Халық руханияты
Ислам діні мен араб мәдениетінің қазақ халқының руханиятына тигізген игі әсерін, тарихтағы үйлестіруші қызметін теріске шығаруға болмас, алайда қазақтарды өзіндік халық, этнос ретінде қалыптастырған, руханиятының өзегін құрап, тұрақтандырған архетиптік наным-сенімдерін ұмытпаған жөн, оларсыз мәдениетімізді толыққанды түсіну мүмкін емес.
Ұлтымыздың діни жүйелерін қарастырғанда олардың бір-бірімен қатар дамығанын, оларды бөліп қарастыру тек ғылыми абстрактілеу арқылы, қолайлылық мақсатында қолданылғанын естен шығармаған жөн. Нақтылы тарихи даму барысында олар бір-бірімен қабаттасып, тұтасып кеткен.
Ұлттық мифологиялық және архетиптік тарихи даму кезендерінде генотиптік діни жүйелер басым болды. Профессор Т.Ғабитов генотиптік діни жүйеге төмендегідей анықтама береді: «Генотиптік діни жүйе деп рулық-тайпалық қауымға тән ілкі ата текті қастерлеп, оларды жаратушы және қоғамдық өмірдің барлық салаларында шешуші күш ретінде қабылдайтын сенімдер мен нанымдардың бірлігін айтады. Генотиптік сенімнің орталық бейнесі–аруақ».
Ата-баба аруағын қастерлеу – сақтар заманынан осы күнге дейін жалғасқан дәстүр. Қазіргі күндері ел мен жерді жаудан жан аямай қорғап, ерлігімен, әділеттілігімен көзге түскен, сол арқылы халық жадында сақталған Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Райымбек сияқты батырларды, Төле, Қазыбек, Әйтекедей билерді қастерлеп, оларға атап ас беру – осы дәстүр көрінісі.
Артында қалған ұрпағы о дүниелік болған адамның аруағын риза етуді парыз санаған. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген халық даналығында аруаққа деген көзқарас айқын көрініс тапқан.