ҚАДІРІҢ ҚАШЫП БАРАДЫ, ҚАЗАҚ ӘНІ!

«Абай мен Қасымды қанша оқысам да менің сусыным қанбайды. Қайталап оқи бергім келеді, оқи бергім келеді. Мен Құрманғазы мен Дәулеткерейдің күйлерін тыңдағанда тіпті өзімді-өзім ұмытып кетемін» деп еді кешегі Бердібек Соқпақбаев. Ал бүгінгінің Шәмшісі мен Біржандарының хал-жағдайы қалай? Олар бізге Бердібек атамыздың кешкен күйіндей сезім сыйлай алып жатыр ма?

Есіктен кіріп, төр менікі деген қатал нарықтың қағидасы солай ма, кезінде орыс ақсүйектерін тамсандырып, француздарды таңғалдырған қазақтың ән өнері сан ғасырлық қасиетінен айырылып барады. Есесіне, композитордың жан дүниесінен қайнап шықпаған, бойында нәрі жоқ, ырғақсыз, күлдібадам әндер көбейіп кетті.

Қазір екінің бірінен  “апырау, мына ән шет елден ұрланыпты” дегенді жиі еститін болдық. Әсіресе, көрші өзбек пен қырғыз, қарақалпақтың әндерін ұрлап, жай ғана қазақша аударып алып, қалтасын қалыңдатып жүргендер қаншама…  Жат елдің әуенін бүгінгі ұрпақтың бойына саналы түрде сіңіру көпшіліктің көзі үйренген кеселге айналды.  «Итің ұры десең, намыстанатын қазаққа» өзгенің қаңсығы таңсық бола бастағаны қашан! Ұрлаған әнінің мәтінін мәнді етсе, мейлі ғой! Оның да сиқы көз қуантарлық емес. «Жүрегім менің молодой, Достарым менің золотой, Бауырларым бар дорогой, Пах, шіркін, ғажап қой!», «Мен де қымыз ішіп едім литрімен, Сен де қымыз іштің ау жейтінімен, Мен де қымыз ішіп ем тостағымен, Сен де қымыз іштің-ау достарыңмен, Қымыз іштім», «Шаршама тек, шаршама, Аяқ-қолың талса да, Жұлқынып бір билейік, Шаң шығарып ортада» т.б. Не деген сорақы тіркестер! Орайы келсе, ойындағыны жаза салатындай. Бір сөзді қайталаушылық, орыс тілінің сөздерін қосу, мағынасыз сөздерді қолдану – қазақ тіліне жасалып тұрған нағыз қиянат қой! Ұрлықшылар – жас әншілер! Олардың көшбасында Серік Ибрагимов, Ернар Айдар, Әбдіжаппар Әлқожа, Төреғали Төрәлі, Рақымжан Жақайым т.б. әншілер тұрады. Тіпті қазір оларға «Жыл плагиаты» деген арнайы номинация тағайындалып, марапатталатын болған. Бірақ, ән ұрладым деп ар­лан­ған олар жоқ, бірін-бірі құттықтап, тайраңдап жүр.

Ән ұрлау – қазақ өнеріне төнген қауіп. Бұлай жалғаса берсе, қазақтың өзіне  тән стилі құрдымға кететіні анық. Неге әншілер ізденбейді? «Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең» деп данышпан  Абай айтқандай, жігітке өнер де өнер, өлең де өнер деп бар ғұмырын өнермен өрген халық, «Бір әнді сатып алдым құнан нарға» деп бағасын білген қазақ өнерінің бүгінгі буыны шет ел орындаушыларының әуендерін жарыса ұрласа, қандай даму болмақ?!

Бір ғұлама «Егер жер бетінен әдебиет пен музыканы алып тастасақ, онда тек техниканың тарсылы мен тиынның сылдыры ғана қалар еді» деп айтқан екен. Халықтың жүрегіндегі сезімді сол халықтың жанын тербейтіндей дыбысқа айналдыра алатын, Сұлтанмахмұт ағамыз айтқандай «әнін сақтайтын, әдебиетін жесір қалдырмайтын, сәнін кетірмейтін» өнерлі азаматтардың  бар екендігіне өз басым сенгім келеді.

Ұ.Өскен.

 

 

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.