Iрi басқарманың берерi мол, дұрыстап басқара алсаң

Облыстық ішкі саясат, дін істері және отбасы, балалар, жастар істері жөніндегі басқармалар біріктіріліп, облыстық қоғамдық даму басқармасы болып жаңадан құрылды. Бұл өркениет көшіне ілесеміз деген, өз мемлекетіне шынайы жанашырлығын іспен көрсеткісі келетін нағыз елжанды азаматтарымыздың ғана қолынан келетін тірлік.

БАҚ беттерінен біздің республикамызда 100 мыңға жуық мемлекеттік қызметтің, ал алып АҚШ-та небәрі 12 мың ғана қызметкердің жүргенін білгенде төбе шашың тік тұрады. Жапониядан бастап, Германия,Франция, Канада, Англия, т.б. әлемдік жетіліктің қызметкерлері санын қоссаң, біздің «чиновниктерге» жетпейтіндігі бізді қызықтырмайды да. «Ішің кепкір» кеңестік кезеңдегі жоғары биліктің жинақылықты талап ету, жергілікті билік тынысын бақылауда ұстап отыру құзыреттерінен құтылып алдық та, беталдылыққа шықтық. Еліміздің жергілікті өзін-өзі басқару заңын арқаланып, жергілікті өкілетті орган – мәслихат сессиясының шешімімен кез-келген басқарманы, бөлімді, орталықтар мен т.б. ойымызға келген құрылымды ашып ала саламыз. Нағыз «әй, дейтін әже, қой, дейтін қожа жоқтың» дәл өзі. Жергілікті атқарушы органның құрылымын ретсіз көбейтіп, ел қазынасының ысырабын арттыра бермей, өз етегімізді өзіміз қымтасақ, жерлестеріміздің табан ақы, маңдай терімен құралатын бюджет қаржысын өзіміздің аса мұқтаж жерлерге жұмсасақ, кім біздің қолымызды байлап отыр? Осы өзекті мәселеге қатысты бір мәслихат депутатының «жандауысы» шығып па? Оларға мандат халық таңдаулылары ретінде туған жеріне жүйкесі тозып, «арқасы қара нардай жауыр болып» шын жанашырлықпен жұмыс істеуге емес, атақ үшін, кейбір БАҚ жазып жүргендей «бронежилет» болу үшін керек екендігін босқа айтпайтын шығар-ау, әсте.

Осы облыстық үш мекеменің біріктіріліп, бір ірі басқарма болып құрылғанын облыстың тізгінін ұстауға келген елімізге танымал тұлға, нағыз мемлекетшіл ел презенті Өмірзақ Шөкеевтің көрегенділігі екенін ешкім жоққа шығара алмаса керек. Енді облыстың идеология саласындағы барлық тірлікті «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» атқарып, оны бірізділікке түсірудің мүмкіндігіне қол жеткізілетін болды деп айта аламыз.

Жарқ етіп шығып, жалп етіп сөнген басқарма

Еліміздің облыстарында алғашқы «Дін істері басқармасы» ашылған кезде оның тізгіні мемлекеттік қызметтегі іскерлігімен есімі өңірге танымал болып қалған еңбекқор азамат Б.Жалмырзаевқа тапсырылуы оңтүс­тік үшін оңынан келген іс болды. Облыс әкімдігі аппаратында 13 жыл әлеуметтік саланың тыныс-тіршілігінің ыстық-суығын көтеріп, идеологиялық жұмыстың қазанында қайнаған елжандылығы ерен жерлесімізге жаңа басқарманың негізін қалап, еңсесін көтеріп кету де көп қиындық тудыра қойған жоқ. Қызметтегі жігіттерді жақсы тани білгендіктен, «команданы» дұрыс жасақтай білді. Сала жұмысының қыр-сырына жетік М.Бесбаев, Ғ.Аман сияқты бірнеше білікті кадрларды тәрбиелеп шығарды. Басқарманың жанынан орталық ашылып, оның кәсіби іс-тәжірибесі мол мамандармен қамтамасыз етілуіне қол жеткізді.

Енді облыс аумағында қалың жұртшылықпен тікелей байланыс күшейтіліп, ел-жұртқа берері мол жанды жұмыс жүргізіле бастады. Басқарманың кәсіби біліктілігі жоғары мамандары аптаның әр жұмасында облыстың түкпір-түкпіріндегі мешіттерден табылатын болды. Облыс аумағындағы мешіт имамдары да осы басқармамен байланысты күшейтуге мүдделілік көрсетіп, өзара бірлескен іс-қимыл жасау да көбейе түсті.

Басқарманың жұмысындағы ерекше жетістік – ауыл мешіттеріне білімді имам дайындауда арнайы медреседе мемлекет есебінен тегін оқытылып, арнаулы орта білімді мамандар даярланды. Облыста басқарманың іс-тәжірибесін республикаға тарату үшін арнайы іс-шара мен екі рет аймақтық семинар-кеңес өткізілді.

Табиғи болмысынан туралықты ту етіп, шындықтың жолында қасқайып тұратын Б.Жалмырзаевтың басшы кезінде «әкімқараны» дірілдететін «мүйізі қарағайдай» жергілікті телеарнаны «айдап шығуы» мен мекеменің ішкі жұмысына «қотыр қожайын» болғысы келген «құршірен» органдарды орнына қоя білгендігі бұл басқарманың талап деңгейінде жұмыс істеуін қамтамасыз етті. Дәл солай, Дін істері басқармасының бір кадрының келеңсіз тірлігіне төзгісіздік көрсеткен Б.Жалмырзаев жоғары жақтың «саяси ойынына» араласпай, басшылық қызметін тапсырып кетті. Осыдан кейін-ақ, бұл басқарма екі бүктеліп қалды. Басиесіздіктің кесірінен бүгінде басқарманың мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істеудегі заңбұзушылықты фактілері сотта жатқаны баршаға аян. Осыдан кейін мұндай басқарманың барынан жоғы дұрыс шығар, әсте.

Атауы дардай, қуаты қылдай басқарма

Кезінде облыстан ашылған Жастар басқармасы жаңашылдықтың лебімен жұмыс істеуге бар мүмкіндіктерін жұмсап көрді. Басқарма тізгінін ұстаған Қ.Төлебаев идеология саласы жұмысынан мол тәжірибе жинақтаған нағыз отаншыл азамат болғандықтан, жаңаша бір леп әкелудің іс-қимылын жандандыра білді. Үркітсе де, облыс басшылығындағыларға «айтқанын істеткізеді» делінетін бір «самозванецтің» ықпалы болдының рас болғаны ма, әйтеуір бұл басқарма басшысының «креслоны» өз еркімен тастап, орынды босатуына тура келді. Табиғи болмысынан жуас, кеңдігі көлдей жаңа басшының басқарма қызметкерлеріне жайлы болып келгені сонша, жыл артынан жыл елеусіз жылжып, басқарманың «бас амандығымен» уақыт өтіп жатты. Бұл басқарма жұмысының пәрменділігін арттырудың салмақты сөз болған кезінде облыс басшылығы отбасы мен балаларға қатысты мекемелерді жинақтап, «Облыстық отбасы, балалар және жастар басқармасын» құрып, оған үлкен сеніммен қарағандай болды. Амал не, басшылық лауазымға кадр тағайындауға келгенде біздегі бұзылмайтын «шымкентшелеудің» соны соқпағы өз сүрлеуінен шыға алмады.

Бұрын мемлекеттік қызметтің лауазымды басшы-кадр дәрежесіне қолы жеткенімен, өңір жұртшылығына іскерлігімен көріне алмаған қызымыз «майыптан ғайып боп» ірі басқарманың «креслосына» қонжия кетті. Жаңа басқарманың сан-салалы, күрделі жұмысы ешкімнің ойына кірген жоқ. Оның есесіне бірнеше жүздеген миллион теңге тендерге жұмсалатын бюджет қаржысы талайлардың көзін шырақтай ашып жіберді. Мұндай жерлерде «қораға бөтеннің кіріп кетпеуінің» әсері ме, бұл басқарма мемлекеттік тапсырысты ұтып алған «Ақ сүңгі» қоғамдық бірлестігін «сындырып» тастау үшін, дайындап отырған іс шараны өткізуге негізсіз рұқсат бермей, бүгінде соттасудың үстінде жүр. «Ақ сүңгі» ҚБ басқармамен келісіп, 2018 жылғы 23 қарашада өткізетін байқауын радио арқылы бүкіл облысқа таратып қойғанына қарамай, басқарма басшысы ол күні қатыса алмайтынын айтып, өткізу мерзімін 29 қарашаға жылжытады. Ордабасы аудандық мәдениет үйінде өтетіні жұртшылыққа хабарланған байқауды басқарма тағы да өткізуге рұқсат бермейді. Сондағы басқарманың айтатыны, бірінде басшысы Астанаға іссапарға баратын болса, енді бірінде облыс әкімімен бірге М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың 75 жылдық мерейтой іс-шарасына қатысуға баратын болған. «Ақ сүңгі» ҚБ байқауды келісіп қойған мәдениет сарайында 21 желтоқсанда өткізуге қайта келіскенімен, басқарма №1 Қосымша келісім-шартта көрсетілген мерзімде тапсырма орындалмады деп, оны сотқа берсе, бүгінде екі тарап дау-дамайы біраз жерге баратын сияқты. Түсінген жанға басқарма өзіне қатысты тірлікті пәрменді жүргізуге немқұрайдылық көрсеткенін бүркемелеп, «не көрінсе де тышқаққа көрінсіннің» керіндей қоғамдық бірлестікті айтыптап шыға келеді. Оның үстіне он шақты жылдан бері меморгандардың тапсырысымен жұмыс істеп, облыс жұртшылығына танылып қалған «Ақ сүңгі» ҚБ бұл жолы мына басқарманың қорасына кіріп кеткендігінен шығар, дайындап отырған іс-шарасын өткізуге рұқсат ала алмай сандалып қалады.

Бұл басқармаға облыс басшылығы үлкен сенім артқан еді. Басқарма тізгінін ұстаған Б.Нарбекова өңір жұртшылығы тәнті болған жаңашыл жарқын істерді атқардым деп айта ала ма? Отбасы мемлекеттік қолдаудың назарында екенін жеткізе алатын жұмыс істелген болса, соңғы кездегі әйелдердің «у-шуында» мамыражай жататын ел едік қой. Ал жастармен жұмыс осыдан 10-15 жыл бұрынғы деңгейден табылады деп айта аламыз ба? Бұрын балалармен жұмыстың барысы көбінде белгілі болып жатса, сол мекемелердің тірліктері «ұйқыға кеткендей». Енді біріктіруден басқа не қалады? Бар мәселе басшыға байланысты екенін ел-жұрт бізсіз де біледі.

Облыс тынысына соны серпін, тың құлшыныс енді келсе керек

Облыста жаңадан Қоғамдық даму басқармасы құрылып, оған идеология саласында жұмыс істейтін ішкі саясат басқармасы, дін істері басқармасы және отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқарманың біріктірілуінің уақыт талабымен үндесетін бірден-бір оң шешім болғанын айрықша айтуға болады.

Облыстың ішкі саясат басқармасы кезінде нағыз елжанды ерен ел перзенттері Д.Мыңбай, Ұ.Сәдібеков, А.Мамытбеков, Б.Жалмырзаевтардың басшылығымен жұмыс істеуде жаңашыл жарқын істерімен танылып, көптің аузында ілтипатпен айтылып жүрді. Жастарымыз мемлекеттік қызметтің өмір мектебінен өтіп, мол тәжірибе де жинақтады.

Енді жаңа құрылған басқарма етек-жеңді жиып, ортақ мақсат жолындағы игі істерді пәрменді жүргізуге толық мүмкіндік алып отыр. Дәл қазір қарын тоқ, көйлек көк, «гөй-гөйге» басатын заман емес. Ұлттық болмысымызда бар еріншектік пен үлкендеріміз бен көшбасшылардың жетектеуімен жүруді дағды еткендіктен жаңа қоғамның нарық қатынасына бейімделіп кетпегеніміз күнделікті өмір тынысында көрініп отыр. Тепсе темір үзетін қаншама бауырларымыз ауылдарда жұмыс жоқ деп, «жүздетіп» қойып, босқа сандалып жүргенде, мына жақта Шымкент, Түркістаны бар, т.б. қаншама жерлерде өзбек пен қырғыздың т.б. азаматтары тынымсыз жұмыс істеп, қолымыздағы барымызды әкетіп жатқан жоқ па?

Елбасының «Рухани жаңғыруы» дер кезінде көтерілген болса, оны өміршең етудің міндеттерін бір шешсе, енді осы қоғамдық даму басқармасы атқарса керек.

Облыста идеология саласының жұмыстары соңғы жылдарда әлсіреп, көзбояушылық көріністермен бүркемеленіп кеткенін ел-жұрт көрмей-білмей отырған жоқ.

Оңтүстіктің намысын ту еткен ел арыстарының бірі, көрнекті ғалым, марқұм Әмір Мұсақұловтың облыс әкімінің есебі кезінде қазағының шын жанашыры ретінде шырылдап айтқан сындарлы пікірі жылдар өтсе де, ел-жұртының аузында жүр. Әкімқара көрсе мақтау айта жөнелетін кейбір «попугай» көкелеріміздің «дежурный» сөздері мен жазбаларына қарапайым халық «елең» ете қоя ма екен, өзі? Көп – көреген, бәрін де біліп отыр.

Енді идеология саласының жұмыстары «Әр баланың қолында бір шақылдақтың» керіндей шашылып жатпайтын болды. Мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істеткізетін мемлекеттік бюджеттің қыруар қаржысы да әр бұрышта кім көрінгеннің «көзірі» болу да тоқтатылатын шығар.

Жаңа Қоғамдық даму басқармасын құруда облыс әкімі, елімізге танымал тұлғаның бірі Өмірзақ Шөкеевтің туған жеріне шын жанашырлығын көрсеткенін тереңнен түсіну керек-ақ шығар. Осы бір орны бөлек ерен істің баяндылық табуына адал қызмет істейтін басшы келсе, нұр үстіне нұр. Жаңа басқарма оңтүстіктің абыройын асқақтатуға жұмыс істейді деген үміттеміз.

Ә.Мұратбеков.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.