Ислам діні — бейбітшілік тұғыры
Исламнан өзге дінді ұстанушы кей азаматтардың да экстремисттік ой-пікірлерінің барлығын жоққа шығара алмаймыз. Алайда, олар көп жағдайда Ислам атын жамылғандардың көлеңкесінде қалып қояды.
Қазіргі таңда қоғамымызда Ислам дінінің атын жамылып, Алланың жіберген орта жолынан ауытқып жүргендер жоқ емес. Олар кез келген жаңа істі, дінге қайшылығы болмаса да бидғатқа балап, ананы харам, мынаны ширк деп, жұрттың шырқын қашырады. Осындай эктремисттік пікірлермен уланған әлгілердің арасынан террористтердің шыққаны да бар. Соның кесірінен елімізде исламофобия, яғни, Ислам діні мен оның құндылықтарына шекеден қараушылық пайда болғанын да жасыра алмаймыз.
Ал негізінде Ислам – орта жол, ал мұсылмандар сол орта жолды ұстанушылар болып табылады. Бұл орайда Алла тағала Құранда Бақара сүресінің 143-аятында: «Осылайша сендерді орташа үммет еттік» деп, исі мұсылманның «орта жолды ұстанушылық» сипатына назар аудартып отыр.