ЕСЕП БЕРУ МЕ, ӘЛДЕ КӨЗБОЯУШЫЛЫҚ ПА?

Міне, жылдағыдай әкімдердің халық алдында есеп беруі басталды. Қазір көп әкімдер тұрғындарға есеп беруде ысылып қалды. Кейбіреулері атқарылған жұмыстарды айтқанда өзгелердің тірліктерін өзі атқарғандай судыратып тұрып айтып бергенін де көрдік .
Жуырда Шымкент қаласындағы Абай ауданының әкімі Бұхарбай Парманов №52 мектепте сол аймақтағы тұрғындар үшін есеп берді.
Былтыр да Абай ауданының сол кездегі әкімі А.Татыбаевтың есебі тура осы мектепте өткен. Сонда залда орындықтар көп болып, алдыңғы жақтағылары сахнаға 1,5 метрдей жақын қойылып еді. Бұл жолы орындықтардың сахнадан 5 метрден аса артқа жылжытылғаны залға көп адамның, әсіресе түрлі мәселемен ашынып келетіндердің сыймай қалуы үшін жасалғандай көрінді. Осы әкімдердің есебіне кей адамдардың «бос орын жоқ» деген сылтаумен кірмей қалатынын үнемі көріп те, біліп те жүрміз.
Әкім Б.Пармановтың есебіне келген И.Әлсерке бізге: «Мына жиынға қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов келмейтін болыпты ғой. Мен «сол келеді» дегенді естіп келіп едім. Айтар пікірімді соған айтқаным ғана абзал. Ал мыналарға айтқанмен пайда жоқ. Сөзің босқа кетеді»,- деді. Иә, бұл азаматтың пікірі де босқа айтылмаған шығар. «№52 мектептегі есебінде осындай мәселе қозғалды, мынадай сын айтылды» деп Абай ауданы әкімінің қала басшысына айтып бармасы анық. Өзгелері де жауырды жаба тоқумен өздеріне бағытталған өкпе-реніштерді де жеткізбесі белгілі. Жиында қала әкімінің Б.Пармановтың «Жаңа талап» алабында өтетін келесі есебіне қатысатыны туралы естідік. Шаһардың бір қиырындағы жиынға шындықты айтатындардың көбі бара бермейтіні мәлім. Сондықтан қала әкіміне сол жаққа бару ұсыныс етілді ме? Бәлкім Ғабидолла Рахматоллаұлы сонда баруды өзі жөн көрді ме? Мүмкін тыныштық үшін…
Десек те, аудан басшыларының есебі жыл он екі ай өтпейді. Санаулы күндерде өтетін бірнеше есепке неге толық қатыса салмайды? Ешкім әкімнің тонын шешіп алмайды ғой. Тіпті, есеп барысында қандай былық айтылса да, оған шара да көрсетілмейді емес пе? Қандай мәселе айтылса да «Оңып жатқан Оспан» жоқтың кері. Сондықтан әкімнің бар есепке қатысқаны өзіне пайдалы. Себебі, қаланың әр тұсындағы барлық түйткілді естіп-біліп алар еді.
Негізі, шаһар басшысы қаланы белсенділікпен аралап, түрлі жағдайлармен таныспайды. Мысалы, «Ынтымақ-2» шағынауданында соңғы жылдарға дейін су, газ, электр жүйелері мен асфальт жол болмай келді. Бұл мәселе ақпарат құралдарында қанша көтерілсе де, Ғ.Әбдірахымов аталмыш шағынауданға бірде-бір рет бармады. Осының өзі оның тұрғындарға қаншалықты жаны ашып, қаншалықты патриот екенін көрсетсе керек.
Бірер жыл бұрын ғана «Ынты­мақ-2» шағынауданына электр жүйесі тартылғанда тұрғындар қатты қуанған болатын. Алайда, электр сымдары «Ынтымақ-2» шағынауданының жартысына ғана тартылды. Себебі әу бастан электр жүйесі жобасы «Ынтымақ-2» шағынауданының жартысына ғана жасалыныпты. Сонда «мүгедек» жобаны қандай «данышпан» жасатқан? «Жартыкеш» жоба Ғабидолла әкім Шымкентке келмей тұрып істелсе де, кейін тұрғындардың жарықсыз отырғаны, тіпті баяғы замандағы ішіне шоқ салып қыздыратын үтік қолданып жүргені ақпарат құралдарында жарияланып жатты.
Қала берді, «Ынтымақ-2» шағынауданында «құрттап кеткен» су ішіп отырғандар да табылады. Себебі, «Ынтымаққа» әлі күнге су жүйесі тартылмаған. Ал мемлекет тарапын «водовозбен» тасылатын су барлық үйге жеткізіліп жатқан жоқ. «Кісідегінің кілті аспанданы» ұстанған жүргізушілердің жұмысын да қадағалап жатқан жан жоқ. Қазіргідей жауын-шашынды кезде кішкене жаңбыр себелесе «Үй жағың балшық» деп бармай қоя салады. Ал оның зардабын шиеттей бала-шағасы бар тұрғындар көруде. Өзінің есептік кездесуінде атқарылған жұмыстарды судыратып айтқан Парманов осыларды біле ме?
Үш жыл бұрын «Ынтымақ-2» шағынауданына газ құбыры тартылған. Үстіміздегі жылы үйлерге газ беру жұмыстары басталған болатын. Алайда, кей көше тұрғындарына ішінде газ есептегіш құралдары тұратын сары жәшік берілсе, кейбіріне берілмеген. Мұнан соң сары жәшігі барлар газға қосылғанда, сары жәшігі жоқтар да сол қорапты қалай да алуға ниеттенді. Жұрт Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасына барғанда «Пресс автомат» жақта сары жәшік бар, соны сатып алуға болады» деген жауап естігендері де кездескен. Ал ашуланғандарға «Сіз жобада жоқ екенсіз ғой» деп те айтылған. Оны естіген тұрғын «Газға қосыла алмай қаламын ба?» деп қорқып, басшының ығына жығылмағанда не істейді? Аудан әкімі есебінде «Ынтымақ-2» шағынауданы тұрғыны С.Б. сары жәшік ала алмай жүргеніне шағымданды. Ол азамат жиында отырған энергетика және коммуналдық шаруашылық басқарма басшының орынбасары Н.Жаманкөзовты қолымен көрсетіп тұрып, оның алдына кіргені жайында дәлелді сөз айтты. Алайда, басқа сұрақтарға өзге басқармадан келгендерге жауап бергізіп жатқан Б.Парманов Жаманкөзовтың жауап беруін өтінбеді де. Осы басқармадағы Бақыт деген маман алдына барғанда С.Қ-ға: «Сізге сары жәшік беріледі» десе, кейіннен «оны «подрядчик» береді» деп те айтқан. Осы мекеме қызметкерлерінің «Сары жәшік» береміз» дегені де бар. Сары жәшікті бермей неге сарсаңға салады? Бұл мәселені естіген Пармановтың басқарма басшыларына шамасы келмейтіні әлімсақтан аян. Міне, осындайда басқарма басшыларын орнынан тұрғызып қойып, сұраққа жауап бергізуге ықпал жасайтын шаһар басшысы неге жиынға қатыспайды?
Есептік шара С.Б-ның сұрағынан соң анау айтқандай тартымды да болмады. Бірінен соң бірі шыққан жарапазаншы «попугайлар» аудан әкіміне алғысын жаудырып, ұзақ-сонар сөз сөйлеуге көшті. Жиылғандар «Сұрақ қойсаңызшы» десе, басқа айтары жоқтай, мақтауды жалғастырып кетеді. Жиынның ары қарай қай бағытта өтетінін біліп, біз де орнымыздан тұрып, сыртқа беттей бердік.

Т.Боралдай

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.