ХАЛЫҚТЫҢ БАЙЛЫҒЫ ТАЛАН-ТАРАЖҒА ТҮСПЕУІ КЕРЕК

Серікболсын ӘБДІЛДИН

Ең бірінші қадам – қазақтың рухани күшін биік ұстауымыз керек. Екіншіден, мықты ел болу үшін жақсы білім алуымыз керек. Үшіншіден, біз мықты қазақ мемлекетін құруымыз үшін басқаларға еліктеп, жалтақтауымыздың керегі жоқ. Себебі қазақта рух та, күш те бар. Тек бірлік керек. Қазақ біріксе болды, жердің асты да, үсті де байлыққа толы.

*   *   * 

Халыққа менің айтатынымды осыдан бір ғасыр бұрын біздің Алаштың азаматтары айтып кеткен. Ояну керек, сезімтал болу керек, алданбау керек, шындық жолымен жүруге тырысу керек, өтірікке, өсекке, ұрлыққа бой бермеу керек. Оны жасаған адамдарға қарсы тұратындай мүмкіндігі болуы керек. Жалпы мынау қазақтың жері ме, суы ма, ауасы ма – барлығы қазақтың қазақ болуына жақсы мүмкіндіктер. Оны ата-бабаларымыз да дәлелдеп кетті. Ел және жер деген екі ұғым бар. Қазір барлығы «Мәңгілік ел» деп шауып жүр. Бірақ біздің ата-бабамыз «ел елу жылда жаңарады» деген. Ел деген жаңарып тұрады, жер мәңгілік. Ең бірінші қазақтың алдында тұрған міндет – жерін қорғау. Жерге ел ие болуы керек.

*   *   * 

Біз экономикамызды дұрыс жолға қоямыз десек, Қазақстанның тұтынатын тауарларын өзіміз шығаратын шағын және орта бизнеске кеңінен жол ашуымыз керек еді. Оның пайдасы көп, біріншіден, өндіріс – жұмыс орны; екіншіден – табыс; үшіншіден – денсаулық, төртіншіден – әлеуметтік тұрмыс жағдайымыз жақсарады.

Ал бүгінде бізде бәрі керісінше, өндірісті дамытудың орнына оңай ақша табудың жолдарын іздейді. Ақша өзімізде жетпесе, сырттан қарыз алады. Ал сырттан қарыз алу – қайыршының амалы. Сырттан ешкім тегін ақша таратпайды, оның өсім пайызы болады, уақытымен қайтару керек, ал төленбеген қаншама миллиардтар біздің болашақ ұрпағымыздың мойнына ілінді. Сондықтан саясаттың ең үлкені – тауар өндірісін жасау. Оған біздің шикізатымыз жетеді. Ауыл шаруашылығын көтерсек, шеттен ешқандай азық-түлік тасудың қажеттілігі болмайды. Қазір еттің өзін сонау Бразилиядан тасимыз. Осы ма біздің дамып жатқан экономикамыз?!

*   *   * 

Біздің түсінігіміздегі инвестиция – сырттан келетін ақша. Оның қайтару құны өте қымбатқа түседі. Біздің мемлекет баюға мүмкіндік беретін сондай жағдайды шетелдіктерге ғана жасап отыр. Бір мысал келтірейін: қаншама диктатор десек те, Ливияда Кадаффидың кезінде мұнай өндіретін шетелдік компаниялардың үлесі – 19 пайыз, елге қалатын үлесі – 81 пайыз болып белгіленді. Ал Қазақстанда керісінше, өндірелетін мұнайдан қалатын үлес – 19 пайыз да, шеттен келген инвесторға – 81 пайызды беріп жібереміз. Дүние жүзінде мұндай шарт атымен жоқ. Сол себептен де бізге инвестиция ауыл шаруашылығын көтеруге, өнім өңдейтін өндіріс ошақтарына келмейді. Келетіні – жердің астындағы қазба байлығын, шикізатты шетке тасуға ғана келеді. Қазақстандық билік шетелдіктердің табыс табуына ғана жағдай жасап отыр.

*   *   * 

Жалпы, индустриалды-инновациялық даму жолына түскіміз келеді. Бірқатар  реформаларға  да  реңк  берудеміз. Бірақ  күнгейдің  көлеңке  тұсы  болатыны тәрізді біздің осы жаңа экономикалық саясатымыздың  да  көлеңкелі  жерлері  бар екенін  жасырмауымыз  қажет.  Осы  тұста басымдық беріп айтатын нәрсе: бізде бұйрық  айтылады,  жоспар  жасалады.  Әйтсе де  соны  орындау  жағы  кемшін.  Сөз  бен істің  арасы  байланыспайды.  Бұл  –  үлкен кемшілік. Адам баласында өткенді саралау деген  болу  керек.  Ал  біздің  мойнына жауапкершілік  жүктеген  құзырлы  тарапта осы өткенді саралайтын қасиет аз. Белгілі бір енгізілген жаңа жүйенің, реформаның нәтижесін бақылау жоқтың қасы. Бір сөзбен  айтқанда,  науқаншылдық  басым.

*   *   * 

Бастысы,  халық пен билік арасында терең байланыс болуы керек.  Бұл  жерде  басымдық  беріп  айта кететін нәрсе, мәселен, біз «жемқорлыққа соққы береміз» дейміз. Бірақ сол жемқорлықпен күресіп жүргендердің өзі жемқорлар ғой. Олардың басым бөлігінде жекелеген өндіріс орындары бар, көбісі – шалқыған бай. Ал мемлекеттік қызметкердің жалақысымен  мұндай  байлықты  олар  қайдан жинапты? Міне, осы жағы ескерілуі керек. Баяғыда Кеңес заманында өкіметтің жұмысын  істейтін  бір  мекеменің  бастығында басы артық баспана болса, оны партбюро тексеріп,  әбден  діңкелететін.  Ол  кездері байлыққа қызығуды білмейтінбіз. Қазір де осындай  жүйе  болса  деп  ойлайсың. Халықтың байлығы, тапқан табысы талан-таражға түспеуі керек. Сонда ғана біз құлдырау  хақында  сөз  қозғамайтын  боламыз.

*   *   * 

Парақорлықтың себебін бір сөзбен айтуға болмайды. Ең үлкен себебі – парақорлыққа алдыменен билікте отырған адамдар барды. Мысалы, әлгі жекешелендіру деген мемлекеттің меншігін жекеге ауыстыру деген заман болды. Сол кезде, қолында кімде  билік бар, сол барлығын сол өзінің шамасы келгенше жинап алды. Оның үстінен, кейін жекешелендірілді,  “нарыққа көшірілді” деген сөздің барлығы – бос сөз. Негізінде, сол жекешелендіріп алған байлықты қолына иеленіп ұстаған адамдардың барлығы, көпшілігі осы биліктің басында отыр қазірдің өзінде.

*   *   * 

Бізді құртып, дендетіп жатқан – ЖЕМҚОРЛЫҚ! Ал ол жемқорлықтың басында кім тұр? Халықтың жағдайының нашарлап кетуі, мемлекет байлығының сатылып кетуі кімге байланысты?

Қандай жағдай қалыптасып отырғаны көпшілікке аян. Сырттай қарағанда бәрі дұрыс секілді. Ал әлеуметтік жағдайға тереңдеп мән бергенде, халықтың кедейшіліктің зардабын тартып отырғанын көріп іш ашиды. Тіпті, ешкімнің түсіне де кірмеген байлықты иемденіп отырғандар бар.

*   *   *

Рухтың төмендеп кетуінің ең бірінші себебі – әлеуметтік жағдай.

Қарны аш, өзі жалаңаш, жұмысы жоқ жастар ешқашан патриот бола алмайды!

Ал халықтың тұрмысының нашарлауының ең бірінші себебі – жемқорлық! Ұрлық!

Қазақстан қазба байлыққа молынан бай, қазынасы көп ел едік. Бірақ билік пен маңайындағылар оның бәрін ұрлап түгесті.

Біздің билік шетелге барып инвестиция алғанымен ақталады. Ал ол – қарыз алу деген сөз. Қарыз алу – қайыршының ісі!

Біздің сыртқы қарызымыз 170 млрд болды. Жыл сайынғы шығаратын ішкі өніміміз — 160 млрд шамасында. Қарызымыздың өзі ішкі өнімнен артып кетті. Ол — ең үлкен қасірет!

*   *   *

Тоқетерін айтқанда, өткен жиырма бес жыл миллиондаған қазақстандықтар үшін ең ауыр жылдар болды. Яғни, өндіріс кеміп, жұмыссыздық көбейіп, парақорлық, ұрлық, заңсыздықтың өршіген, халықтың материалдық, рухани жағынан кедейленген жылдары болып тарихта қалды.

 

 

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.