ДІНИ ЭКСТРЕМИЗМ
Діни экстремизм – қоғамға қауіпті төндіретін қылмыстық іс-әрекет болып табылады. Бұған дәлел болар фактілер мен аргументтер жеткілікті. Діни экстремизмнің қауіп төндірер обьектісі – қоғамдық қауіпсіздік. Әрине бұл қылмыс түрі діни экстремистік сана мен әрекеттен туындайды. Қылмыстың бірінші белігісі – қоғамға қауіптілігі. Қоғамға қауіптілік – қылмыстың заңмен қорғалған қоғамдық-қатынасқа нақты қауіптілікті тудыратын немесе зиянын тигізетін қылмыстың обьективті белгісі (әрекет немесе әрекетсіздігі). Осы орайда діни экстремистік әрекет делінген ұғымға құқықтық анықтама берілмесе, діни экстремизмнің шынайы мәні шықпайды.
Ақиқатында діни экстремизм құбылысы, діни экстремистік мақсат және әрекет өз-өздігінен туындамайды. Жалпы көбіне қылмыстарды қылмыстық ұйым немесе топ болып жасайды. Сол сияқты діни экстремистік ұйымдар немесе секталар діни харизматикалық жеке тұлғаның немесе діни көзқарастары ұқсас адамдардың және басқа да қылмыстық субьектілердің діни экстремистік мақсаттары бойынша құрылады.
Қазіргі ғалымдардың пікірінше діни экстремизмді анықтау, діни экстремистік ұйымдарды танудың қиындығы көбінесе діни сауаттылықтың аздығынан немесе болмауынан және дұрыс талдамауынан болады. Діни экстремизм әлеуметтік-құқықтық және этно-психологиялық құбылыс болғандықтан, әсіресе криминология ғылымының криминотеология саласы бойынша заң мамандығын, әрі теология саласын жақсы меңгерген мамандарды дайындау ауадай қажет. Сонда ғана құнды ғылыми еңбектер жазылуы мүмкін.
Діни экстремизм тек жақын уақытта ғана пайда болған жоқ. Бұл қоғамға қауіпті құбылыстың тарихи кезеңдерден өткендігі рас. Әрине бұны дәлелдеуге жан-жақты зерттеу еңбектерді қажет. Бір жағынан діни экстремизм қылмыс түрінің бірі болғандықтан, оны қылмыскерлік жүйесінен бөле алмаймыз. Яғни қылмыскерлік қоғамдық қатынастар тұрғысынан қаралып, талданады. Қылмыскерлік – қоғаммен қатар тұрған бірдеме емес, ол сол қоғамда бар, оның дәстүрлі жақтарын: саяси, экономикалық, әлеуметтік, рухани салаларын түйреп өтетін құбылыс.
Шымкент қаласы дін істері басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы бойынша «МӘҢГІЛІК ЕЛ» қоғамдық бірлестігі әзірлеген.