Халыққа қызмет – жауапты мiндет
Сарыағаштың шипалы суының емдік қасиеті елімізге ғана емес, алыс-жақын елдерге әйгілі болғалы қашан. Сарыағашқа серуен-саяхатқа емес, денсаулықтарын түзеуге келетіндіктен, «туристердің» саны көбеймесе, азаймайтындығы баршаға аян. Құдірет иесінің өзі сый етіп отырған ризық-несібеге ұқыпты қарауды ұстанған сарыағаштықтар саладағы жұмысты жүйелі жолға қоюда бірқатар игі істерді атқарып үлгеріпті. Өткен жылдың өзінде Көктерек кентінде жалпы құны 635 млн. теңгені құрайтын 3 жоба іске асырылған. «Тілек» ЖШС құны 505 млн. теңгені құрайтын «Ақтілек» шипажайы құрылысын ел игілігіне беріп, 96 адамды жұмыспен қамтыпты. Жеке кәсіпкер А.Абдуалиеваның «Байқоңыр» шипажайының құрылысы аяқталып, іске қосуда 10 адам жаңа жұмыс орнымен қамтылса, жеке кәсіпкер Е.Шағырбаев та «Маржан су» шипажайының қосымша жатақ корпусын іске қосып, 10 адамды жұмыспен қамтамасыз еткен. Биылғы жылы жеке кәсіпкерлердің «Ақ ниет», «Балжан», «ВО Saga» шипажай құрылыстары аяқталып, 58 адамды жұмыспен қамту іске асырылмақ.
Ауданда биылғы жылы жалпы құны 415,8 млн. теңгені құрайтын 5 емдеу-сауықтыру орталықтарын іске қосып, 78 адамды жұмыс орнымен қамту қарастырылып, оның барысы көңілдегідей жүріп жатқан көрінеді.
Ауданда 3-8 жастағы 20802 бала мектепке дейінгі мекемелерге тартылып, бүлдіршіндерді балабақшамен қамту 94,3 пайызға жетіп, облыс аумағында жоғарғы көрсеткішке қол жеткізіпті. Аудандағы 293 балалар мекемесінің 247-і мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті құрапты. Жыл басынан бері ауданда «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында 5974 адам еңбекке тартылса, осы жыл соңына дейін оны 9761-ге жеткізу қарастырылыпты.
О.ТӘЖИЕВ
Соңы.
«Қазақстан жолы» газеті, №32 (677) 29.08.2018 жыл.