Головкин мен «Канело» екінші жекпе-жек өткізетін күн анықталды
WBC, WBA (Super) және IBO тұжырымдары бойынша орта салмақта әлем чемпионы қазақстандық Геннадий Головкин мен мексикалық Сауль «Канело» Альварес екінші жекпе-жегі жайлы келісті, — деп хабарлайды Massaget.kz ақпарат порталы Vesti.kz сайтына сілтеме жасап.
Альварестің мүддесін қорғайтын промоутер Оскар Де Ла Хойяның айтуынша, кездесу 15 қыркүйекте өтеді. Бұл күн — Мексиканың Тәуелсіздік күніне сәйкес келеді. — Кездесудің 15 қыркүйекте өтетінін аса қуанышпен жария етемін, #CaneloGGG2, — деп жазды Оскар де Ла Хойя Twitter желісінде.
Айта кетейік, Головкин мен Альварестің қорытынды келіссөздері ресми жарияланымға бір жарым сағат қалғанда өткен. Бастапқыда Оскар де Ла Хойя ESPN басылымына берген сұхбатында «екінші кездесу өтпейді, бұл 100 пайыз» деп мәлімдеген. Алайда бес минут өткенде тараптар қайта талқылауға көшкен. Ал одан бір тәулік бұрын мексикалық Сауль «Канело» Альварестің ісін жүргізетін Golden Boy Promotions промоутерлік компаниясының президенті Эрик Гомес қазақстандық Геннадий Головкиннің командасына талап қойған-ды. Гоместің сөзінше, олар Головкинге қыркүйекте болуы мүмкін қарымтаның кірісін бөлісу туралы соңғы ұсыныстарын айтқан. Ол шарт бойынша табыс Альварестің пайдасына 57,5-те 42,5 болып бөлінеді.
Еске салайық, Головкин мен «Канело» арасындағы алғашқы жекпе-жек былтыр 16 қыркүйекте T-Mobile арнеасында өтіп, төрешілер шешімі бойынша тең аяқталған. Ол кезде қазақстандық түскен табыстың 30 пайызын ғана алған еді.