ЕРТЕҢІМЕ СЕНЕМІН
Адам қанша жас болса да, оны көрген қиыншылықтары есейтіп жібереді екен. Жасым он тоғызға енді толды. Бірақ, мен өзімнің қатарластарымнан әлдеқайда ересек екендігімді байқаймын.
Бір үйдің үлкенімін. Сондықтан, еңбекке ерте араласып, өз несібемді өзім тауып жүрмін. Оқуымның ақшасын да өзім төлеймін. Ата-анама салмақ салғым келмейді. Олардың бізді жеткіземін деп көрген қиындығының өзі жеткілікті.
Өмір өзі сан қилы қиыншылықтардан тұрады емес пе? Әркімнің басына Жаратушы әртүрлі қиыншылықтарды салатындығына көзім жетті. Осыдан бірнеше жыл бұрын біздің отбасымыздың басына қара бұлт үйірілген еді. Әкемді жала жауып, жұмысынан шығарып жіберген болатын. Ал анам болса, бала тәрбиесі деп жүріп, жұмыс туралы мүлде ойлаған емес. Тек әкемнің тапқанын ұқсатып отыруды ғана білетін.
Осылайша жылдар зымырап өтіп жатты. Қара шай мен қара нан біздің ең сүйікті асымызға айналды. Жасымыз кішкентай болғандықтан, осы жағдайдан шығуға еш көмек бере алмадық. Осы сәттен бастап: «Есейген соң, ата-анамды өзім асыраймын. Тек қазір әкем жұмысқа кірсінші!» деп күнде Құдайға жалбарынушы едім. Бала тілегі қабыл болып, әкем үш жылдан соң қайта жұмысқа орналасты. Сондағы қуанғаным соншалық, сыныптастарымның бәріне: «Менің әкем жұмысқа кірді, енді бізде бәрі жақсы болады», — деп айта беріппін. Көйлегі көк, қарындары тоқ олар менің неге бұлай қуанғанымды түсінбегенін білемін.
Мұндай жағдай әрбір отбасында болмаса да, кейбірінде болады деп ойлаймын. Бірақ, біз соншалықты қиналсақ та, отбасымыздың ойрандалуына жол бермедік. Анам әкеме «Ақша таппайсың, үйде бос отырсың» деген сынды әңгімелерді айтпады. Тек алдағы күнге үміт артумен болды. Содан болса керек, біз бұл сынақтан сүрінбей өттік.
Қазір, Құдайға шүкіршілік, бізде бәрі жақсы. Өз қолымыз өз аузымызға жетіп, әкеме жәрдемші болып жүргендігімді мақтан етемін. Әкем, анам және бауырларым аман болса, мен бәріне де төзетінімді ұқтым. Тек барға қанағат етіп, осы күнімізге шүкір дейік.
Алмат.