Есеп беру де өтеді, ал кадрдың қадірі қалай болмақ?

Оңтүстік өңірінің даласында да, қаласында да әкімдердің есеп беру жиындары өтіп жатыр. Жыл өткен сайын еліміздің экономикалық-әлеуметтік даму қарқыны өсе түскенін халықтың өзі көріп отыр. Елімізде нарық қатынасының талабына сай шағын және орта бизнесті жолға қойып, ал тұрмыстық жағдайларын көтеруге қолдау көрсетіліп, жасалынып жатқан қамқорлық алыс-жақын елдердің бірде-бірінде жоқ. Ал, ел тұрғындарының шынайы өмір тынысына оң өзгерістер әкелу үшін мемлекеттің беріп жатқан есепсіз субсидиялары мен жеңілдетілген несилердің оң нәтижелеріне қол жеткізіп жатырмыз ба? Өте баяу, елдің қайтары көріне бермейтін қазынасын аяйсың. Ұрпағымыздың жарқын болашағын бүгін бастауымыз керектігін біле тұрып, немқұрайдылық көрсетеміз.

Күнделікті күйбең тірліктің өтуіне мәз болумен айды аптадай етіп, жылдарды жыл­жытумен күн өткізіп жатырмыз. Арасында банктен кредит алып, қарызға белшеден батсақ та, той өткізуді тоқтатпайтынымыз бар.

Құдайдың берген сыйы – осындай ұлы даланың да қадіріне жетіп жатқан жоқпыз. Ішер тамағымыздың өзіне Сингапурдың мұнайдан жасаған «порошок» сүтін, Қытайдың химиялық жұмыртқасын, Белорустің шандыр етін, 25-30 жыл сақталған «Буштың» сирағын сатып алып отырғанымызға «былқ» етпейміз. Тура бір «дамитын ел дами берсін, «моя хата с края» дейтін сияқтымыз.

Ал, әкімқараның есебін тыңдасаң, олар ат үстінен түспей, мемлекеттің берген қаржысын жұмсаудың өзімен-ақ «айды жерге жақындатып» қойғандай. Олардың қалың көпті ортақ мақсатқа жұмылдыруда нақты қандай істерге ұйытқы болғаны есепті баяндаманың оқылмайтын, соңғы бетінде тұрса керек.

Әкімқараның баяндамасында атқарылған нақты істер келтіріліп, өткір де, өзекті мәселелер айтылып, ел талқысына салынбайды. Алда-жалда есепті жиында бір-екі «қоғам белсендісі» ел тілегін жеткізіп үлгерсе үлгерді, үлгермесе «жарапазаншы» шалдар әкімді мақтауды бастап жібереді де, одан кейін өзгелерге сөз де тимей қалады.

Елбасының «Рухани жаңғыру» тапсырмасы бойынша жаттанды «пәлсапа» өткізілген бірлі-жарымды мәдени іс-шаралар тілге тиек етіледі. Барды бар, жоқты жоқ деп, шынайы жанашырлықпен ел тынысындағы келеңсіздіктерді көпке ой саларлықтай етіп қозғау да қаперлеріне кірмейді. Бюджет қаржысымен істелінген тірлікті, бюджет қаржысына алынған заттардың ұзын-сонар тізімін оқып, жұртты риза еткендей мардымситынын қайтесің, әкімқараның?

Қазір пәрменді тірліктерді жүргізудің орнына, жаттанды құрғақ сөз айту үрдіс болды.

Өтірік уәделер берілсе, соны біле тұрып, «ел аман, жұрт аман» орындалса, орындалып қалар деп мүләйімсиміз.

Даму да, тозу да кадрға байланысты екенін білгенде не істейсің, «шымкентшелеу» жүйесіне күшің жетпейтін болған соң.

Десек те, ақпан айының ортасында облыстың да, Шымкент қаласының да әкімі есептерін бергеннен кейін үлкен өзгерістер болады деген сөз босқа айтылып жүр ме? Тіпті, облыс пен қаланың басшылығында төбесінен төменге дейін өзгерістер болады дегенге не дерсің? Шындығында, аудандар мен ауылдарда «мата атымен бөз өтедінің» керімен жүргендерді жоққа шығара алмаспыз.

Сын түзелмей, мін түзелмейдінің дәлелі деп, Сарыағаштың әкімі Қ.Әбдуәлиев пен Шымкент қаласы әкімі орынбасары Қ.Нұртайдың бүгінде ысылған, елге танымал басшы-кадрға айналғаны баршамызға аян. Шымкенттің мектебінен өткен Қ.Нұртайдың еселі еңбегі бағаланып, «Құрмет» орденімен марапатталса, бүгінде миллиондық қала әкімінің бірінші орынбасары қызметінің ауыр жүгін әріптестерімен түсіністік жағдайында бірге көтеріп келеді. Ел сенімін ақтауда Жетісайдың әкімі Ж.Бейсенбаев пен Келестің әкімі  А.Есбаевтың халқына қалтқысыз қызметін арнағанын ел-жұрты көріп-біліп отыр.

Ал, облысқа бір үлкен кадрлық өзгерістердің қажеттігін бес жасар баламызға дейін біледі десек, қателеспейтін шығармыз. Күтейік, бәріне уақыт төреші.

О.Жылқыайдаров

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.