Ізгі бір амал бар

Бір күні Алланың Елшісі (с.ғ.с.) түйесінің үстінде келе жатқан еді. Ал сахабалары оның алдына түсіп кеткен болатын. Мұғаз ибн Жәбал (р.а.) Алла Елшісіне қарап:

– Уа, Алланың Елшісі! Мазаңызды алмасам, жаныңа жақындауыма рұқсат беріңіз, – деді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

– Жарайды, жақында! – деді.

Мұғаз оған жақындап, бірге жүріп отырды. Бір кезде Мұғаз (р.а.):

– Уа, Алланың Елшісі! Жаным жолыңда құрбан болсын! Хақ Тағаладан біздің жанымызды сенен бұрын алсын деп тілеймін. Құдай бетін аулақ етсін, бірақ сіз бізден бұрын көз жұмсаңыз, қандай құлшылықтар жасайық? – деп сауал қойды.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оның сауалына жауап бермеді. Мұғаз (р.а.) шыдай алмай:

– Алла жолында күресейік пе? – деп тағы да сауал қойды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

– Алла жолында күресу ғажап іс. Бірақ адамдарға одан да қайырлы іс бар, – деді. Мұғаз (р.а.):

– Яғни, ораза ұстап, намаз оқу ма? – деп сұрады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

– Адамдарға мұнан да ізгі бір амал бар, – деп жауап берді. Мұғаз (р.а.):

– Әке-шешем жолыңа құрбан болсын! Адамдарға мұнан артық қандай ізгі іс бар? – деп қоймай қайта сұрады. Алла Елшісі (с.ғ.с.) аузын нұсқап:

– Жақсы нәрсе айтпаса, жақ ашпау, – деп жауап берді. Мұғаз (р.а.):

– Сөйлеген сөзіміз үшін есепке тартыламыз ба? – деді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Мұғаздың тізесінен түртіп:

– Алла сені мейіріміне бөлесін Мұғаз! Адамдарды тозаққа түсіретін тіл емей немене?! Кімде-кім Аллаға және ақыретке иман келтіретін болса пайдалы сөз сөйлесін немесе үндемесін. Зияны тиетін сөз айтпасын! Сендер игі сөз сөйлеп, табысқа жетіңдер. Зиянды сөз сөйлеуден ұзақ болыңдар, сонда тыныштық табасыңдар, – деді.

Дайындаған – Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ

kazislam.kz

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.