Халықтың діни сауаттылығын арттыру- басты міндет

Мемлекет басшысы Жолдауында қойылып отырған міндеттерді іске асыру үшін ең алдымен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету керек. Өйткені қазіргі таңда әлемнің қай бұрышында болмасын адамзаттың бейбіт өмір сүруіне діни экстремизм мен терроризм қауіп төндіріп тұр.

Сондықтан да елімізде дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселесі мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі болып отыр.  Ал бүгінгі таңда Түркістан облысындағы діни ахуалды тұрақты деп  айтуға әбден ақ болады.

Өңірімізде 11 конфессияға енетін 60 исламдық емес бағыттағы жергілікті діни бірлестіктер мен олардың 3 филиалдары және исламдық бағыттағы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының филиалдары–823 мешіттер қызмет көрсетуде. Исламдық емес бағыттағы 60 діни бірлестіктер қатарында православтық–18, католиктік–1, иудейлік–1,бахаилық–1, протестанттық–39 діни бірлестіктер бар. Аталған діни бірлестіктер мен филиалдар еліміздегі заңдылықтар аясында қызмет жасауда, олардың арасында өзара ынтымақтастық орныққан, дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге үлесін қосып келеді.

Дегенмен өңір тұрғындарына, әсіресе жастарымызға түрлі бағыттағы теріс пиғылды жат ағымдардың зиянды ықпалы жоқ деп айта алмаймыз. Кереғар діни ағымдардың және оларды жақтаушы адамдардың ел ішінде адасушылық тудырып, ынтымақ пен бірлікке, татулық пен тұрақтылыққа нұқсан келтіруге бағытталған іс-әрекеттеріне қарсы жүйелі жұмыстар жасалуда.

Бұл тарапта мемлекет деңгейінде заңдылықтарды жетілдіру және күшейту қолға алынып, жергілікті жерлерде нақты атқарылар жұмыстар өзінің оң нәтижелерін беруде деуге болады.  Дін саласы бойынша жұмыстар тиісті деңгейде үйлестіріліп, жүзеге асырылып келеді. Мәселен биылғы жылға діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бойынша әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға облыстық бюджеттен 194 054,0 мың теңге қаржы қарастырылды. Ең алдымен кереғар діни ағымдардың ықпалынан халықты, оның ішінде өскелең ұрпақ– жастарымызды қорғау басты мақсатқа айналып отыр. Осы мақсатта облыс көлемінде дін саласы бойынша халық арасында, яғни елді мекендер тұрғындары, мекемелер қызметкерлері, оқу орындары жастары мен мектептер оқушылары арасында кең көлемді ақпараттық-түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді. Ол үшін облыс көлемінде 1 облыстық және 15 қа­ла, аудандық ақпараттық-түсіндіру топтары құрылған. Бүгінгі жағдайда облыстық топ құрамында 34, қалалық, аудандық топтар құрамында 224, жалпы барлық деңгейдегі ақпараттық–түсіндіру топтарында 258 адам жұмыс жүргізуде. Жыл басынан олардың тарапынан 1325 кездесу өткізіліп, 138006 адам қамтылды.

Сондай-ақ еліміздегі діни тұрақтылықты қамтамасыз етуде мешіттердің, оларды басқарушы дін мамандарының рөлі де мейлінше күшейтілу үстінде.

Шындығын айту керек, облыстағы 823 мешіттерді басқарушы имамдардың сапалық деңгейінің уақыт талабымен үндесуі оңай болмай тұр. Олардың барлығы дерлік теріс пиғылды діни ағымдар насихатына толыққанды тойтарыс бере алатын деңгейде дей алмаймыз, өйткені білімі мен біліктіліктері кемшін соғып жатады. Сондықтан мешіттерді білімді мамандармен қамтамасыз ету мәселесіне жергілікті атқарушы органдардың да тарапынан қолдау көрсету қолға алынған.

Осыған орай  ҚМДБ-ға  қолдау ретінде 2016 жылдан бастап Сарыағаш және Шымкент медресе-колледждеріне облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, мемлекеттік тапсырыс гранттарымен қамтамасыз етіліп келеді. Нәтижесінде бүгінгі күні 350-ге тарта жастар мемлекет қаржысына «Исламтану» мамандығы бойынша осы екі оқу орнында оқып жатыр. Алдағы уақытта осы білім алушылар есебінен облыс мешіттеріндегі білімді мамандар қатары толықтырылатынына сеніміміз мол. Бұл бағыттағы қолдау алдағы уақытта да өз жалғасын таба беретіні сөзсіз.

Сонымен қатар, облыста дін саласы мамандары Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-түрік университетінде зайырлылық бағыттағы «дінтанушы» және «теолог» мамандықтары бойынша (144 студент және 8 магистрант) және Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде мектептер үшін «Тарихшы-дінтанушы» мамандығы бойынша (56 студент) дайындалуда. Облысқа қажетті дін саласы мамандарын тарту мақсатында «Нұр Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің мүмкіндіктерін пайдалану жолдары жоспарлануда.

Облыста дін саласына қатысты жұмыс жүргізетін мемлекеттік құрылымдардың штаттық бірліктерін арттыру, жаңадан құрылымдар ашу мәселесі де басты назарға алынған. Осы мақсатта облыстық дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» мемлекеттік коммуналдық мекемесіне 2018 жыл басынан қосымша теолог-мамандардың 15 штаттық бірлігі беріліп, жалпы қызметкерлер саны 43-ке артты. Сонымен қатар діни ахуал неғұрлым өзекті болып саналатын Түркістан қаласы мен Мақтарал, Сайрам, Сарыағаш аудандары әкімдіктерінің ішкі саясат бөлімдері жанынан конфессияаралық және ұлтаралық мәселелермен айналысатын секторлар құрылып, әрқайсысы 3 адамнан 12 штаттық бірлікпен қамтамасыз етуге қол жеткізілді.

Жалпы халықтың дін саласы бойынша сауаттылығын арттыруда, діни экстремизм мен терроризмге, теріс пиғылды діни ағымдардың үгіт-насихатына қарсы иммунитетін қалыптастыруда ел ішінде жүргізіліп жатқан кең көлемді ақпараттық-насихаттық және түсіндіру жұмыстарының қатарында бұқаралық ақпарат құралдарының алатын орны ерекше бөлек екенін айтуға болады.

Дін саласына қатысты мәселелердің өзектілігіне, осы бағыттағы тұрақтылықты қамтамасыз етудің маңыздылығына байланысты облыс және қала, аудандар деңгейінде бұқаралық ақпарат құралдарымен дін саласы бойынша жұмыс мемлекеттік саясатты ақпараттық сүйемелдеудің арнайы медиа-жоспарларына сәйкес жүргізілуде. Ол медиа-жоспарлар Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің Дін істері комитеті тарапынан берілген үлгі-нұсқауға негізделіп жасалынған.

Облыстық, қалалық, аудандық телеарналарда дін саласына арналған арнайы 11 телебағдарламалар көрсетіліп келеді. Осы бағытта жыл басынан бері облыстағы 10 телеарналарда 176 көрсетілімдер жарыққа шықты, «Қазақстан-Шымкент» радиосында 16 және «FM 89,6 Сарыағаш» радиосында 16 хабар эфирге шығарылды. Сонымен қатар, облыстық және жергілікті медиа-жоспарларға сәйкес баспасөз беттерінде жыл басынан бері 327 материал жарық көрді. Діни экстремизм, терроризм көріністерін тарататын діни сайттарға қарсы тұру мақсатында «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ-нің www.centrе-uko.kz интернет сайтына діни ахуалды тұрақтандыру бағытында жыл басынан 180 іс-шара, 35 дін және заң, 35 дін және қоғам, 35 зайырлы мемлекет бағыттарында мақалалар, 20 кітап, 25 бейнероликтер енгізілді.

Жалпы алғанда облыста дін саласындағы тұрақ­тылықты қамтамасыз ету мәселесіне мемлекеттік органдар ғана емес, бүкіл қоғам атсалысуда және үлкен үлес қосуда.

                                                                       С.Сапарбаев, облыстық дін істері басқармасының басшысы.

 

«Қазақстан жолы» газеті, №29 (674) 04.08.2018 жыл.

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.