдағанды ұнатады. Бұдан бөлек, әріптесім Малика Минизини екеуіміз Дж.Россинидің әзіл мен актерлік ойынға толы «Мысықтар» дуэтін орындаймыз, – деп атап өтті опера әншісі Әсем Сембина.

– «Астана Опера» театры әртістерін қашанда жақсы қабылдайтыны гастроль кезінде көрініп тұрады. Бұның жарқын дәлелі – көрермендердің алғыстары, естелік суретке түсуге өтініш айтулары әрі «тағы келіңіздер» деген шақырулары, – деп сөзін қорытындылады солист.

 

Әрбір әртіс үшін толқулы сәт – сахнаға шығу. Қазақстанның Павлодар, Екібастұз, Қарағанды және Рудный қалаларына Дж.Россинидің «Жібек сатысымен» гастрольдік сапарға барып келген опера труппасының көпшілікпен әрбір кездесуі шабытқа, шаттық пен қуанышқа толы. Джулия мен Дорвильдің  басты партияларында театрдың жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Салтанат Ахметова мен Astana Opera Халықаралық опера академиясының шәкірті Әлихан Зейнолла өнер көрсетеді. Танымал опера әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Жылтыркөзов Джерманоның бейнесін таныстырса, тенор Рамзат Балакишиев Дормонтты орындауға дайындалуда, ал  Евгений Чайников пен Салтанат Мұратбекова Бланзак пен Лючилланың  партияларында жарқырайды. Шытырман оқиғаға толы комедиялық қойылымды Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, маэстро Абзал Мұхитдиннің жетекшілігімен «Астана Опера» Камералық оркестрі сүйемелдейді. Спектакльдің басталуы 19.00-де.

Айта кету керек, гастрольдік саяхаттың көрермендер аудиториясы ERG жетекші халықаралық өнеркәсіптік компаниясының қызметкерлері мен олардың отбасылары болады. Оларды «Астана Операмен» ұмытылмас кездесу күтеді, бұл театр мен Ақтөбенің концерттік алаңдарының келешектегі жемісті ынтымақтастығының бастауы болмақ.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.